Жолға бөлінген миллиардтар қалай жұмсалды?
Жолға бөлінген миллиардтар қалай жұмсалды?
208
оқылды

Биыл елордамыздың көлік және коммуникация саласына 55,7 млрд теңге жұмсау жос­пар­ланған. Integrity Astana же­кеменшік мекемесі бұл қар­­жының бір бөлігі тиімсіз және заңбұзушылықпен жұм­са­лып жатыр деп санайды. Олар бұл пікірге ашық дерек­тер­­де жарияланған құжат­тар­ды мұқият оқып шыққан соң келгенін, тіпті күдік ұлғая түс­ке­нін айтады. Себебі бір кө­ше­ні жөндеу бағасы 1 ша­қы­рымы үшін 58 мың теңге деп белгіленсе, келесі бір қысқа көшені жөндеу құны 1 шақы­рымы үшін 113 мың теңге деп бағаланған.

ЖОЛ ЖӨНДЕУДІҢ ҚҰНЫ АЛА-ҚҰЛА

Integrity Astana жекеменшік ме­ке­месінің өкілі Рүстем Жансейі­тов­тің айтуынша, қала бюджетінен астананың көлік және коммуни­кациясына бөлінетін қаржы түрлі басқармалар мен қызмет түрлеріне таратылып беріледі. Мәселен, биыл көлік инфрақұрылымын да­мы­туға – 32,5 млрд теңге, авто­жолдардың жұмысын қамта­ма­сыз етуге – 5,3 млрд теңге, «Жаңа кө­­­лік жүйесі» жобасын жүзеге асы­ру үшін заңды тұлғаның жар­ғы­лық капиталын ұлғайтуға – 13,3 млрд теңге, жо­лау­шы тасымалын субси­дия­лауға 3,9 млрд теңге қарас­ты­рыл­ған. Бұдан бөлек, автокөлік жолда­ры мен жо­лау­шылар тасы­малы сала­сын­дағы мемлекеттік сая­с­атты жүзеге асыру, әкімшінің күрделі шы­ғындары сияқты басқа шығын­дар­ға салын­ған қаржы тағы бар.

– Осы салаға бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр, кей тұста қыз­меттердің қайталануы байқала­ды, жұмыстың орындалу сапасы бақылаусыз және мониторингсіз жүріп жатыр деген күдігіміз бар. Бізде бюджет қаржысын игеруге ғана басымдық береді де, жұмыс сапасы екінші орынға ысырылып қалады. Жұмыстан кейінгі нәтиже қандай дегенді сараптап жатқандар жоқтың қасы, – дейді Рүстем Жансейітов.

Астанадағы көлік шығындары­ның басым бөлігі көлік инфра­құры­­лымын құруға, яғни жол салу­ға жұмсалады. Бұл жерде, қо­ғам белсенділерінің пікірінше, са­лынған жолдар сапасының на­шар­лығы мен сол жұмыстар құ­ны­ның айқын болмауына қатыс­ты екі маңызды мәселе бар.

Мысалы, өткен жылы Тұран даң­ғылының әуежай мен Қорғал­жын тасжолына дейінгі аралығына орташа жөндеу жүргізіліп, осы мақсатта 634 млн теңге жұмсалып­ты. Алайда қазіргі күні аталған жолдың көп жері тегіс емес, ақаулы тұсы көп көрінеді. Мұндай жағдай аэропортқа апаратын, биыл ғана пайдалануға берілген жаңа жолда да бар екен. Елордадағы ең маңыз­ды деген магистралды жолдарда жағдай осындай болғанда, елеусіз жол телімдеріндегі жағдай қандай деген сұрақ туындайды.

– Жол салу жұмыстарының баға белгілеуіне қатысты да сұрақ бар.   Мысалы, №27 жолды салу кезінде асфальт қалыңдығы – 13 см, ені – 30 метр,   8 қатарлы жол, жалпы аумағы 300 758 шаршы метр бола­тын жолдың орташа құны 1 ша­қырым үшін 58 809 теңге деп бел­гіленген. Ал Сығанақ көшесі­нен №27 көшеге жапсарлас Бей­се­ко­ва көшесінің тендер бойын­ша құны 60 869 теңге тұрады, бұл жол­­­­дың қалыңдығы – 24 см, ені – 30 метр және 8 қатар жолдан тұ­ра­ды. Баға белгілеуге қатысты та­­ғы бір мысал келтірсек, Е-22 кө­ше­сінің асфальтінің қалыңдығы – 14 см, ені – 15 метр, 4 қатарлы, жалпы аумағы 29 910 шаршы метр болатын жолдың 1 шақырымының бағасы 113 980 теңгені құраған. Яғни, жол құрылысының бағасын белгілеуде осынша ала-құлалық көрі­ніс тауып отыр, – дейді Integrity Astana өкілі.

 

ЖӨНДЕЛЕТІН ЖОЛДЫ КІМ АНЫҚТАУЫ КЕРЕК?

Биыл астанадағы автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қызметіне 263 млн тең­геден астам қаржы бөлінген. Қызығы сол, «автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі саласында­ғы мемлекеттік саясатты жүзеге асы­ру қызметі» сияқты шығыстар бабы жоқ. Негізінде ондай бап керек.

