Иесін іздеген ит
Иесін іздеген ит
314
оқылды

Жұрттың ет жүрегін елжіреткен әйгілі жапон итінің хикаясы Қарағандыда қайталанды.

Бұл жолы да қарағандылық «Хатико» иесін іздеп барған. Онда да істі болып, түрмеге түскен иесін іздеген қараусыз ит тергеу изоляторы маңын торуылдаумен болыпты.  Тіпті, ит жүдеп, күйі күн санап нашарлай түскен. Осындағы кинологтер оны сан мәрте қуса да қайта келіп алған. Сөйтіп, олар иттің адалдығына сүйсініп, өз қатарына қабылдауға бел буыпты. Кинолог Жәнібек Кәртайдың айтуынша, ит – иісшіл. «Есірткі іздеуге үйретіп аламыз. Ит шамамен бір жарым жаста. Әлі жас. Бастысы шыдамдылық керек. Итке де, бізге де. Мына иттің шыдамдылығы бар», – дейді ол. Тергеу изоляторында 4 кинолог бар. Олар иттің мінезін бақылап, қандай қызметке бейім екенін анықтайды. Мысалы, осындағы күзет қызметі қашқан адамды иісі ар­қылы іздеп, есірткі заттарын таба алады. Иттің есімі – Верта. Қазір оны іске жұмылдырмас бұрын алдымен  ресми балансқа алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Бәрі дұрыс болса, ҚАЖД арқылы балансымызға аламыз.  Кинологтер қазірше өз есебінен барлық егу жұмыстарын жүргізді. Асханадан артық қалған тамақпен тамақтандырып жатырмыз. Бастысы, айтқанға көнеді. Мұндай ит біздің жүйеге таптырмас көмекші, – деді   тергеу изоляторы басшысының орынбасары Есімжан Байтасов.

Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