«Тілеймін бақытты өмір, ашық аспан. Жалғанда тілек бар ма одан асқан!» Ұлы Отан соғысынан кейін халқымыз тілек білдіргенде міндетті түрде ашық аспанды қосуға әдеттенді. Айтпақшы, бұл Қазақстандағы әуежайлардың да ұзақ жылғы арманы еді. Енді бірден 11 әуежайда «Ашық аспан» режимі енгізіліп отыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ел Үкіметі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен 2019 жылғы 1 қарашадан бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл және Семей әуежайларында Open sky режимін енгізді.
Оған сәйкес, бұдан былай шетелдік әуекомпанияларына елімізге жасайтын рейстарының санына және бағдарына қойылған барлық шектеу алып тасталады. Тиісінше, олар бұған дейін тек қазақстандық әуе тасымалдаушыларына ғана беріліп келген «ауа еркіндігі» («свобода воздуха» немесе freedom of the air) құқығының 5-ші дәрежесінің игілігін пайдалана бастайды.
– 5-ші дәрежелі ұшулар – шетелдік әуекомпаниялардың үшінші елдер қалаларына Қазақстан қалалары арқылы ұшуын білдіреді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ отандық әуежайлар арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағынын өсіруге мүмкіндік береді. Осы режимді Қазақстанда енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағдарлардың ашылуына, бәсекелестіктің жоғарылауына септігін тигізеді. Ең ақырында мұның барлығы авиабилет құнының арзандауына және әуе көлігінің қалың бұқараға қолжетімді болуына әкеледі. Бұдан бөлек, ол туризмнің өркендеуіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді, – деп түсіндірді министрлік.
Үкімет жаңа тәртіпке түбегейлі көшпес бұрын алдымен оны сынап алмақ. Сондықтан «Ашық аспан» режимі әзірге тек 3 жыл мерзімге енгізілуде. Рас, «одан ары ұзартылу мүмкіндігі» бар.
Айтпақшы, жергілікті тасымалдаушылардың әртүрлі деңгейдегі, соның ішінде Парламенттегі лоббистері «Ойбай, Open sky отандық бизнесті өлтіреді!» деп бірнеше жылдан бері байбалам салып, осы бағыттағы қадамдарды бұғаттап келгені жасырын емес.
Бірақ Мемлекет басшысы оған тосқауыл қойды: «Аспанды ашу керек, бұл менің Үкіметке тапсырмам! Қорқатын ештеңе жоқ! Тіпті ең ірісі әрі «фаворит» болса да, бір компанияның мүддесін ілгерілете беру жөнсіз. Ашыңыздар аспанды» деп тапсырды Қасым-Жомарт Кемелұлы елорданы дамыту жөніндегі кеңесте.
Кезінде «ауа еркіндігі» бойынша коммерциялық құқықты тек отандық әуе көлігі кәсіпорындарының монополиясына бергенде мемлекет бір жағынан ұлттық бизнесті қолдауды, басқа жағынан олардың жолаушыларды, жүкті және поштаны жеңілдікті бағамен жеткізуін жолға қоюды көздеді. Осылай, шетелдік компаниялардың жолшыбай біздің мемлекет аумағында, әуежайларымызға коммерциялық мақсатта қонуы, жолаушы, жүк не поштаны түсіріп-тиеуі шектелді.
Алайда бұл үміт ақталмады. Freedom of the air 5-ші дәрежесінің барлық жемісін жатжұрттықтарды жібермей, жеке жәукемдегеніне қарамастан, жеке секторда отандық әуекомпаниялар саны артпады. Air Kazakhstan, Air Astana, Qazaq Air, тұңғыш қазақстандық лоукостер FlyArystan-ды мемлекеттің өз күшімен құруына тура келді.
Сонымен қатар жолаушы және жүк тасымалы құнын арзандату міндеті де орындалмады: жергілікті әуе компаниялары жыл сайын билет құнын көтермесе, елеулі түрде төмендетіп жатқан жоқ.
Атауы отандық болғанымен, Отанға «алпыс екі тамыры иімей» қойған жергілікті әуе тасымалдаушыларына негізсіз артықшылықтар берілуін биылғы 2 қыркүйектегі өзінің тұңғыш Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң сынға алды: «Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда, 30 пайызға артық» деп ашығын айтты ел Президенті.
Демек, мемлекеттің қайырымдылығына еш қайтарымның болмауы Үкіметті жаңа қадамға итермелеп отырғанға ұқсайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі енді шетелдік әуекомпанияларын елімізге көптеп тарту бағытында белсенді қимылға кіріскенін мәлім етті. Нақтылай кетсек, Оман мемлекетінің авиациялық билігімен келіссөздер жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша SalamAir авиакомпаниясы келесі жылы Маскаттан Алматыға жолаушылар мен жүк тасымалдауды қолға алатыны анықталды.
2019 жылдың 22-24 қазанында Азиядағы аса ірі лоукосттің бірі Air Asia және жаһандық тасымалдаушы Singapore Airlines компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ ресейлік «Уральские Авиалиниимен» арада да келіссөздер аяқталған: ағымдағы жылдың 22 желтоқсанында «Екатеринбург –Алматы» бағыты бойынша рейс ашылатын болды.
Мұның сыртында, LOT авиакомпаниясымен келіссөздер аяғына жеткізілген: польшалық әуе тасымалдаушысы 2020 жылдың жазында Варшавадан Нұр-Сұлтанға аптасына жасалатын рейстер санын 7-ге дейін арттырмақ. Ал 2021 жылы Алматыға ұша бастайды. Бұдан өзге, Катар (Qatar Airways), Біріккен Араб Әмірліктері (Emirates, Fly Dubai) және басқа да елдердің авиациялық билігімен жаңа әуе қатынастары жөнінде келіссөздер жүргізу жоспарлануда.
