АТФ банк JÝSAN-ның жемсауына түсті

АТФ банк JÝSAN-ның жемсауына түсті

Jýsan Bank пен АТФ банк бірі­геді, дәлірек айтсақ Fisrt Heartland Jýsan Bank АТФ банкті сатып алып жатыр. Екі күн бұрын елі­міздің қаржы нарығында пайда бол­ған басты жаңалық – осы.  Алайда бұл жаңалық ешкімді таң­ғалдыра қоймады. Себебі атал­ған банктердің бірігетіні  ту­ралы бұған дейін де сөз болған еді. Әзірге қос банк бірігіп жатыр деп сыпайылық таныт­қаны­мыз­бен, АТФ банк туралы мәліметті бұдан былай банк саласы тари­хынан ғана оқитын боламыз.

Банктердің бірігуі қалыпты құбылыс

Тараптардың алдын ала келі­сімге келгені тура­лы мә­лім­де­­ме­сінде «Түрлендіру бары­сында АТФ банктің барлық сервисі жұ­мысын стандартты ре­­жимде жал­ғас­тырады, бұл клиенттер үшін АТФ банк­тің қолданыстағы қыз­мет­теріне қолжетім­ділік­ті то­лық кө­лемде сақтайды және қам­та­масыз ете­ді» делінген. Бұл үде­рістің ұзақ­қа бармасын бәрі де біліп отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қос банктің қол жеткізген келісімін қос қолдап қол­дайтын сыңай танытыпты. Есте болса, реттеуші биыл Ұлт­тық банкпен бір­ле­сіп екінші дең­гейлі банктер активтерінің са­па­сына тәуелсіз бағалау (AQR) жүр­гізген бо­ла­тын. Екі банкті біріктіру туралы шешім де AQR нә­­тижесіне сай қабылданып отыр. Экономист tengenomika telegram каналының авторы Ғалымжан Айтқазин екі банктің бірігу ту­ралы мәмілесі екі қаржы институтының дамуға және нығаюға деген на­рықтық ниетінің көрінісі деп ба­ғалады. Ол сонымен бірге бұл жаңа­лықты бүкіл сектор үшін жа­ғымды оқиға деп санауға болады дейді.
«2020 жылдың мамырындағы жағдай бойынша Jýsan Bank пен ATФ банк активтері мен меншікті ка­питалы бойынша Қазақстандағы ең жақсы 10 банк­тің қатарына кірді. Бір жағынан, АТФ банктің қаржылық тұрақтылығы соңғы жылдары атап ай­тарлықтай бол­маса да, жағдайы аса мүшкіл емес. Сондықтан банктердің бірігу туралы шешімі AТФ банк тәуе­келдерін азайту үшін тиімді шешім. Екін­ші жағынан, әлемдік тәжіри­беде екі ірі банк­тің бірігуі нарықтық конъюнктураның талап­та­рын бас­шылыққа алатын және соған не­гізделген биз­нес-процесс және оны бүкіл банк секторы үшін оңтайлы фактор ретінде қабылдау қажет», – дейді.

Шетел экспансиясына дайындық па?

