Измирдегі зілзала: Түркия шетелдік көмектен бас тартты
Измирдегі зілзала: Түркия шетелдік көмектен бас тартты
251
оқылды

Өткен аптаның соңында Түркияның Измир қаласы маңында қуатты жер сілкінісі болды. Табиғи апат айтып келмегенімен, кейде мұндай жағдайда елдің елдігі сына­лып, адамзаттың бір-біріне деген тілеулестігінің деңгейі көрініп қалатыны бар.

Қаза тапқандар саны 90-нан асты

30 қазан күні Эгей теңізінде, Түр­кия жағалауына жақын аймақта 6,6 бал­­­дық зілзала тіркелді. Жер сілкі­нісінің эпицентрі Измир про­вин­циясының Сеферихисар қа­ласының тұсына сәйкес келіпті. Түркияның ресми органдары та­ратқан дерек­­­­­терге қара­ғанда, зілза­ланың артынан қуаты 4 балдан аса­тын 43 афтершок тір­келген. Сөйтіп, бірнеше күн ішін­­­де аталған аймақта тіркелген қуаты түрлі дең­гейдегі афтершок саны 1 148-ге жет­ті. Апат­тың салдарынан 2 қараша күнгі де­­ректерге қарағанда, 92 адам қаза тауып, 994 адам жара­ланған. Ал қираған және бүлінген ғимараттар саны әлі толық анықтала қойған жоқ. Дегенмен Түркияның қоршаған орта және қала ісі ми­­нистрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, 58 ғимарат қирап, 397 құрылыс зақым­даныпты, бірақ бұл дерек өзгеруі де мүмкін. Қазір құтқару­­шылар зілзала салдарын жойып, үйін­­­ді астында қалған адам­дарды іздестіріп жатыр. Аймақтан жеткен қаралы хабар­­лар саны мол болғанымен, үмітке толы жаңалықтар да естіліп қалуда. Мәселен, Измирде қираған ғима­ратта қалып қойған бір азамат 68 сағаттан кейін құтқарылды. Одан бұрын 3 жастағы бүлдіршін қызды құт­­қарушылар үйінді астынан 65 сағаттан кейін шығарып алған бо­латын. Осылайша, Измир зілза­­ла­­­сында адам таңғаларлық оқиғалар да тіркеліп жатыр. Бұл деректер адам баласының өте төзімді һәм ешқашан үміт үзбейтін жаратылыс екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне, құтқа­рушылар да еш­қашан үміт үзбейтін мамандар. Соның арқасында талай ғажайып оқиға тіркелген. Мәселен, 2011 жылы Түр­­кияның Ван про­вин­циясында болған жер сілкіні­сі­нен кейін 100 сағат өт­кенде құтқа­ру­­шылар қиранды асты­нан бір жас­­өс­пірімді құтқарған бо­латын. Ал 2015 жылы Непалда болған жер сілкі­нісінен кейін израиль құт­қару­­­шы­­­­лары бір әйелді 125 сағаттан кейін үйінді астынан шыға­рып алған еді. 125 сағат дегеніңіз 5 күн екенін ес­­керсек, сөз басында айтқаны­мыз­дай, апаттан құтқару­шылардың шы­ны­­мен де еш­қашан үміт үзбей­тініне көзіміз жетеді. Әрі олардың адам­дарды ғана емес, жа­нуарларды да құтқаруға атса­­лысатыны бар. 2016 жылы Ита­лия­­ның Аматриче қа­­­­­ласында болған жер сілкінісінен кейін құт­қарушылар Рокко деген мысықты 16 күннен соң үйінді асты­­­нан алып шыққан. Сон­­дықтан Из­­мир зілза­ласынан кейін әлі де тірі қалған адам­дар қи­ранды асты­нан шыға­рылып жатса, таңғалудың қа­­жеті жоқ.

Кім көмек бермек?

