Арзан уран қолымызда қала ма?

Арзан уран қолымызда қала ма?

Қазақ атомы – әлемдегі ең танымал ұлттық брендіміздің бірі әрі бірегейі екені мәлім. Кейінгі кезде сұраныс пен өндірістің құлдырауына қарамастан, бүгінде Қазақстан бәрібір уран өндіру көлемі бойынша әлемдік №1 көшбасшы: дүниежүзінде өндірілетін барлық уранның үштен бірі жалғыз біздің еліміздің еншісінде. Дегенмен бұл салада бірқатар жүйелі проблемалар қордалануда.

Трамптың қарқыны қауіп тудырады

Бір ғажабы, АҚШ-тағы президент сайлауының қорытындысы алыстағы Қазақстанға да әсер етпек. Өйткені Республикалық партияның атынан до­даға түскен іс басындағы президент Дональд Трамп біраздан бері жаһандық уран алпауыт­тары­ның басына әңгіртаяқ орнатуға тырысып келеді. Мә­селен, соның шешімінің кесірінен 2018 жылы Аме­рика Иранның ядролық бағдарламасы бойын­ша келісімнен біржақты түрде шықты. Салда­ры­нан, Қазақстан Каспий бойынша бұл көршісінің атом стансаларына уран өнімін сата алмай қалды. Сон­дай-ақ Өскеменде үлкен дақпыртпен ашыл­ған, уранды байытудан бас тартқан Иран және бас­қа да елдерге отын жеткізетін кәсіпорынға ай­налуы тиіс «Төмен байытылған уран банкінен» де бюджетке еш қайыр болмай тұр. Ол аз болғандай, 2020 жылғы 2 қазанда Д.Трамп «Қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл туралы өкім­ге» түсініктеме беріп, АҚШ-тың минералды ре­сурстар жөнінен жатжұрттық компанияларға тәуел­ділігін төтенше жағдайға теңестірді. Оның ай­туынша, «Құрама Штаттардың төтенше маңыз­ды минералдар бойынша шетелдік қарсыластарға шек­тен тыс тәуелділігі салдарынан қауіпсіздікке қа­тер төнді». АҚШ бұдан былай барлық пайдалы қаз­баларды өндіру және өңдеу бойынша ішкі қуа­тын кеңейтуге және нығайтуға кіріспек. Ақ үй сай­тында жарияланған тізімге 35 аса маңызды ми­нерал түрі еніп отыр. Арасында уран да бар. Мұның сыртында Трамптың бұйрығы бойын­ша АҚШ ішкі істер министрлігі елдің аса маңызды пай­далы қазбаларда шетелдік компанияларға шек­тен тыс тәуелділігіне тергеу жүргізуде. Д.Трамп құрған Ядролық отын жөніндегі жұ­мыс тобы Американың уран өндіру өнеркәсібін ны­ғайту шараларын қабылдау бағытында әрекет ету­де. Мысалы, жұмыс тобының ұсынымы бойын­ша үкімет салада реформа жүргізіп, уран өн­ді­рілетін жер телімдеріне қол жеткізу ісін оң­тай­­ландырады, төл уран запасы құрылады. Сарап­шы­лардың байламынша, бұл өзге елдердің экспорттаушыларын шектеуге соқтыруы мүмкін. АҚШ басшылығы ауысқанда, тек өзіне игі, өзге­нің бәріне кесір саясат та өзгеретін бе еді?! Әзірге, Қазақстан санкцияға ілігіп қалмау үшін алпауыттар жаз­ған ойын ережелерін мүлтіксіз сақтауға ты­рысу­да.

