Психикалық аурудан айығуға бола ма?
Психикалық аурудан айығуға бола ма?
927
оқылды

Күзаурудың қозып, жүйке жүйесі сыр беріп, эмоцианалды күйзеліске түсетін кез. Соңғысын, күйзеліс жайын көп қозға­ғаны­мызбен, жүйке жүйесі  аурулары мен оны емдеу жолдары туралы жиі айтпаймыз. Жалпы, пси­хикалық ауруды емдеуге бола ма?   Оның қанша түрі бар? Балалар мен жасөспірімдердің неден сақ­танғаны жөн?

Елімізде психикалық денсаулық «қазаны» жабулы күйде тұрады. Арасында араластырып тұрғанмен, дәмін көруге жүрексінетіндер көп. Әрі ауруханалармен байланысу жағы да бөлек әңгіме. Психика­лық емдеу орталығы дәрігерлерінен жөн сұрау үшін жергілікті басқару мекемелерінен рұқсат алу керегі тағы бар. Әрине, мұндай жүйені шетелдіктер де құп көреді. Бірақ  «мына ауруханамен қо­сыңызшы», «осы дәрігерге сұрағым бар еді» дегенге қабылдау бөлімі біздегідей мұрын шү­йірмейтіні анық. Қош, елордадағы қалалық психикалық денсаулық орталығы дәрігерлерімен сұхбаттасудың сәті түсті. Жалпы, пси­хикалық денсаулық орталығында 2 бөлімше бар. Өйткені 2017 жылдан бастап елімізде нар­кологиялық және психиатриялық дис­пансерлерді біріктірді. Сарапшылардың ай­туынша, бұл бюджетке де, кешенді емдеуге де тиімді. Сонымен, елордадағы аталған ор­та­лық бөлімшесінің бірінде ішімдік пен есірт­кіге тәуелділіктен емделеді. Екін­шісінде пси­хикалық аурулардың себебін анықтап, емдеудің жолын іздейді.

Күйзеліс түбі психикалық ауруға апарады

Қалалық психикалық денсаулық орта­лығының директоры Ольга Комарова сұх­бат­тарының бірінде осындай қиын сәтте пси­хикалық денсаулықты сақтау және оған күтіммен қарау кезек күттірмейтін мә­селе екенін айтқан-ды. Мысалы, 2019 жылы орталықта ересектер арасындағы ауыр психикалық және мінез-құлық бұзылу ту­ралы 306 жағдай тіркелген. Ал 2020 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 192-ні көрсетіп тұр. Пандемия кезінде неліктен статистика тө­мендеген дерсіз. Өйткені қалалық ем­хана­лардан орталықтың бөлімшелерін ашу жағдайды біраз жеңілдеткен екен. Әрі ем­делушілер поликлиникаларға қысылмай ба­рып, қажетті ем-домын алады. Орталықтың пси­хотерапевті Алмагүл Таукенқызының ай­туынша, бұрын психикалық орталыққа ба­ру­дан ұялатындар жергілікті емханаларға емін-еркін барып жүр.  Ал  психикалық ау­руды асқындырып алмас үшін ертерек қи­мылдап, психологтың қабылдауына бару ке­рек. Ауру сатысын неғұрлым ертерек анық­таса, соғұрлым нәтиже береді.
«Психикалық аурулар сатылай бөлі­нісіне қарай емделеді. Біріншіден, жас ерек­шелігіне мән беру керек. Мысалы, бала­лардың тілі шықпауы, мінез-құлқының өз­геруі, тұйықталуы, шошынып қалуы және тағы басқаларына психологиялық тұрғыда қараймыз. Өсе келе, жасөспірім шағында ортасына бейімделе алмай, қоғамда жеке тұл­ға ретінде қалыптаса алмауы мүмкін. Со­ның ішінде отбасылық мәселе, күйзеліске түсу, депрессия мен неврозға ұшырау сияқ­ты әртүрлі диагноз бар. Айта кетерлігі, жас­өспірімдер күйзеліске түскенде уа­қы­тында ем қабылдап, психологтің кең­есіне жүгінбесе, ауру сатылап асқынып, психикалық ауруға айналады» дейді орта­лықтың клиникалық психологі Розамгүл Ақжол.  
Иә, психикалық аурулар екі топқа жікте­летіні мәлім. Тұқым қуалайтын түр­леріне оли­гофрения, шизофрения, эпилепсия, ма­ни­кальді-депрессивті психоз және тағы бас­қалары жатады. Ал жүре пайда болатын пси­хикалық аурулардың себепшісі – адам мен орта. Одан күйзеліс пен стресс пайда болады. Егер уақытында дәрігерге қаралмаса, мұның соңы психогенияға әкелуі мүмкін. Яғни, психологиялық жарақат салдарынан  қоғамнан оқшаулануыңыз мүмкін.
«Жақында ғана қабылдауыма бір әйел келді. Ол жақынының коронавирустан қайтыс болғанын көрген. Содан мен де инфекция жұқтырып, өліп қалуым мүмкін деп ойлаған. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған. Ой жегідей жеп, тіршілік тоқтап қалғандай күй кешкен. Науқастың үрейін, қорқынышын жеңуге болады. Біз оны ертеңнен бастап емдеу бөліміне жатқызамыз. Түнде ұйықтататын дәрі береміз. Тыныштандырамыз. Осылай­ша, емдеу түрі жалғасады. Күндіз арнайы препараттар қабылдайды. Дәрігердің тала­бын орындаса, қалыпқа келеді», – дейді пси­отерапевт Алмагүл Таукенқызы.
Психотерапевтің айтуынша, пси­хология­лық аурудың неврозды түрінде анти­депресанттар тағайындап, түрлі емдеу ша­расы қолданылады. Жалпы емдеу түріне бай­ланысты 1,5-2 жылға созылуы мүмкін. Ауруды ерте сатысынан  емдеп, кейін қайталанбауын қадағалау керек. Ал аурудың асқынған түрін ауруханада 2 ай көлемінде емдейді. Науқасты есепке салып, мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмек береді. Егер ол 1 жылдың ішінде қалыпқа келсе, есептен шығарып тастайды. Әрине, бұдан бұрын науқас оңалту бөлімінде ем-шара қабылдауы тиіс. Оған қоса психотерапевт халықтың пси­хикалық ауруханада науқастарды ешқандай байлап ұстау, қинау болмайтынын түсінгенін қалайды. Науқастар мұнда өз еркімен және туған-туыстарының арыз жазуымен түседі.