Құтқарушылар демекші, әдетте зілзала, топан су, өрт тәрізді табиғи апаттар кезінде әлем елдерінің бір-біріне гуманитарлық және мате­­риалдық-техникалық көмек көр­­сетуге ұмтылатыны бар. Мұндайда саяси ұстанымдар екінші сатыға сыр­­­ғитын кездер болады. Апат сал­дарын жоюға әдетте дамыған және ірі елдер ұмтылады. Мұндай қадам­дар көбіне адамгершілік үлгісі ре­тінде си­пат­талғанымен, кейде оның өзі де «жұмсақ күш» рөлін атқарып кететіні бар. Мәселен, Ресей құтқа­рушылары дүниенің кез келген жерін­дегі зілзала, өрт зардабын жою­ға асығып тұраты­нын көреміз. Өйт­кені олардың тәуір техникасы бар екенін де мойындау керек. Де­генмен құтқа­рушы жіберу туралы шешімді билік басындағылар қабыл­дайды және шетелдік құтқару­­­шыларды апат болған елдің билігі шақырады. Сонымен қатар табиғи апаттан соң дипломатиялық каналдар ар­­­­қылы көңіл айту дәстүрі бар. Из­­­мирде де солай болды. Зілзаладан кейін Түр­­кияға көптеген мемле­­­­­кеттер қол­­дау көрсетіп, қажет болса гума­ни­­­тарлық көмек жасауға әзір екенін білдірді. Масс-медиа таратқан деректерге қарағанда, алдымен Әзербайжан жәрдемдесуге даяр екенін білдірген. Кейін Грекия мен Франция, одан соң Катар, НАТО мен Еуропа одағы Түр­­кияға қолдау білдірген. Әрине, мұндай сипаттағы жеделхаттар мен мәлім­демелер табиғи апаттар кезінде жиі айтылады. Дегенмен Измир зілзаласы саясатта бітіспестей болып отырған елдердің де гума­нитарлық мәселеде көңіл жықпайтын қадамға бара ала­­тынын көрсетті. Оған Грекия мен Фран­­­­ция дәлел. Грекия мен Түр­кия соңғы кездері бір-бірін жиі айып­­­тап, күрең қабақ болып жүрсе, Ердоған мен Макрон тіпті қатты кетіскен еді. Алай­да табиғи апаттан соң қырын қарап жүрген саясат­­керлер әдептен аспады. Бірақ бұл Грекия мен Түркия­ның, Франция мен Түркияның ара­­­сындағы саяси ерегіс аяқталғанын білдірмейді. Ол әрі қарай да жалғаса беруі мүмкін. Ал түріктерге көңіл айтқан өзге мемлекеттерге келсек, Қазақстан бауырлас елге көңіл айту жеделхатын 31 қазанда жолдады. Режеп Тайып Ердоғанға Елбасы Нұрсұлтан На­­зарбаев та, Президент Қасым-Жо­март Тоқаев та көңіл айтты. Ал Түр­­кия президенті көңіл айту жедел­­хатын жолдап, көмек білдіруге әзір екенін айтқан елдердің тізімін Тwitter па­рақшасында жариялаған еді. Алғашқы тізімде Қазақстан болмады, екінші жарияланған Тwitter-де Қа­­­зақстанның аты енгізіл­­­генін көр­дік. Түрік пре­зидентінің жазған­дарынан ұққанымыз тәуелсіз түркі мемле­кеттері апаттан кейін алды бірер са­ғатта, соңғылары бір тәуліктен кейін хабарласқан. Ал Түрікменстан тіпті көңіл айту жедел­хатын алғашқы күндері жолдамаған.

Қазақстан тарихта шетелге бір-ақ рет құтқару жасағын жіберген

Бір атап өтер жайт, әлеуметтік желілердің қазақстандық сегмен­тінде отандық құтқарушылар Түр­кияға неге жәрдемдеспейді дегенге саяса­тын мәселені көтерушілер қарасы мол болды. Алайда төтенше жағдай кезінде шетелдерге құтқа­­­рушылар жіберудің өзіндік тәртібі бар. Елі­міздің Төтенше жағдайлар министр­лігінің ресми өкілі Талғат Уәли құт­қарушыларды жіберу туралы ше­шім зардап шегуші ел көмек сұраған жағ­­дайда ғана қабыл­да­натынын айтты.
«Әдетте, зардап шеккен елдер ТЖМ-нен көмек сұрайтын жағдай болады. Ондай кездерде төтенше жағдайдың және оны жою үшін елдің қажеттілігі туралы ақпарат бе­­­­ріледі. Сұраныс негізінде біз осы елге көмек көр­сету туралы шешім қабыл­дай­мыз», – дейді ресми өкіл. Соны­мен қатар Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің өкілі көмек көрсету туралы келіп түскен бірде-бір сұрау салу на­зардан тыс қалмайтынын айтады. Мұн­дай өтінішті халықа­ралық гума­нитарлық көмек мәсе­­лелері жөніндегі үкіметтік комиссия қысқа мерзімде қарайды және зардап шеккен елге көмек көрсетеді. «Осы уақытқа дейін Қазақстан бір рет қана құтқарушылар жасағын жіберіп көмек көрсеткен. Бұл 1999 жылы болды. Құрамында 20 маман бар жасақ жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға ұшақпен жіберілді. Сол кезде біздің жасақ зардап шеккендерге медициналық көмек ұйымдастырды. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу бары­сында бір бала тірі табылған. Ал қираған ғимараттың үйінділерінен қаза болған 57 адамның денесі шыға­­рылған. Сонымен қатар шатырлар мен медициналық құралдар түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Қа­зақ­­­­стандық жасақ Түркияда екі апта жұмыс істеді», – деді Талғат Уәли. «Со­­­нымен бірге Төтенше жағдайлар ми­­нистрлігінің мамандары Қа­зақ­стан көп жағдайда азық-түлік, дәрі-дәр­­мек, киім-кешек, шатырлар, жа­­нар-жағармай, құрылыс мате­­­­­риал­­­дары түрінде, сондай-ақ ақ­шалай гумани­­тарлық көмек көрсетіп келе жатқа­­­нын алға тарт­ты. Соңғы 16 жыл ішін­­де ішінде, яғни 2005 жыл­­­дан 2020 жыл­дың қыркүйегіне дейін Қазақ­стан 30-дан астам елге 110 млн АҚШ дол­ларына жуық сомаға гу­ма­­ни­тарлық көмек көрсет­кен», – деді ол.
Қысқасы, Түркия шетелдік құт­қарушылардың көмегіне мұқ­­таж емес сияқты. Оған аймақта шетел­­дік құт­қарушылардың тір­келмегені дә­лел. Ал көмек сұра­­маған жағдай­да Тө­­тенше жағдай­лар министрлігі өз бетінше құт­қарушы жібере ал­майды.

Амангелді ҚҰРМЕТ