Astana Open-нің алғашқы чемпиондары анықталды
Astana Open-нің алғашқы чемпиондары анықталды
243
оқылды

Елордада өткен Қазақстан спорт тарихындағы алғашқы ATP 250 Astana Open турнирі мәресіне жетті. Кәсіпқой теннисшілер қауым­дастығының әлемдегі ең беделді тур­нирлерінің бірі біздің елде де жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына куә болдық. Әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне енген 28 теннисшінің басын қосқан дүбірлі дода бір аптаның ішінде үздіктерді анықтады.

Өз жерімізде жалауы желбіреген байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері – Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко және Тимофей Скатов өнер көрсетті. Бірақ біздің тен­нисшілер бұл сайыста үздік нәтиже көр­сете алмады. Үш теннисшіміз бірінші ай­на­лымда қарсыластарына есе жіберсе, тур­­нир фавориттерінің бірі саналған Ми­хаил Кукушкин жарыстың ширек фи­на­лын­да финляндиялық қарсыласы Эмил Руусувуориден жеңілді. Жалпы, Қазақстан теннис федерациясы жыл сайын елімізде 50-ге жуық халықаралық турнир өткізеді. Олардың қатарында Пре­зидент кубогы мен Дэвис кубогы да бар. Ал ATP 250 Astana Open турнирі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл әлемдік турдың құрамына жылына 40 кәсіби ерлер туры кіреді. Алайда осы маусымда пандемияға байланысты оның тек 17-сі өтті. Нұр-Сұлтандағы турнир іс жүзінде маусымдағы соңғы жарыс және  теннисшілерге АТР рейтингісінде осы жылдың соңғы 250 ұпайын алу мүмкіндігін сыйлады. Турнирдің жүлде қоры 275 000 долларды құрады. Әлемдік жарыстың ақтық сынында екі тәжірибелі теннисші франциялық Адриан Маннарино мен аустралиялық Джон Миллман кездесті. Бұған дейін қос теннисшінің жолдары екі рет түйіскен болатын. Өткен жылы Токио додасында Д.Миллман алғашқы айналымда А.Маннариноны жеңіп, финалға дейін жетіп, онда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичке есе жіберген. Биыл өткен АҚШ-тағы Цинциннати жарысында да аустралиялық теннисшінің қарсыласынан басым түсті. Үшінші кездесуде Миллман сөзсіз үздік болды. Astana Open Ол финалдық кездесуді сенімді бастады. Допты ойынға қосуда бірінші геймді өз пай­дасына жаратты. Қарсыласын бір бұрыштан екінші бұрышқа жүгіртіп, алаңда еркін ой­натпады. Маннарино бірінші сетте доптары алаң шебіне дәл тигенімен, өзі машықтанған ұзақ доп алмасуда жолы болмай-ақ қойды. Қарсыластар жиі бекхендпен доп алмасты және бұл кезде де Джонның ойыны жүрмеді. Аустралиялық корттың бар аумағын бақылауда ұстады, қарсыласына бір сәтке де босаңсуына мүмкіндік бермеді. Екінші сеттің басында да Маннарино жиі қателесті. Кездесу соңына дейін сол күйі Адриан өзінің бой үйреткен техникалық ойын әдісіне орала алмады. Ақтық сында шашасына шаң жұқпаған Миллман екі сет бойынша 7:5, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Финалдық бәсеке 1 сағат 48 минутқа созылды. Осылайша, АТР рейтингісінде 45-орында тұрған Джон Миллман Нұр-Сұлтандағы тур­нирдің алғашқы жеңімпазы атанды. Турнир барысында А.Маннарино финалға дейін сәтті ойнап, қарсыласына бірде-бір сет бермегенін, ал аустралиялық теннисші америкалық теннисшілер Томми Пол мен Фрэнсис Тиафодан үшінші, шешуші партияда жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алғанын айта кеткен жөн. Жұптық бәсекедегі финалда турнирдің бірінші және екінші ракеткалары, бельгия­лықтар Сандер Жилле мен Йоран Флиген және аустралиялықтар Макс Пёрселл мен Люк Сэвилл шеберлік байқасты. Мұнда бельгиялық жұп шын мәнінде де мықты екенін дәлелдеп, 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, елордадағы турнирде бас жүл­дені қанжығаларына байлады. Турнирдің директоры Атилла Рихтер ма­рапаттау рәсімінде Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығын кезекті белесімен құттықтап, Нұр-Сұлтан қаласындағы турнирдің жоғары деңгейде өткенін баса айтты.
– Қазақстан теннис федерациясына, ең алдымен федерация президенті Болат Өтемұратовқа қазіргі жағдайға қарамастан Қазақстан үшін алғашқы тарихи турнирді өткізуге мүмкіндік жасағаны үшін үл­кен алғысымды білдіремін. Сіздің басшы­лығыңызбен, соңғы онжылдықта, қазақ­стандық теннистің дамуында үлкен серпіліс болды. Президент мырза, тенниске деген адалдығыңыз бен қолдауыңыз үшін көп рақмет. Алты апта бойы ұйымдастыру шараларына қатысқан ұжымға және барлық атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз. Жарысқа қатысқан ойыншыларға да мың алғыс. Бұл жаңа турнир болды, алдын ала болжам жасап, қалай өтетінін дөп басу айту мүмкін емес еді. Бірақ бәрі сәтімен болды. Енді барлықтарыңызды келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында тағы көремін деп үміттенемін.  Амандықта жүздескенше!  – деді турнир басшысы.
Бұдан бөлек, жарысқа қатысушылар да турнирдің жоғары деңгейде өткенін ай­тып, ризашылықтарын білдірді. Теннис бәсекесін өткізу кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жоғары шаралары ескеріліп, қатаң хаттама аясында ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Сөй­тіп, көпшілік асыға күткен айтулы доданы абыроймен атқарған Қазақстан теннис фе­дерациясы келесі жылы да әлемдік теннис турнирін өткізуге мүмкіндік алды. Біз үшін турнирдің басты жеңісі – осы.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