Мойындау да ерлік

Психиатрлар бала бойынан қандай да бір ауытқуды байқаса, бірден дәрігер кеңесіне жүгінуді ұсынады. Бұл – қандай да бір аурудың алдын алудың алғышарты. Өйткені Розамгүл Ақжол айтқан  баланың тілінің шықпауы, мінез-құлқының өзгеруі ата-анаға қағылған дабыл  болуы мүмкін. Ал дабылды ести тұра мән бермей немесе саналы түрде қалыпқа келеді деп ойлау – балаға қауіпті.  Себебі психикалық ауытқулар мен ауру түрлерін ерте сатысынан анықтау – ем-шара қолданудың негізі. Одан кейінгі сатыларын емдеу толық тексеруден өткеннен кейін ғана белгілі бола­ды.

Психотерапевтің айтуынша, пси­хология­лық аурудың неврозды түрінде анти­депресанттар тағайындап, түрлі емдеу ша­расы қолданылады. Жалпы емдеу түріне бай­ланысты 1,5-2 жылға созылуы мүмкін. Ауруды ерте сатысынан емдеп, кейін қайталанбауын қадағалау керек. Ал аурудың асқынған түрін ауруханада 2 ай көлемінде емдейді.

Жоғарыда қалалық психикалық денсау­лық орталығында наркология бөлімі ба­рын жаздық. Дәрігер-нарколог Тоқтар Төлеу­ханұлының айтуынша,  есірткі мен ішімдікке тәуелділік психикамен тікелей байланысты. Мәселен, күніне наркология бөліміне 16-17 адам түседі екен. Жылына 2 500 мыңдай адам емделіп шығады. Ал емделу жағына келсек, ауруханада жатпай-ақ, амбулаториялық ем қабылдауға жағдай жасалған. Әрине, мұндай ем қабылдау сіздің психологиялық иммунитетіңізге тікелей бай­ланысты.
«Наркология бөлімінде емдеу курсы екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі, амбулаторлық ем қабылдау. Яғни, күндізгі стационарда емделе аласыз. Екіншісі, стационарлық ем деп аталады. Айта кетерлігі, мұндай емделу тәсіліне адамдар өз еркімен немесе сот шешімімен келеді. Жалпы, стационарлық ем 45 күнге созылады. Бұл бөлімде көбінесе ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдар емделеді. Бойларында психоздың белгілері болуы мүмкін. Сондықтан ем-шараны жағдайға байланысты белгілейміз. Мысалы, 3-4 күн интенсивті терапия бөлімінде жатса, одан кейін 3 апта көлемінде медикаментозды кор­рекциялық бөлімге болады. Ары қарай са­мантикалық бұзылыстар жойылған соң, психиотерапия бөліміне ауысады. Пси­хо­терапевтер науқасты қабылдап, емдеу курсын жүргізеді. Одан кейін  күш оңалту орталығына түседі», – дейді дәрігер-нарколог Тоқтар Төлеу­ханұлы. 

Жүйке жүйесін сақтаудың шарты қандай?

Шетелдік психиатрлар жүйке жүйесін сақтап, психикалық ауруға шалдықпаудың жолы әлеуметтік желіні қолдануды шек­теу деп отыр. Мәселен, қазір танымал адам­дардың дені Instagram-ға тіркелген десек те, арасында желіге мүлдем кірмейтіндер бар. Мысалы, Скарлетт Йохонсон мен Анджелина Джоли аталған әлеуметтік желіге тіркелгеннен гөрі уақытты пайдалы өткізгенді жөн көретінін айтқан. Әсіресе, Скарлетт Йохонсон сурет астына жазылған түрлі пікірге бола жүйкесін ауыртқысы келмейтінін атап өткен. Өйткені әлемде желіде жазылған жаман пікірлерге бола өзіне-өзі қол жұмсағандар бар. Екіншіден, дәрігерлер күнделікті режимді сақтауды ұсынады. Түні бойы ұйықтамау, таңға жуық көз ілу жүйке жүйесіне салмақ түсірудің алғышарты екен.  Миға психоэмоционалды жүктеме түсіру де зиян. Оған қоса жұмыс пен демалыстың ара-жігін ажыратпай, күні-түні жұмыс істеу де психикаға әсер етеді. Қызығы, ұзақ уақыт бойы жұмыссыз жүрген адамның да психикалық ауруға шалдығуы мүмкін. Өйткені миға салмақ түсіріп, өзін жегідей жеп, күнде «неге бұлай?» деп сұрақ қойған сайын «құрт» жүйке жүйесін жей бермек.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