Таулы Қарабақ: кері санақ басталды
Таулы Қарабақ: кері санақ басталды
292
оқылды
Өткен аптаның соңында Таулы Қарабақтағы Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыстың шешуші сәті келіп жетті. Өйткені Әзербайжан Қарулы күштері Таулы Қарабақтағы Шуша қаласын алды. Сөйтіп, өлкенің жүрегі саналатын шаһар бір қолдан екінші тарапқа өтті. Ал бұл оқиға Әзербайжан халқын рухтандыра түссе, армян жұртының еңсесін түсіргені сөзсіз. Себебі қала екі халық үшін де маңызды саналады. Негізі, Шуша қаласын Әзер­байжан әс­керлерінің басып ала қоярына әу баста ешкім сенген жоқ. Өйткені 27 қыркүйекте ұрыс қимылдары басталған кезде әлеу­меттік желілер мен масс-медиада Әзербайжан ЕҚЫҰ-ның Минск тобы ұсынған жоба негізінде әрекет етеді деген болжам айтқандар көп болды. Яғни Баку Таулы Қара­бақтың өзіне ішкерлеп кірмей, сыр­тын­­дағы 7 ауданның бесеуін азат етеді де, Арменияны келісімге келуге мәж­бүр­­­лейді деген уәж кө­бірек кездесті. Бас­­тапқы кезде со­лай сияқты еді. Бірақ кейін Әзер­байжан әскерінің тактикасы өз­гергені байқалды. Ақыры Таулы Қарабақтың оңтүстігі түгелдей дер­­лік Әзер­байжан әскерінің ба­­қылуына көшті.

Қаланы саяси ойын құралына айналдырып еді...

Сөз басында айтқанымыздай, әу баста Шушаға қарай шабуыл жасау Әзербайжан армиясының жоспарында болмаған сияқты. Алайда 27 қыркүйекте басталған ұрыстың басты мақсаты осы қа­ланы алу екені енді белгілі болып жатыр. Рас, Таулы Қарабақтағы сепера­­тистердің жетекшісі Араик Аратюнян­ның қыркүйек айында Шушаға «Пар­ламентті» көші­ретінін мәлімдеуі, сөйтіп қалаға түбегейлі иелік етуге ұмтылуы, Ар­мения премьер-министрі Н.Па­­шинян­­ның баласын өңірге әскер ретін­­де жіберуі Әзербайжан халқының шамына тиген-ді. Бірақ ұрыс басталған соң бірден Шушаға шабуыл болатыны туралы әңгіме тарамады. Керісінше Таулы Қара­бақты қоршап жатқан 7 ау­­­данның бесеуі азат етіліп, екеуін дә­ліз ре­­­­тінде қалдырып, содан соң Ере­­­ван­мен келісімге келу жоспар­ланғандай еді. Алайда армян тарапының Гәнжә қа­­­ласы мен тағы бірқатар ауданды ат­­қылауы Әзер­байжан Бас штабының жос­парына өзгеріс енгізген тәрізді. Осы­­­­­­­­­­­­­­­­­­лайша, Лашын дәлізіне қарай бағыт алған күштер Шушаны алуға барын салғанын байқау қиын емес. Яғни, Баку тәуекелге барғаны бай­қалады. Сонымен қатар со­­ғыстың алғашқы апталарында қар­­­сыласын әбден зерттеп, ай­маққа шоғыр­­ланған техни­каларын қиратқан соң ғана Әзер­­байжан әскері Шушаға қарай жыл­­жыды. Енді Таулы Қа­ра­­бақ­­тағы әскери қимылдарды ешкім тоқ­тата ал­май­­тынына әлемдік қауым­­­­­дас­тық­­тың көзі жетіп отыр.

Енді не болады?

Біздің пайымдауымызша, Шу­ша қаласын алған Әзербайжан әскері енді Хожавенд, Хожалы қалаларына бағыт алуы мүмкін. Ұрыс қимылдары Хожа­­­венд қала­­сының төңірегінде жүріп жат­­­­қаны жайлы деректер бар. Ал Хо­­­­жалы жақ әзірге тыныштау. Бұл шаһар­лардың Әзербайжан үшін стра­­­тегиялық һәм рухани маңызы бар. Хожавендке иелік еткен жағдайда Таулы Қарабақтың аста­­насы са­на­латын Ханкенді ша­һарын үш жақтан қор­шап алып, ондағы қарулы топтарды шегі­­нуге мәжбүрлеуге мүмкіндік туады. Ал Хо­жалы болса 1992 жылғы ақпанда сепа­ратистер бейбіт тұр­ғындарға қарсы гено­цид ұйымдас­тырған шаһар ретінде есте қалған. Әрі онда әуежай бар. Сон­дықтан Ереванмен бітімге келе алмаған Әзер­байжан бұл қала­­лардың барлығын қыс түс­пей тұрып азат етуді көздейтіні анық. Бәлкім, келіс­сөздер содан соң басталуы мүмкін. Алайда ендігі келіс­­­­сөздердің мән-маңызы, шарт­тары өз­геруі ғажап емес. Тіпті, Тау­лы Қара­­­бақ­тағы жағдай Арме­нияда биліктің ауы­­­суына да түрткі болуы ықтимал. Бәл­­кім, содан соң ғана Минск тобы­ның жос­­­парын жүзеге асырудың сәті түсетін сияқты. Бірақ Шуша қаласы Әзер­байжан ар­миясының бақылауына өткені жайлы мәлі­меттер тараған соң Ханкендіден мың­даған тұрғын Арменияға асыққаны бай­қалды. Яғни, қала тұрғын­да­рының саны күрт кеміді деген сөз. Бұл өз кезе­гінде Таулы Қара­­­­бақтағы ар­мян диас­­порасының қарасы да азайғанын көр­сетеді. Демек, со­­ғыстан соң Таулы Қа­ра­­баққа жо­ғары деңгейдегі автономия беру мә­селесі де екінші сатыға ығыс­ты­рылуы мүмкін. Ереванның дер ке­­зінде бітімге келмей, қасары­суының салдары осындай болмақ.

А.ҚҰРМЕТ