Түркістанды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқыны баршаға аян. Дегенмен қазіргі Түркістан базарларының ахуалы кімді де болса қызықтыратыны сөзсіз. Сол себепті қала іргесінде орналасқан мал базардың жағдайы мен оның төңірегіндегі қараусыз жатқан жер аумақтардың адам шошырлық келеңсіз көріністері мақаламызға арқау болмақ...
БАЗАРҒА БАРДЫҚ...
Сонымен, мал базарына бардық, көрдік, бірақ жағдай мәз емес екен. Назарымды аударған негізгі мәселе – мал базар төңірегіндегі қазіргі ұсқынсыз келбеті адам шошырлықтай жағдайда екен.
«Бақсам, бақа екен» демекші, мұнда келеңсіз дүниелер жетерлік екен. Атап айтқанда, мал базарға баратын жол нашар, төңірегіне тасталған тау-тау қоқыстан аяқ алып жүре алмайтындай, тас-топырағы 4-8 метрдей тереңдікте қазылып алынғаннан кейінгі көмусіз жатқан карьердегі шұңқырлар көзге өте жайсыз көрінеді. Ал жел басталса, аспанға әуелетіп ұшқан жеңіл күл-қоқыстар мен басқа да заттардан көз аша алмай қаласыз. Дегенмен жаңадан салынған мал базардың іші талапқа сай реттелгендей екен. Атап айтқанда, ірі қара мен жылқы және ұсақ мал сататын орындар төбесі жабық бастырма болып бөлек-бөлек ретімен салыныпты. Естуімізше, қазірдің өзінде базар жұмыс жасайтын күні ара-тұра базардағы мал-жанды қызықтап кететіндердің қатарында шетелдіктер бар екен.
Осы орайда, «Нұр-Әсем» мал базарының иесі Әбсаммат Мәткәрімовті сөзге тарттық.
«Бұрын базар аптасына үш күн жұмыс істеген. Қазіргі таңда тек жексенбі күні жұмыс істейді. Осы күндері базарға келгендер малын сатып, мал алып кетіп жатады. Саудада өтпей қалған мал үшін арнайы жем-су беретін және арнайы тұрғызатын қауіпсіз жайлар жасақталған. Жақында заман талабына сай мал соятын бекет ашылды. Бүгінде келушілер үшін арнайы салынған 10 асханамыз бар. Жалпы, 40 кісіні жұмыспен қамтып отырмын. Сондай-ақ 180 адам мал сату бойынша делдалдықпен айналысады. Мұнда 12 мың ірі қара, 40 мың ұсақ мал тұратын төбесі жабылған жай салынған. Бізде ірі мал үшін алынатын төлем 600 теңге болса, әрбір ұсақ мал үшін 300 теңге ғана аламыз. Тапқан табысымыздан мемлекетке тиісті салығымызды тұрақты төлеп тұрамыз», – деді ол.
Айтуынша, ол базар төңірегіндегі аумақтарға жұрт жасырын төгіп кетіп жататын қоқысты тазалап тұрады екен. Бірақ тазалықты ұстап тұруға қанша әрекет еткенмен оның бәрін тәртіпке келтіру мүмкін болмай тұр дегенді алға тартты. Ол сондай-ақ Кентау қаласына қарасты ветеринарлық мекеме мұнда келіп тиісті қызмет атқармай отыр деп, оларға өкпелі екенін де жеткізді. Ал Түркістан қаласына қарасты базар қабатындағы бос жатқан жерді әкімшіліктен жасыл желекке айналдырамын деп сұрағанмен ол жақ әзірге келісім бермей отырған көрінеді.
Естіп-білгеніміздей, бұрынғы мал базар қала кеңейіп, базар қаланың ортасында қалып қойған соң қала сыртына көшірілген екен. Сондай-ақ мал базардың қала сыртына ығыстырылуына тағы бір себеп, мал саудасы бизнесіне қызығушылық танытқан ірі кәсіпкерлер арасындағы тартыс та түрткі болған екен.
Түркістанмен іргелес жатқан ауылдар Кентауға қосылғандықтан, бүгінде «Нұр-Әсем» мал базары да кеншілер қаласының Қарашық ауыл округіне қарайды екен. Бірақ базардың қабырғасымен шектесіп жатқан жолдың екінші қапталынан бастап үлкен аумақта жатқан кең жазықты дала Түркістан қаласының құрамындағы Бірлік ықшамауданына қарасты жер болып шықты. Айтып отырған қақ ортадағы жол шекара болып тұр.
Алайда халық көп шоғырланатын және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен тікелей қатысы бар ауқымды әлеуметтік ортаның осындай келеңсіз жағдайда болғаны алаңдатарлық нәрсе. Өйткені мұнда бір жағы кәсіп игеру арқылы қаншама адам күнкөріс жасап отыр десек, мемлекетке де салық төленіп, пайда әкеліп жатқан ірі кәсіп орталығы болып саналады.
БІЗ БІЛЕТІН БАЗАРЛАР
Сауда-саттығымен, арзан базарларымен көпті тәнті еткен Түркістан шаһары ежелден нарықты жетік меңгерген орталық болған. Тіптен атақты Ұлы Жібек жолының дәуірлеп тұрған шағында да сауданың нағыз ортасы атанған Түркістан базарлары бұл заманда да дәуірлеп тұр десек, қателеспейміз. Шыны керек, ел аузында «Түркістанның базарынан іздегеніңді табасың және оны арзан бағада аласың» деген сөзді жиі естиміз. Сондықтан болар алыс-жақын елдерден келіп жатқан тауарларды айтпағанда, өзіміздің елдің бірқатар өңірі де осы күнге дейін Түркістанмен сауда саласы бойынша байланысын үзбей келеді. Мәселен, мал саудасы кәсіпшілігі де тап осы жерде нарықты қыздырып тұр.
Айта кету керек, Түркістан облысында ірі мал базарлар жеткілікті. Бұл базарлар – еліміздегі ірі кәсіпорындар шөкелеп құлап, тұралаған тоқырау заманда да мұрты бұзылмай өз жұмысын жүргізіп, халық игілігін қамтамасыз еткен орталықтар. Айталық халық құмырсқадай құжынайтын Түркістан мал базары, Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ мал базары, Жетісайдағы мал базары сынды сауда орталықтары бар. Солардың ішіндегі ауқымдысы, жер-жерден мал әкеліп жататын немесе мал сатып алып кетіп жататын орталық – Түркістан мал базары. Тіпті, бұл базардан шетел асып келетін ірі қара мен жылқы малын да көп кездестіресіз. Жалпы, Түркістанның мал базарының қызықты жайты жетерлік. Айталық мұндағы сатылатын малдың құны долларға тікелей тәуелді болмаса да сол биржадағы көк қағаздардың бағасы сияқты құбылып тұрады. Қызығы сол, кейде малды көршілес облыс, ауданнан осында тасып жатса, келесіде сол әкелген жағына қайта әкетіп жатады. Өйткені мұнда апта сайын ұсақ малды айпағанда, сан мыңдаған ірі қара мен жылқылар көтерме саудаға түсіп, нарықты қыздырып жатады. Әрине, сауда көрігін қыздыратындар – негізінен мал делдалдары. Мұны базар нарығының заңдылығы деп жатамыз.
Жоғарыда айтып өткендей, мал базарға Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елдерінен және арысы Қостанайдан, Жезқазған, берісі Қызылордадағы Шиелі, Жаңақорған ауданынан, көршілес Жамбыл облысы сынды өңірлердің малы да саудаға тірідей әкелініп немесе әкетіп жатса, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Алматы, Нұр-Сұлтан сынды қалаларға Түркістанда сойылған мал еті жөнелтіледі.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ
Жоғарыда айтылған проблемаға жауап алу мақсатында Түркістан және Кентау қаласы әкімдігіне қарасты тиісті орындарға хабарласқан болатынбыз. Атап айтқанда, мал базардағы ветеринарлық ахуал, базарға дейінгі жолдың жағдайын реттеу, карьердегі қазылған шұңқырдың орнын толтыру және төгілген қоқыстың тазалығы туралы мәселелер төңірегінде сауал тастадық.
Айталық Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Түркістан-тазалық» ЖШС директоры Аян Тоғызбаев ұялы телефон байланысы арқылы берген жауабында, кешелі бері базар маңындағы қалаға қарасты аумақтағы төгілген қоқысты тазалап жатқанын жеткізді. Ал базарға барар жолдың мәселесі бойынша Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі былай жауап берді.
«Түркістан қаласындағы мал базарға баратын жол жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдарына жатпағандықтан, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бюджет есебінен қаржы қарастырылмаған. Сонымен қатар қала аумағында халық шоғырланған, алайда автокөлік жолымен (орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмеген) қамтылмаған көшелер жетерлік. Қаламыздағы 845 шақырым жолдың тек 30,3 пайызы ғана асфальт жабындысы қамтылған, яғни 70 пайыз жол орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Ал бұл жол 1 кәсіпкерлік нысанға апарады және аптаның тек жексенбі күні ғана қолданылады. Аталған жол құрылысын, тұтынушыларға жағдай жасау және кәсіпкерлігін дамыту мақсатында кәсіпкер есебінен жүргізуге болады. Алайда әкімдік тарапынан аталған жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен қаржы қарастыруға ұсыныс енгізілетінін хабарлаймыз. Ұсынысымыз кезекті мәслихат сессиясында қолдау тауып, тиісті қаржы бөлінген жағдайда мал базарға апарар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады» дейді.
