Елде проблемалық несие мәселесі әлі шешілген жоқ. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, жеке тұлғаларға берілген банк несиелерінің төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарызының үлесі – 9,5 пайыз. Кейбір банктерде бұл көрсеткіш жоғары. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 14 екінші деңгейлі банктің активтер сапасын бағалау (AssetQualityReview – AQR) әлі жүріп жатыр. Реттеуші банктің ресми мәліметі бойынша, қазіргі таңда проблемалық несиесі ең көп – First Heartland Jýsan Bank. Бұл банктің дер кезінде қайтарылмаған несие көлемі 44,5 пайызды құрап отыр. Бұл аз сан емес.
Өзге банктердің проблемалық несие жағдайына тоқталар болсақ, Қазақстандағы «Пәкістан Ұлттық банкі» ЕБ АҚ – 26,2%, AsiaCredit Bank – 19,4%, Capital Bank Kazakhstan – 17,27%. Цеснабанк осы жылдың жазында First Heartland Bank-пен бірігіп, First Heartland Jýsan Bank атанған. Өткен жылдың қыркүйегінде Цеснабанк пен Проблемалық несиелер қоры 450 миллиард теңге проблемалық несиені сату-сатып алу келісімшартына отырған. Бұл сол кезде банктіңнесие қоржынының 24,9 пайызы болды. Қаржы негізінен аграршылардың несиесінен тұратын. Келісімшарт ел Үкіметінің Ұлттық банкпен бірлесіп аграрлық секторды сауықтыру, топтың тұрақтылығын арттыру мақсатында іске асқан. Осылайша, реттеуші банк тек Цеснабанкті емес, аграрларды да құтқарып қалды деуге болады. Аталған банк былтыр автонесие берудегі проблемалық қоржынды да сатқан. Бұл қоржын 24,9 миллиард теңгені құрайтын және ол 26,5 миллиард теңгеге сатылды.
Халық банкінің жағымсыз несие үлесі – 8,8 пайыз көлемінде. Жасыратыны жоқ, Халық банк те проблемалық несиеден құтылу жолын үнемі қарастырып отырады. Мәселен, өткен жылы коллекторлық комиссияға 459 миллион теңге жұмсаған. Бұрнағы жылы бұдан 34,2 пайыз аз қаражат бөлген болатын. Ақшалай шаққанда бұл – 342 миллион теңге.
Проблемалық несиелер жөнінен Халық банктің өкшесін басып келе жатқан – Сбербанк ЕБ. Бұл қаржы институтының жағымсыз несие көлемі – 6,9 пайыз. Одан ары қарай ForteBank, Kaspi bank, ЦентрКредит банкі, АТФ Банк, Еуразиялық банк болып жалғасып кете береді.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының банк алдындағы қарызын жеңілдету мақсатында Жарлығы шықты. Бұл – 500 мың отандасымыздың кепілсіз тұтынушы несиелерін не жартылай, не тұтас өтеп беру. Не тұтас, не жартылай деп отырған себебіміз – өтелетін несие 300 мың теңге көлемінен аспау керек. Банк және микроқаржылық ұйымдар қарызын өтеу үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Ал осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша өсімақы мен айыппұлдың үлкен бөлігі сол қаржы институттарының мойнына жүктелді. Осы несиенің біразы өтеу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен проблемалық болуы да мүмкін. Өсімақысы мен айыппұлы күннен-күнге артып отырғандары да кездесіп қалар. Осы жерде баса айтарымыз, мойнындағы несиесінен мемлекеттің жеңілдігі есебімен құтылғандар тағы да несиеге ұрынбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені оларға несие берілмесін деген ешқандай заң жоқ. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың да үлкен қаупі – мемлекет несиесін өтеп бергеннен кейін олардың тағы да несиеге ұрынуы. «Несие бюросындағы төлемді қайтарғаны туралы оң баға азаматтарымыздың жүгіріп барып тағы да жаңа несие алсын деген сөз емес. Егер шынында осылай болса, онда бұл – үлкен проблема. Әрине, несие тарихы жақсы болса, олардың банктен несие алуға деген құқын ешкім шектемейді. Ал мемлекеттік түрлі жәрдемақымен күн көріп отырып немесе олардың кіріс көзі күнкөріс деңгейінен төмен болса, ондайлардың тұтынушы несиесін алуына қатаң бақылау жасалуы тиіс» дейді ол.
«Мемлекеттің 500 мың қазақстандықтың несиесін өтеп беруі проблемалық несие көлемінің азаюына септігін тигізе ме?» деген сауалымызға Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмұдова «Әлі нақты статистика шыққан жоқ. Дегенмен салаға сәл де болса оң әсер береді деп ойлаймыз» деген ойын білдірді. Әйтсе де, экономист Расул Рысмамбетовтың пікірі өзгеше. Ол «Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы саяси және қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайға қарағанда құптарлық. Бұл әрекет тұрғындардың бір бөлігін қиын жағдайдан құтқарады. Дегенмен негізгі NPL, яғни қайтару мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалық несиенің басым бөлігі банкке тиесілі. Сондықтан бұл әрекет NPL-дің төмендеуіне айтарлықтай оң ықпал етеді деп айта алмаймыз» дейді.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, кепілсіз несие алғандар саны 5 миллионнан асады. Олардың қаржы институттарына қарызы 4 трлн теңгеден артық. Осы соманың банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алынғаны 3,6 трлн теңге болса, ал реттелмеген сектор болып саналатын несие ұйымдары, атап айтқанда, онлайн несиегерлер, несие серіктестері мен ломбардтарға 420 миллиард теңге тиесілі.
Проблемалық несие өзге мемлекетке де тән. Мәселен, көршілес Ресейде кемінде әрбір оныншы несие NPL. Fitch рейтингтік агенттігі ресейлік 20 ірі банкке зерттеу жасағанда осындай қорытындыға келген. Бұл қорытындыны Ресейдің Орталық банкі де жоққа шығарған жоқ. Проблемалық несиеге айналған негізінен кәсіпорындардың алған заемдары. NPL кәсіпорындарға тиесілі болғандықтан, оның анағұрлым қомақты екенін елестету қиын емес.
Проблемалық несиесі көп елдердің қатарында әлемде Украина көш бастап тұр. Украина ұлттық банкі төрағасы Яков Смолий ел банктері берген несиенің жартысына жуығы проблемалық екенін мойындады. Оның басым бөлігі банк қожайындары шетелдік қаржы институтынан алған несиеге байланысты. Халықаралық валюта қоры зерттеуі бойынша, сыбайлас жемқорлық пен басқа да кері фактордың әсерінен Украина экономикасы тұралап тұр және бұл өз кезегінде банк секторына да салқынын тигізуде.
Байқап отырғандай, проблемалық несие мәселесі бізді ғана емес, әлемнің көптеген еліндегі қаржы институттарын алаңдатып отыр. Сондықтан күрделі мәселенің күрмеуін шешуге өте байсалды қадам жасаған жөн.