Тағы бір облыста шектеулер күшейтіліп, бір қала карантинге жабылады
Тағы бір облыста шектеулер күшейтіліп, бір қала карантинге жабылады
165
оқылды
COVID-19-дың таралуын тежеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды Вице-премьер алдымен Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында болып, өңірдің коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындығы бойынша жұмыстарын тексерді. Сондай-ақ елдің оңтүстік және батыс өңірлерінен келген жас медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жұмыс сапары барысында вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша облыс басшылығымен кеңес өткізді, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады. Премьер-Министрдің орынбасары өңірде тіркелген СOVID-19 фактілері санының артып отырғанын атап өтті. Облыстың кейбір аудандарында коронавирустық инфекциямен ауыру өткен аймен салыстырғанда 4,7 есе өскен. Вице-премьер жергілікті билік органдарының аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға күш жұмылдыру қажеттігін атап өтті. COVID-19-ды шетелден жұқтырып келу жағдайларының жалғасып жатқанын ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия ағымдағы жылғы 9 қарашадан бастап халықаралық екі жақты және транзиттік жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілер (шетелдік және Қазақстан Республикасы азаматтары) үшін теріс нәтижесі бар ПТР тестілеу туралы анықтаманы (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын) міндетті түрде ұсыну жөніндегі талапты енгізу туралы шешім қабылдады. Қазақстан азаматтарының мұндай анықтамасы болмаған жағдайда, жүк тасымалдаушылар ПТР-тест нәтижелері дайын болғанға дейін 2 тәулікке карантинге орналастырылатын болады. Сонымен қатар, Ведомствоаралық комиссия облыс әкімдігіне ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды, атап айтқанда:

Петропавл қаласында қаланың периметрі бойынша блокпосттар орната отырып карантин енгізуді;

күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блокпосттар орнатуды;

Петропавл-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды;

облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарының аялдауына тыйым салуды; Петропавл қаласынан шығатын әуе жолаушылары үшін теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасының (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын) болуын міндеттеуді;

діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды; Жұмыс күндері:

үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орынды объектілер үшін есептік орындардың 50%-ынан аспайтын жағдайда сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін шектеуді; сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден астам азық-түліктік емес дүкендер жұмысын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектеуді; Демалыс күндері қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тапсырыс берушіге жеткізу нысанына ауыстыру арқылы сағат 08.00-ден 21.00 сағатқа дейін шектеуді; демалыс және мереке күндері сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес дүкендер жұмысын шектеуді; жексенбі күндері сұлулық салондарының, шаштараздардың, бассейндердің, фитнес-клубтардың, жаттығу залдарының жұмыстарын шектеуді; офлайн кеңестер өткізуге тыйым салу; қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс форматына ауыстыруды қамтамасыз етуді; әуежайларға, темір жол вокзалдарына күтіп алатын және шығарып салатын тұлғаларды кіргізуге тыйым салуды (билет болған жағдайда ғана өткізуді); 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;

карантин режимін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын атап айтқанда Петропавл қаласы, Айыртау, Аққайың, Ақжар аудандарында күшейтуді;

карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді;

облыс тұрғындарын ПТР тестілеумен қамту көлемін арттыру тапсырды.