Ал Түркістан қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы Н.Жарасов былай дейді:
«Түркістан қаласы Бірлік елді мекені маңайында орналасқан мал базар Кентау қаласының ауылдық округіне қарайды. Мал базарға баратын Түркістан қаласына қарасты Атабай тасжолы мен Бірлік тасжолдары бойына абаттандыру-көгалдандыру жұмыстары 2020 жылға енгізілгенін хабарлаймын. Мал базарға баратын жолдың Түркістан аумағындағы бөлігі №15 секторға бекітіліп берілген. Жол бойындағы күл-қоқысты жою бойынша осы сектор жауаптылары жұмыс істейтін болады».
Ал жіптің екінші ұшындағы Кентау әкімдігінің жауапты мекемелері де майдан қыл суырғандай етіп өздерінің жауабын берді.
Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылдық округтің әкімшілігі:
«Нұр-Әсем» базары Қарашық ауылдық округінің күншығыс жағында орналасқан. Бірлік ықшамауданымен көршілес жатыр. Әр жексенбі сайын мал базар жұмыс істейді. Ішінде мал сою бекеті бар. Мал базарға баратын жолдың бойында тас алатын карьер және тас өңдейтін кіші зауыт орналасқан. Мал базардың арғы жағында KCI акционерлік қоғамының Түркістан құрылысы бұйымдарымен конструкциялар комбинаты филиалы орналасқан. Ал сол төңіректегі қазылған шұңқырлардың орнын келесі жылдан бастап, тас-құм төгіп, болашақта жасыл желекке айналдыру жоспарлануда» деп жауап берді.
Кентау қалалық ветеринария бөлімі мал базар иесінің айтқанын теріске шығарды. «Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылдық округінде орналасқан «Нұр-Әсем» мал базарына әр аптаның жексенбі күні Кентау қалалық ветеринария бөлімі тарапынан арнайы мемлекеттік ветеринариялық дәрігер бекітіліп (ауылшаруашылық жануарларына клиникалық тексеру жүргізу, дезинфекциялық ерітіндімен жарақталуы, арнайы ауылшаруашылық жануарларын тіркеу журналы, т.б), бақылау, қадағалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар облыстық прокуратураның «мал ұрлығына тосқауыл» атты жобасына және Кентау қаласының өкіміне сәйкес, түнгі сағат 12.00 шамасында ішкі істер органы қызметкерлерімен бірлескен рейд жүргізілуде. Биыл осындай рейд барысында ілеспе құжатсыз (форма-1) мал тасымалдау бойынша ӘҚБтК-нің 406-бабы 2-тармағына сәйкес 9 адамға хаттама толтырылып, 227 250 теңге айыппұл өндірілді. Сонымен қатар қазіргі таңда заңсыз мал тасымалдау бойынша Кентау қаласы және оған қарасты ауылдық округ тұрғындарына түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде» деп жауап қатты Кентау қалалық ветеринария бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ж.Медетов.
Осы орайда, Кентау мен Түркістан шекарасын қақ жарып тұрған, яғни базарға тура апарып, базардың қабатынан іргелетіп кесіп өтіп жатқан тасжолдың иесі Kazakh Conetruction Industry АҚ басқармасының төрағасы Бөгенбай Абылайұлынан аталған жолдың не себепті жөнделмей жатқанын сұраған болатынбыз. Кәсіпорын басшысы Түркістан қаласы маңынан өтетін 30 шақырымдық айналма халықаралық шығыс автожолының, яғни автобанның құрылысын салу бойынша бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттаманың жүргізіліп жатқаны туралы тиісті әкімшілік орындардан хабарлама алғандықтан және ол жолдың өзі иелігіндегі кәсіпорынға тиесілі жерлердің маңайынан өтетін болғандықтан жол жөндеу жоспарын тоқтатып отырғанын жеткізді. Ол сондай-ақ бізге жол салу мәселесі бойынша өзіне жолданған хабарламалар мен құжаттардың көшірмесін де бірге ұсынды.
Сөз соңында айтарымыз, ертеңгі күні қайта түлеген Түркістанға миллиондаған турист келеді деп жоспарланып отыр. Олар қаланың тек жаңарған жағы мен өңірдегі тарихи нысандарын аралап, тамашалаудан бөлек, халықтың тыныс-тіршілігі мен тұрмыстық әл-ауқатымен танысу мақсатында базарымызды аралауға асығатыны сөзсіз. Түркістан туризмі базарларға да тікелей байланысты. Осыны қала әкімдігі ескеруі керек...
Түркістан облысы