Екі миллион теңгені ұтып алған оқушы Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды екен.
Оның есімі – Дана Құрманбек. Ол құрғақ сарысу өндіретін бизнес-жобасын ұсынған. Оның бизнес-бастамасына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қолдау танытқан.
«Біздің елге құрғақ сүт сарысуы Ресей мен Беларусьтен импортталады. Ал оны өзіміз өндіре бастасақ қосымша шығыннан арылар едік. Құрғақ сарысу 150-ден астам өнім түрін шығаруға қолданылады. Бұл – косметикалық және фармацевтикалық құралдар, шұжық және кондитерлік өнімдер, балмұздақтың түрлері», – дейді Дана.
Ол бағдарламаның ең жас қатысушысы. Оның жасы небәрі он сегізде. Оқушы бизнес-жоспарын жетекшісі, экономика пәнінің мұғалім-модераторы Әлия Жусанбаеваның басшылығымен мұқият құрып берген.
«Сүт өнімінің қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құрғақ сарысу өндіру жобасын Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жүзеге асырғалы отырмыз. Еңбегіміз болашақта өңірдің және елдің экономикасына пайда әкеледі деген үміттеміз», – дейді Әлия Махтабекқызы.