Қазақстан Үкіметі шетелдік банк­терге осы жылдың 16 желтоқ­санынан бастап Қазақстан аума­ғында тікелей филиалдары мен өкілдіктерін ашуға рұқсат берді, бұл екінші деңгейлі банк­тер нары­ғындағы бәсекені кү­шейтеді. Қа­зақстандық екі ойын­шыны бірік­­тірудегі бір мақсат клиент­терге бә­секеге қабілетті ұсы­ныс жасау және бірлескен күш-жігермен өнім­­дерін одан әрі жақсарту арқылы шетел банктерінің бәсекесіне төтеп беру болуы да мүмкін. Сон­дықтан сарап­шылар бұл бірігу инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауы және бола­­шақта Jýsan Bank пен АТФ банк ак­­­цияларының құнына оң әсер етуі мүм­кін деп санайды.
financial_post telegram каналы да еліміздің банк секторындағы екі негізгі ойыншының бірігуі олардың пози­циясын нығайтады, бәсекеге қа­­­білет­­­тілігін арттырады, бұл макро­­­­эко­­­но­­­­микалық жағдайдың нашарлауы жағ­­­­дайында да, Қазақ­стандағы фи­­лиал­­­­дарын аша алатын шетелдік банк­тердің шартты қы­сымының жаңа факторы аясында да өте маңызды деп жазды. Банк саласының сарапшылары бұл бі­рігудің бір пайдасы – банк сек­­­­торы мен бюджет шығындарының қаупі азаятынын айтады. Өйткені қар­­жылық реттеуші мен бюджеттің қар­­жылық қолдауына деген қа­жет­­тілік осы Қаржы инсти­тут­тарының пайда болуы мен тәуе­келдерінің жо­ғарылауы жағ­дайында толығымен жойылады, яғни алдыңғы жағымсыз жағдайдың қайталану ықтималдығы азаяды. Яғни, мем­лекет банктерді қолдауға көп мөлшерде ақша жұм­сауға мәжбүр бол­майды. Сөйтіп, біріккен банктер өз проб­лемасын өзі шешеді. Бұған сенуге болады. Себебі ха­­­­лық­­­аралық рейтинг агенттіктері АТФ банк­­­тің рейтингін корона­дағдарыс кезеңіне қарамай «тұрақты» бол­­­­жам­мен «B» және «B-» деңгейінде сақтап қалғаны есімізде.
«Шын мәнінде, нарықтық эко­номика жағдайында бір банктің екінші банкті сіңіруі халықаралық тәжірибеде жиі қолданылады. Әдет­те, мұндай шешім ком­па­ниялардың на­рықтағы пози­циясын нығайтуға деген ұмты­лысы аясында қабыл­данады. Демек, осы бірігуден пайда болған бәсекеге қабілетті банк Қа­зақстанның несие нары­­­ғында ұзаққа қа­лады. Ал бә­секеге қабілетті ойын­­­шының пай­да болуы Қазақ­­­стандағы банк сек­­­то­рының тұрақ­тылығына оң әсер ете­ді», – дейді Қол­данбалы эконо­­ми­каны зерттеу орта­лығының бас­шысы Диас Құ­марбеков.
Оның айтуынша, бұл жаңа­­лықты на­рықтық экономика қағи­даттарына сәйкес келу тұрғысынан оң бағалауға болады. Енді алдағы уақытта Jýsan Bank-тің Қазақстан қор биржасында саудаланатын қарапайым акция­лары бұл оқи­ғадан соң қалай өз­геретінін бақы­лау маңызды.

Өтемұратов негізін қалаған банк еді...

Бір нәрсені мойындау керек: екі банк біріккенімен, бірі екіншісін өзіне сіңіреді. Халықаралық тәжі­­рибеде, оның ішінде Қазақстанның банк секторында мұндай оқиға бұған дейін болған. Halyk Bank пен Qazkom-ның бірігуінен кейін екін­шісінің барлық мүлкі, құ­­қықтары мен міндеттері Halyk Bank-ке өтті. АТФ банк пен Jýsan бірігуінде де осы сценарий қайталанады. Банк сек­торындағы осындай өзгерістер ке­зінде банктер тарихына көз салған қызық-ақ. Мы­­салы, Jýsan Bank – осы­дан бірер жыл бұрын қаржылық жағдайы күрт на­шарлап, есін әрең жиған Цесна­банктің мұрагері. Кеңес заманында «Цели­ноград Снаб» деген атаудан қыс­қартып алынған бұл банк кезінде қаржы саласының белді ойын­шы­­­­ларының бірі болған. Кейін қаржылық жағдайы кері кетіп, First Heartland Securities тобы банктің 99,5% қара­­­пайым акциясын сатып алды да, бағы жанып шыға келді. Көп ұзамай банк атауына реб­рендинг жасалды. Қо­­­­жайыны ауысқан банк бірер жылда бас­қа банкті өзіне сіңіріп алатын деңгейге жетіп отыр. Ал құрылғанына ширек ға­сырдан асқан АТФ банктің қо­жайыны бірнеше рет өзгерген. Ал 1997 жыл­дың ақпанында банктің басқарма төрағасы болып Ұлттық банктің бүгінгі төрағасы Ерболат Досаев тағайын­далыпты. 2000 жыл­­дардың ортасына дейін бір­неше банктің акциясын сатып алған АТФ банк 2007 жылы банк италиялық Unicredit тобына 2,2 млрд долларға сатылған. Ита­лиялық ком­паниядан банкті бүгінгі қожайыны Ғалымжан Есенов 2013 жылы сатып алады. Мұның бәрі ашық деректегі мәлімет. Ең қызығы сол, италиялықтардан 500 млн долларға сатып алған банкті Ғ.Есе­нов 90 млн долларға сатып жатқан көрінеді. 410 млн долларға ұты­ла­­тынын біле тұра осындай қадамға баруына не себеп болғаны белгісіз. Оның үстіне, ха­лықаралық рейтинг агенттігі қар­жылық жағ­дайын «тұрақты» деп бағалады. Одан бө­лек, банк 2016 жылы Қазақ­стан­дағы «Жыл банкі» атанды. 2 жыл бұрын Қазақ­стандағы инно­ва­циялық банк аталымы бойынша халықаралық сый­лыққа ие болды. Міне, сөйткен банктің ғұмыры аяқ­талуға аз қалды.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