Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай алуға болады?
Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай алуға болады?
362
оқылды
Статистикаға сәйкес, елімізде зейнетақы қорының тек 6 пайыздан астам салымшысы ғана мұндай мүмкіндікке ие. Яғни, бұл 700 мыңнан астам салымшы. Оның бәрі бірдей ақшасын шешетін болса, БЖЗҚ-дағы қаражат 1,4 триллион теңгеге азаяды. Соңғы дерекке сүйенсек, елдегі 10 млн 800 мың азаматтың шотында зейнетақы жинағы бар. Алайда, соның 6 млн-ға жуығының жинағы 500 мың теңгеге де жетпейді.  

Зейнетақы қорындағы ақшасын кімдер ала алады?

Біріншіден, БЖЗҚ-дағы жинақ салымы «жеткілікті шектен» асатын, жұмыс істеп жүрген азаматтар ала алады. (Министрліктің есебінше, елде олардың саны 700  мыңға жуық); Екіншіден, бұрынғы табысының кемінде 40 пайызына тең мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер БЖЗҚ-дағы қаражатының 50 пайызына дейін ала алады. Бұл санатқа кіретін елімізде 178 мыңнан астам адам бар; Үшіншіден, бұған дейін өзіне зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін де БЖЗҚ-да салымы қалған азаматтардың ақшасын толығымен алуға құқы бар. Ондай 13 мыңнан астам адам тіркелген.

«Жеткілікті шекті» қалай анықтайды?

Зейнетақы жинағының ең  төменгі  жеткіліктілік  шегін  анықтаудың  әдістемесін Үкімет бекітеді. "Жеткілікті шек" – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері. Ол болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Қартайғанда көк тиынсыз қалмас үшін есепшотта белгілі бір мөлшерде қаражат қалуы тиіс. Одан асқан бөлігін алуына рұқсат етіледі. Заң жобасы бойынша «Жеткіліктілік шегі» әйелдер  мен  ерлер  үшін  бірдей  белгіленеді,  бірақ әрбір жас үшін жеке есептеледі. Бұл ретте ол кіріс,  инфляция,  ең  төменгі  төлем  мөлшері  секілді өзекті көрсеткіштерге қарай жаңа алушылар үшін қайта есептеліп отырады. Яғни, үнемі өзгерісте болады. Министрліктің алдын ала есебінше, 20 жастағы азамат үшін "жеткілікті шек" – 1 млн 720 мың теңге. Ал осыдан асқан қаражатын ол жоғарыда аталған мақсатқа пайдалану үшін БЖЗҚ-дағы есепшотынан ала алады. Бұған дейін жинақты тек бір рет қана алуға болады екен деген ақпарат шыққан еді. Белгілі болғандай қордан ақша алу мүмкіндігі шектелмейді. Сондай-ақ азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері үшін ғана емес, жақын  туыстары,  ата-әжелері,  әке-шешесі,  балалары, немерелері, аға-інілері, апа-сіңлілері үшін тұрғын  үй  жағдайларын  жақсарту  мақсатында  немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Осы мақсатта туыстарға алынатын жинақты біріктіруге болады.

Зейнетақы қорындағы салымның бір бөлігін алу үшін не істеу керек?

БЖЗҚ-дағы жинақ қаражатының бір бөлігін емделуге пайдаланғысы келетін салымшы облыс, республикалық маңызы бар қаладағы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссияға өтініш береді. Медициналық көмекке зәру екені туралы комиссия қорытындысын алып, емделетін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы уәкілетті операторға (оны үкімет белгілейді) зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану туралы өтінішін тапсырады. Бұл жерде депутаттар бюрократияға жол бермеу тетіктерін қарастур керегін шегелеп айтқан еді. Салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуына болады. Ол үшін уәкілетті оператор "Тұрғын үй жинақтаушы банкі" қызметін пайдалана алады. Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу болуы мүмкін: қордың ақшасына сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға бергісі келетін салымшы қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаны жайлы БЖЗҚ-ға өтініш береді. Сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды. Бір есте ұстайтын жайт, ешбір салымшы қаржыны қолма-қол ала алмайды. Заңның әлі шикі тұстары бар. Енді алдағы үш айда  кем-кетігі түгенделген соң, жаңа жылдан бастап қолданысқа енбек.