Қазақстанның артықшылығы бар

Қазан айының соңында Global Business Reports басылымы Қаз­атомөнеркәсіп қызметіне қатысты шолуын жариялады. Онда ұлттық атом компаниясының құрамына уран өндіретін 13 еншілес ұйым кіретіні айтылады. Алайда ол 13-тің 10-ы – шетелдік ірі уран компанияларымен бірге құрылған бірлескен кәсіпорын екен. Мысалы, серіктестері арасында канадалық Cameco, Франция атом өнеркәсібінің лидері Orano, ресейлік «Росатом», сондай-ақ жапон және қытай консорциумы бар. «Бүгінде уранның жаһандық өн­дірісінің 24%-ы Қазатом­өнер­­кәсіпке тиесілі. Егер бірлескен кәсіп­орын­­дардың үлесін қоссақ, Қазақ­станның ел ретінде үлесі 40%-дан асады. Өзіңіз­ге мәлім, 2018 жылдың аяғында компаниямыз Лон­дон қор биржа­­сында және Астана халықара­лық бир­­­­­жасында IPO-дан өтті. Нәти­же­­­­­сінде, «Самұрық-Қазы­­на» ұлттық әл-ауқат қорының Қаз­­атом­­өнер­­кәсіптегі үлесі 75%-ға дейін азайды. Тиісінше, қалған 25 пайызы жеке акционерлер қолын­да», – дейді ұлт­­тық компанияның сату бойынша бас­­­қарушы директоры Асқар Батыр­баев. Компанияның барлық шахта­­лары тек Қазақстанда орналасқан. Оның иелігіндегі руданың қоры 300 мың тоннаға жуық. Әйтсе, де толық барланбаған кен орындары жетерлік: еліміздің геологиялық әлеуеті орасан. Ұлттық компания ретінде Қаз­­атомөнеркәсіп барлық кен орын­­дарына басымдық құқыққа ие. Тәңір «қазақтар уранды өз игі­лігіне еркін жаратсын» деп берген бе дерсіз! Қазақстанның геоло­­гия­сының бірегейлігі сонша, бұл Қазатом­­өнеркәсіпке жерасты-ұң­­ғыма­­­­­­лық шаймалау технологиясын (ЖҰШ, in-situ recovery немесе ISR) қолдануға мүмкіндік берді. [caption id="attachment_84935" align="alignnone" > © коллаж: Рауғаш Омарова[/caption] Энергетика министрлігінің тү­сіндіруінше, ЖҰШ әдісі дәстүрлі тәсілдермен салыстырғанда өндірудің төмен құнын қамтамасыз етеді, қоршаған ортаға теріс әсері аз. ЖҰШ технологиясы бойынша уранды жер бетіне шығармай өндіру жүзеге асырылады. Кен орнында айдаушы ұңғымалар тұрғызылып, олар арқылы рудаға шаймалау ерітіндісі жіберіледі. Ол ерітінді кенді қабат арқылы өтіп, жер қойнауындағы уранның табиғи қосылысын ерітеді, содан кейін ура­ны бар ерітінді айдаушы ұңғы­малар арқылы жоғарыға шығарылады. «Белгілі бір жағдайда ғана іске жарайтын осы әдіспен өндіру әлде­қайда арзанға түседі. Біздің жолымыз болды: барлық кенішіміз ISR техно­логиясымен сол жерде-ақ өнім алуға мүмкіндік береді. Осының арқа­сында Қазатомөнеркәсіп – әлемдегі өндірісі ең арзан өндірушінің бірі! Бұл бізді икемді етті. Мысалы, нарықтағы сұ­ранысқа орай өндірісті ұлғайта не азайта аламыз. Бірақ бұл біздің жалпы шығындарымыздың артуына соқ­­тырмайды. ISR-дің тағы бір артық­­шылығы – ол қауіпсіздікті сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді. Өйткені біз уран кеніштерінде жарылыс жұмыстарын жүргізбейміз, адамдарымызды жерастында жұмыс істеуге жолдамаймыз. Әрі өндірістік аумақ та шағын. Бір қарағанда, бұл кішігірім мұнай-газ операциясына өте ұқсайды», – дейді А.Батырбаев.

Нарық ахуалы алаңдатады

Уран өндірісі де мұнай сияқты бағасы шарықтаған, ойыншылары байлықта шалқыған дәуірді бастан өткерді. 2007 жылы уранның 1 фун­тының құны 138 долларға дейін жетті. 2010 жыл соңында ол баға 70 долларға дейін күрт құлдырады. Ал 2011 жылдың 11 наурызында Жапонияның Фукусима-1 АЭС-інде болған аса ірі апат салаға жойқын соққы берді. Уран бағасы 18 долларға бір-ақ түсті. Сұраныс та азайып кетті: «Күншығыс елі» ядролық оқиғалардың халықа­ралық шкаласы бойынша ең жоғары, 7-ші деңгейде бағаланған алапат апаттан кейін 54 реакторын тоқтатты. Германия да 2022 жылға дейін барлық ядролық нысандарын жабуға ден қойды. Әрине, бұл кеніштердің де бірден тоқтауына соқтырған жоқ, себебі жаһандық кәсіпорындар контракті бойынша бұрын алдын ала сатылған уранды өндіріп, жеткізуін жал­ғастырды. 2017-2019 жылдар аралы­ғында ол контрактілер де бірінен соң бірі аяқтала бастады. Салдарынан енді дүниежүзінде біраз уран кеніші өндірісін доғарып, техникалық қызмет көрсету режиміне көшуге мәжбүр. Сонымен бірге өндірістің қыс­қаруы және уранды тұтыну кө­лемінің Фукусимаға дейінгі деңгейге жетуі нәтижесінде нарық теңгерімге келе бастағандай. Бірақ әр фунт уран үшін 34 доллар ғана беретін ағымдағы споттық баға ойыншыларға ұна­­майды. Мысалы, ол баға Канададағы, Аустралиядағы көптеген шахтаның эксплуатациялық шығыстарын өте­мейді. Ал Қазатомөнеркәсіп өкілінің мәліметінше, Қазақстанда мұндай шығыстар 1 фунт үшін небәрі 13-14 долларды құрайды. Арзан.

«Гигантоманиядан» құтылдық

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың дерегінше, биылғы бірін­ші жартыжылдықта Қазақстанда 10 434 тонна уран өндірілді. Өндірістің шырқау шегі 2016 жылы болды: сонда еліміз 24,5 мың тонна межесіне қол жеткізген. 2018 жылы ол 20 мың тоннаға дейін төмендеді. Атап өтер жайт, бір кездері Қазақстан осы саладағы көшбас­шылықты сақтап қалуға, мейлінше көп шикізат өндіруге, ураннан сан алуан өнім жасауға ұмтылған болатын. Қазір «гигантоманиядан» арылыпты. «Біз Қазатомөнеркәсіпте екі іргелі фактіні түсіндік. Біріншіден, барынша нарықтық бағдарланған компания болуға тиіспіз. Екіншіден, ядролық отын циклының барлық саласына қатысатын, тік интегра­цияланған ірі өндіруші болу – енді басты мақсат емес. Оның орнына өндіру және өткізу тізбегінің барынша мол табыс әкелетін бөліктеріне ғана күш шоғырландырғанымыз жөн. 2017 жылы Қазатомөнеркәсіп 3 жыл бойы өндірісті қысқартуға шешім қабыл­­дады. Осы жылы коронавирус панде­­миясы басталғанға дейін 13 мың тоннасын өндіру жоспарланған бола­тын. COVID-19 індеті мен шектеу­леріне орай 2020 жыл қорытын­дысында көрсеткіш 10,5-10,8 мың тонна болады деп болжануда», – деді ұлттық компанияның басқарушы директоры. Келесі 2021 жылы өндіріс 13 мыңға дейін көтеріледі деп кү­ті­луде. Қазақстан өнім жеткізу геогра­фиясын кеңейтуге тырысуда. Мы­салы, бұған дейін негізінен Қытай, Ресей секілді бірер ірі клиентке иек артатын. Контракт портфелін әрта­раптандыру саясаты өз жемісін беруде. 1 жыл ішінде 6 жаңа тұты­нушымен және 2 жаңа елмен келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта, әсіресе Еуропа мен Солтүстік Америкада атом стан­салары жабылып жатыр. Осы­лайша, уранға және одан жасалатын отынға сұраныстың өсуін негізінен Қытай қамтамасыз етуде: онда 17 АЭС-те 49 атом реакторы орналасқан. Одан кейін 11 АЭС-і және 38 реак­торы бар Ресей келеді. Ал Үндістан қол­да­ныстағы 22 және жаңадан салынып жатқан 6 реакторымен үштікті тұйықтайды. Сарапшылардың есептеуінше, әлемдегі жаңа реакторлар күш-қар­қын алғасын, «2030 жылға қарай сұранысты қанағаттандыру үшін тағы 2 Қазатомөнеркәсіп қажет болатын» көрінеді. Де­мек, саладағы ағымдағы проб­лемалар мен шектеулерді лайықты еңсере алса, Қазақстанды бұл салада жақсы келешек күтіп тұрғандай.

Айхан ШӘРІП