Сол себепті аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев әкімдікте өткен жиында аталған жосықсыз мердігерлердің басынан сипамады. –Сегіз айдан бері бір мәселені он бірінші мәрте қарап отырмыз. Жиырма бір хаттама толтырылды. Облыс әкімінің басқа жұмысы жоқ деп ойлайсыздар ма? Соңғы кеңес қазан айының оны күні болды. Сонда бірінші қарашаға дейін барлық мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау керек дегенбіз. Бірақ тапсырмалар толықтай орындалған жоқ. Сенбі күні Тараз қаласын аралап, төрт мектептің де құрылысы баяу жүріп жатқанын көрдім. Сіздерді ешкім қинаған жоқ. Өз еріктеріңізбен жұмысқа кірістіңіздер. Келісімшартқа отырдыңыздар. Келісімшартта құрылыстың басталуы, аяқталу мерзімі тайға таңба басқандай көрсетілген. Құрылыс нысандарында бірнеше мәрте болдым. Бәріңіз уәде бердіңіздер. Алайда уәде орындалмады. Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында оқушылар балабақшада, мәдениет үйінде білім алып жатыр. Қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Миллиардтаған ақша бөлгендегі мақсатымыз осы ма еді? Жыл аяқталғанда құрылыс, жол саласын арнайы қорытындылаймыз. Мердігерлердің өз міндетін қалай орындағаны сараланады. «Шұғыла-2002» серіктестігі осы күнге дейін қанша мәрте уәде берді. Серіктестік кешіккен әрбір күніне келісімшарт бойынша айыппұл төлесін. Естеріңізге сақтаңыздар, мемлекет алдындағы міндетіне салғырт қарағандарға кешірім болмайды. Жамбыл облысы емес, Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен айырыласыздар,–деді Бердібек Сапарбаев.Жалпы бұл облыс әкімінің айтқан сөзінің жұмсартып берілген нұсқасы. Алайда жиында ашуына мінген Бердібек Машбекұлы мердігерлердің артында кім тұрса да, жазасыз қалмайтынын жетер құлаққа жеткізіп тұрып айтты. Енді осыдан нәтиже шықса болғаны...
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы