29 қазан күні қылмыс құрамының аз болуына байланысты Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровқа қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Осылайша, қаржы полициясының тұтқындауына Бас прокуратура тосқауыл қойды.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың өзі «Манзоровқа тағар ешбір айыбымыз жоқ» деп ағынан жарылыпты. Сөйтіп, айыптан ада болған шенеунік 30 қазан күні жұмысына кірісіп кеткен. Еске салсақ, Манзоров қыркүйектің соңында қызметтік өкілеттілігін пайдалана отыра аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысты деген күдікпен тұтқынға алынған болатын. 30 қыркүйекте ол денсаулығына байланысты демалыс алып, кейінірек ақысыз еңбек демалысына шығу туралы өтініш жазған. Тұтқындалған соң алдымен тергеу изоляторына отырған. Сосын бұлтартпау шарасы үй қамауына ауыстырылған.
Әкім орынбасарының шатақ іске басы шатылғаны туралы Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Сенат отырысында хабарлаған еді. Кейінірек күдіктінің Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша айыпталғаны анықталды. Осылайша, кеше ғана аса ірі көлемдегі алаяқ атануға шақ тұрған шенеунік қайта бостандыққа шықты. Әлеуметтік желіде Бас прокуратураның мәлімдемесіне сенгендер мен сенбегендер әдеттегідей екіге жарылған. Сенбейін десең, ресми мәлімдеп тұр. Сенейін десең, уәж тым қарабайыр. Терең емес. Былай қарасаң, Конституция – ортақ, заң – бірдей. Бірақ билік құрылымы ешкімге ешнәрсе түсіндіріп, талдап жатпайтын өзінің жабық әлемінде өмір сүруін әрі қарай жалғастыруда. Бұл кездесіп отырған бірінші жағдай емес...
Қазақстан заң органдары әрекетінің өзара үйлеспеуі біртіндеп аксиомаға айналып бара жатыр. Балғасын тарсылдатқан судья қай уақытта да әділетті болуға тиіс еді. Ал біз миллион доллар алған шендінің өзін оңай босата саламыз. Ол үшін «Ни оқиғасын» еске түсірсек, жетіп жатыр. 2017 жылы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының бұрынғы басшысы Василий Ни миллион доллар пара алу үстінде ұсталған. Ол осының өтемі ретінде әлдебір компанияға шекара маңында қонақүй кешенін салуға рұқсат бермек болған. Алайда істі қараған Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Ниге абақтының «қара көжесін» қимай қалды.
– Ниге қатысты іс негізінде аяқталмаған қылмыс болып саналады. Ол өз кінәсін мойындады және өкінетінін айтты. Ешқандай зиян жоқ. ҚР ҚК-нің 65-бабы бойынша – егер ол өз қылмысы үшін өкінетін болса және ешқандай залал келтірмесе, сондай-ақ істі ашуға көмектессе, онда ол босатылады. Заңда солай көрсетілген, – дейді қалалық соттың төрағасы Ақжан Ештай.
«Күштінің арты диірмен тартқаны» бір бұл емес. 2013 жылы қазан айында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшысы Асқар Нұрғалиевке қатысты қылмыстық іс шорт кесілді. Тергеу деректері бойынша, 2010-2011 жылдары «АвиакомпанияИнвестАвиа» АҚ алты әуекемесін, құрылғылар және қосымша бөліктер сатып алу туралы заңсыз шешім қабылдап, мемлекет қазынасына 1 миллиард 826 мың теңге залал келтірген. Соған қарамастан қылмыстық іс тоқтатылды. Маңғыстау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Берік Әбілов «Барлық материалдық шығын өтелді. 2 миллиард теңге «Каспийге» қайтарылды. Іс өткен айда жабылды» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Нұрғалиевтің өзі кәсіпкер. Қылмыстық іс тиесілі бап бойынша тараптардың өзара бітімге келуі арқылы істі жабуға болады.
Органның ерекшелігі сол, «заңды» қалағанынша құбылтып пайдалануға шебер. 2015 жылы Қарағандыда сол кездегі Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Шабақбаевтың қызы Меруерт Шабақбаева өз көлігімен жол апатына ұшырап, оқыс оқиғадан Диас Әжіғалиев және Евгений Тоқмақов есімді екі азамат көз жұмған еді. Ақырында Қарағанды облыстық ІІД «жол апатына кінәлі Диас Әжіғалиевтің көз жұмуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды» деген пәтуаға келді. Қарағанды облыстық және қалалық прокуратурасы да бұл процессуалды шешімге бірауыздан келіскен. Алайда қайтыс болғандардың туыстары «көлікті Диас Әжіғалиев тізгіндеген, ал Шабақбаева жолаушы жағында отырған» деген тұжырымға сенбейтіндерін айтқан. Оқиға орнынан түсірілген бейнетаспаға қатысты ІІД қызметкері «Мен бұл туралы айтпаймын. Тергеу құпиясы» деп қысқа қайырған.
Осыдан 6 жыл бұрын Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Сәдуақасовқа қатысты да тура осындай жағдай қайталанған. Аймақтың бас дәрігері бюджеттің 19,5 миллион теңгесін жымқырды деп айыпталып, оған қарсы қылмыстық іс қозғалған. Алайда көп уақыт өтпей Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясы департаменті Сәдуақасовтан айыпты алып тастаған. «Аталған қылмыстық іс Қылмыстық процессуалдық кодексінің 37-бабы негізінде қылмыс құрамының аздығына байланысты тоқтатылды. Қазір процессуалдық шешімнің заңдық тұрғыда дұрыстығын тексеру үшін материалдар облыстық прокуратураға жіберілді» деген еді департаменттің баспасөз хатшысы Гүлжан Сүлейменова.
Шын мәнінде, қазына қаржысы инсулин алу үшін әлдебір компанияға берілген. Бірақ белгілі болғандай аталған фирма ешқандай қызмет көрсетпеген. Қаржы полициясы сол уақытта «дәл мұндай қитұрқылық облыстық денсаулық сақтау басқармасының төрағасынсыз шешілуі мүмкін емес» деген еді. Сөйте тұра жеме-жемге келгенде «қылмыс құрамы жетпей қалады».
Кеден саласының майын шайқап, несібесін сарқып ішкен тағы бір шенді де бірер жыл бұрын аса ірі айыптаудан сытылып кеткен. Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Александр Кочубейге де қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Ол «нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес» мемлекеттік бағдарламасы аясында Маңғыстау облысындағы «Тәжен» кеден бекетіне құрылғылар сатып алу бойынша қызметтік өкілеттілігін пайдаланып, 589 миллион 590 мың теңге залал келтірген. Кочубей ісі бойынша сот процесі 2013 жылдың маусымында басталып, тамыз айында қосымша зерттеу жүргізген. Алайда елордадағы Алматы аудандық №2 соты Кочубейді қылмыстық жауапкершіліктен босатып жіберген.
«Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлімі негізінде (жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату) Кочубейге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Кеден бекетіндегі барлық құрылғы жұмыс істеп тұр, мемлекетке пайдасы зор» депті оның адвокаты Владимир Царенко.
Тізе берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Біздің жазғанымыз – соның етжеңділері ғана. Көпке ортақ деп айтылатын заңның кей шенділерге іш тартатыны, қоғам дамуын тежеп жатқан секілді көрінеді кейде.