Нұр-Сұлтан қаласында «Жаңа көлік жүйесі» жобасын жүзеге асы­румен айналысатын бірнеше заң­ды тұлға бар. Олардың жар­ғы­лық капиталын арттыру үшін биыл бюджеттен 13 млрд және 254 млн теңге бөлінді. Бұл заңды тұлғалар қымбат автобустар сатып алу мен қымбат жерүсті метросын салудан басқа немен айналысатыны еске түспей тұр.

«Жалпы, елордада қала маңы мен астана іргесіндегі елді мекен­дерден келетін ауқымды көлік пен жолаушы тасқынын игеру өзекті мәселе болып отыр. Бұл проблема­ны шешу үшін жасалып жатқан нақты, елеулі және жылдам әрекет бай­қалмайды» дейді қоғам белсен­ді­лері. Мысалы, Қосшы ауылынан ас­­­танаға келетін көлік тасқынын ес­керсек, шұғыл түрде Қарқаралы тас­жолын кеңейту қажет екенін түсі­­­нер едік. Аталған тасжолды, ең бол­­мағанда, 3 қатарын қалаға кіре­тін, 2 қатарын қаладан шыға­тын етіп салса, көлік тасқыны бәсеңдер еді дейді.

– Қабанбай батыр даңғылы EXPO көрмесі өткізілген 2017 жылдан кейін қатты бүлінді, бірақ ол жол әлі жөнге келтірілген жоқ. Кешіріңіз, сол жағалауда 3 бірдей өтпелі көше бола тұра, жолды қолдан тарылту ақылға қонбайды. Бұл көлік қозғалысын әдейі қиын­дату сияқты көрінеді. Қазірдің өзінде жол таңбаларын өзгерту арқы­лы Қабанбай батыр даңғы­лында 6 қатарлы жол жасап, Тұран мен Мәңгілік ел көшелеріндегі көлік тасқынын азайтуға болар еді. Алайда неге екені бұлай істелмей жатыр, – дейді Рүстем Жансейітов.

Оның айтуынша, қалаға кіре­тін жолдардағы кептелісті азайту үшін көлік бөлу жүйесін оңтай­ландыру – тиімді шығу жүйесін қарастыру, оңға бұрылу тәртібін енгізуді жеделдету, «ақыл­ды бағ­дар­шамдар» орнату қажет. Сондай-ақ Бөгенбай батыр мен Уәлиханов көшелері қиылысатын аумақтағы кептеліс мәселесін шешуді де кезек күттірмей ойластырған жөн.  

Қысқа қайырғанда, Integrity Astana мекемесі қаланың көлік жүйесін дамытудың өнімді жұмыс тәсілі ашықтық екеніне сенімді. Яғни, қала тұрғындары қала өмі­ріне қатысты шешімдерді қабыл­дауға қатысып, өз ұсыныстарын сауалнамалар, рейтингтер түзу және нұсқаларға таңдау жасау арқы­лы білдіріп қатысуы керек. Енді оған қала билігі тарапынан қолдау болса – болғаны. Сонымен қатар қоғам белсенділерінің ұсы­ныстары мен жол жағдайының ғы­лыми-техникалық сараптамасын біріктірсе, астананың көлік ин­фра­құрылымын дамытуды стра­те­гиялық жағынан дұрыс бағытқа бұруға мүмкіндік мол. Ең бастысы, бюджет қаржысын бүгінгідей жа­бық және жасырын жұмсау сияқты ескірген әдістерден бас тарту қа­жет.

Жалпы, мұндай ұсынысты Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі де жасап келеді. Атал­ған агенттіктің дерегінше, соңғы бес жылда көлік жолдары­ның құры­лысы мен жөндеу жұ­мыс­тарына 1 трлн теңге бөлін­ген. Республика­лық бюджеттен бөлін­ген бұл қаржы өзін ақтамай отыр. Себебі халықара­лық рейтингте Қазақстан жол сапасы бо­йынша 138 елдің ішінен 108-­орында тұр. Агенттік маманда­ры бұған қоғам­ның барлық сала­сын­да белең алған жемқорлық се­беп деп санайды. Себебі 2015 жыл­дан бері жол мәсе­лесіне байланысты жемқор­лық бағытында 100-ге тарта сотқа дейінгі тергеу жұмысы жүргі­зіл­ген. Ал жол жөндеуші компа­ния­лар болса, жол сапасына жол салу ке­зінде пайдаланылатын мате­риал­­дар сапасы тікелей әсер ететінін айтып отыр. Мысалы, битумның сапасы жол сапасына 60-70 пайыз­ға дейін ықпал етеді. Қазіргі күні жол құрылысына отандық битумды пай­далану міндеттелген. Ал отан­дық өнім мықтылығы жағынан қалыпты көрсеткіштің ең төменгі деңгейінен ғана өтіп тұр екен. Бұл өз кезегінде жол сапасы­ның тө­мен­деуіне әсер етіп, кепілді мерзімге жетпей жолдың ойылып қалуына әкеліп соқтырады дейді.

Демек, жол салуға бөлінген қаржының тиімді игерілуі мен жол сапасының жоғары болуына билік пен халық тікелей мүдделі болмаса, ешқандай нәтижеге жете алмай­мыз. Асфальтке құйылған мил­лиард­тар асфальтпен бірге еріп, көзден ғайып бола береді.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