Өз кезегінде отандық компаниялар да көрігі қызатын бәсекелестікте жеңіліс таппаудың қамын жасауда. Эйр Астана 2020 жылдың І тоқсанында Джиддаға бағдар ашып, аптасына 3 рет ұшады деп күтілуде. Ал SCAT биылғы 30 қарашада Мединаға және Джиддаға аптасына 2 рейсті іске асыра бастайды. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, осы мақсатта Қазақстанның әуекомпания-лары Сауд Арабиясына тұрақты рейс орындау үшін сертификаттаудан өтті. Оларға осы ел астанасы Эр-Риядқа, Джиддаға, Мединаға және Эд-Даммам қалаларына сапарлауға рұқсат етілді. Бұған дейін SCAT 2016 жылдан бері Сауд Арабиясына қазақстандық қажыға барушыларды жеткізу үшін тұрақты емес рейсті жүзеге асыратын. Қазақстаннан қажылық сапарға аттанған жамағатқа араб корольдігінің Fly Nas әуекомпаниясы да қызмет көрсетеді.
Отандық тұңғыш лоукостер FlyArystan 2019 жылдың 13 желтоқсанынан бастап, «Нұр-Сұлтан–Мәскеу» бағытында күн сайын қатынауға кірісетінін жариялады. Оның билеттері қазан айынан бері сатылуда. Қазақ елі астанасынан Ресейдің бас қаласына Airbus A320 жайлы авиалайнерімен жету құны – 19 999 теңге және одан жоғары. Мәскеуден елордаға сапарлау үшін ең кемі 3333 рубль сұралады.
«Ашық аспанға» қатысты ұстанымын отандық әуе тасымалдаушылары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында жария етті. Осы мәселеде жергілікті бизнес екіге жарылып отыр. Мысалға, әуежайлар мемлекеттік органның халықаралық тасымалдаушыларды шектеуіне қарсы. Олар осының кесірінен жолаушылар және жүк тасымалы азайып жатқанын алға тартады, сөйтіп «ашық аспанды» қоштайды.
Ал қазақстандық әуекомпаниялар «ашық аспан» саясатынан ірі нәтиже шықпайтынына, себебі шетелдік компаниялар республикамызға бәрібір көптеп келмейтініне сенімді. Өйткені біріншіден, жергілікті тасымал нарығы тым шағын, екіншіден, оларды Қазақстан әуежайларында әуе отыны құнының қымбаттығы шошынтады. Расында, әуежайларымызда авиакеросин бағасы Азия елдеріне және Ресейге қарағанда 40%-ға жоғары.
«Негізі, «ашық аспан» режимі еш кедергісіз ұша береді дегенді білдірмейді. Бұл – әр тараптың өз ұстанымы мен міндеттемелерін бекіте отырып, келісімге келуі деген сөз. Біз 5 жыл бұрын әуе кеңістігін кезең-кезеңмен либерализациялау саясатына кірістік. Байқағанымыздай, шетелдік тасымалдаушылар біз арқылы транзитті дамытуға сонша ықыласты емес, олар өз желілерін ілгерілетуге ынталы. «Ашық аспан» Еуразиялық одақ аясында қолданылады. Сондықтан мүше мемлекеттердің ешқайсысы кемсітілмеуі үшін бүгінде стандарттарымызды үйлестірудеміз», – дейді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Қазақстан бұған дейін халықаралық нарықта тек екіжақты келісімшарттар бекітуді қарастыратын Чикаго конвенциясы аясында ғана жұмыс істеп келді. Бұл тәжірибе халықаралық бағдарларды бір-екі әуекомпанияның монополияландырып алуына, жоғары тарифтердің қалыптасуына, бағдарлар икемділігінің шектелуіне, бәсекеге қабілеттіліктің құлдырауына соқтырды.
Салдарынан, республикамыз Дүниежүзілік экономикалық форумның 2019 жылғы «Туризм мен саяхаттың бәсекеге қабілеттілігі» жаһандық рейтингінде 140 ел арасында көш соңындағы 113-ші тұғырда тұр!
Open sky саясаты әлемде жолаушылар айналымын бірден 35%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді: оған дейінгі өсім 8% ғана болатын. Оған құшағын ашқан мемлекеттерде авиабилеттер құны орташа есеппен 20-40%-ға арзандаған.
Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Мәселен, Австралия мен Жаңа Зеландия арасындағы осындай келісім нәтижесінде 40 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Әуе кеңістігі тәртібін ырықсыздандыру Сингапурда 163 мың жұмыс орнының құрылуына жол ашты.
Израиль «ашық аспан» енгізген 2013 жылдан бері Бен Гурион әуежайының жолаушылар айналымы 13 миллионнан 20 миллион адамға дейін өскен, ал осы «әуе қақпасы» жаһандық жетекші әуежайлар тізіміне кірді. Тіпті Әзербайжан аумағының бір бөлігін басып алғаны үшін «блокадаға» түскен Армения Open sky арқасында 12 әуекомпаниясын тартып, 12 жаңа халықаралық бағдар аша алды.
Бұл салада Орталық Азия көшбасшысы – Өзбекстан саналады. Бұл режим биылғы 1 қазанда өзбектердің Қаршы, Нүкіс, Термез және Бұхара қалаларында енгізілген. Ендеше, қазақ елінің бұл істе шегіншектеп, кері тарта беруінің еш мәні қалмады.