9 қарашадан бастап тағы бір қала карантинге жабылады
9 қарашадан бастап тағы бір қала карантинге жабылады
117
оқылды
9 қарашадан бастап Павлодар қаласының аумағы бойынша блокпосттар қойылып, қала карантинге жабылады.  Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Жұмыс сапары барысында өңірлік медициналық объектілердің коронавирус инфекциясының болуы мүмкін толқынына дайындығын тексерді. Сондай-ақ вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша кеңес өткізді, жергілікті мемлекеттік органдар мен Полиция департаменті басшылығының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады. Премьер-Министрдің орынбасары ауылдық жерлерде ПТР лабораторияларының жоқтығын ескере отырып, бұл қызмет түрінің облыс тұрғындарына қолжетімділігін тез арада шешуді тапсырды. Ералы Тоғжанов қазан айының қорытындысы бойынша өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің үш есеге өскенін атап көрсетті. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Ведомствоаралық комиссияның төрағасы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша облыс әкімдігіне ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды, атап айтқанда: Павлодар қаласының периметрі бойынша блокпосттар орнатуды; күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блокпосттар орнатуды; келесі бағыттар бойынша әуе қатынасын қысқартуды: Павлодар-Алматы аптасына 10-нан 5 рейске дейін; Павлодар-Нұр-Сұлтан 3 рейстен 1 рейске дейін; Павлодар-Шымкент аптасына 2-ден 1 рейске дейін; Павлодар-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды; жолаушылар теміржол құрамдарының облыс ішінде аялдауына (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда) тыйым салуды; діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды; қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын сағат 20.00-ге дейін шектеуді; офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды; қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді; 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды; Демалыс және мереке күндері: қоғамдық көліктің (трамвайлар, автобустар, маршруттық таксилер) жұмысын тоқтата тұруды; жабық және ашық азық-түліктік емес және азық-түлік базарларының жұмысын тоқтата тұруды; моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұруды; қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тек тапсырыс берушіге жеткізу форматына көшіруді тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшылығына карантиндік режимді сақтау бойынша мониторингтік топтардың қызметін күшейту, тұрғындар арасында карантиндік режимді мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.