Мадияр мен Садриддин желтоқсанда жұдырықтасады
Мадияр мен Садриддин желтоқсанда жұдырықтасады
229
оқылды

Қазақстандық қос кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов пен Мадияр Әшкеев жылдың соңына дейін шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жегіне шығады. Кездесудің бірі Монреал қаласында, бірі Лос-Анджелесте өтпекші.

Кәсіпқой рингте жеңіліп көр­меген боксшы, бірінші орта салмақтағы WBC Youth әлем чемпионы Садриддин (11-0, 10 КО) жақында рингке қай­та оралатынын айтып, жан­күйерлерін қуантты. Бұл туралы ол Instagram желісінде жазып, жат­тығу кезіндегі видеоcымен бө­лісті. «Желтоқсан айындағы жекпе-жек­ке дайындалып жатырмыз, жат­тығу қарқынды әрі сәтті өту­де», – деді жойқын жұдырық иесі. Негізі, қыркүйек айында бо­кс­шы әлеуметтік желідегі парақ­шасында жазба қалдырып, онда қазан айында кездесу өткізуі мүм­кін екенін айтқан. Алайда ка­рантинге байланысты кездесу өт­педі. Ахмедов бұған дейін шар­шы алаңға өткен жылдың 7 желтоқсанында шыққан. Ка­на­дада өткен жекпе-жекте ар­гентиналық Хосе Антонио Вилья­лобосты нокаутпен жеңді біздің боксшы. Күні кеше ол «Айқын» газетіне желтоқсанда өтуі тиіс жекпе-жегі жайында қысқаша пікір білдірді. – Қарсылас та, кездесудің өтетін күні де әлі толық нақты­ланған жоқ. Желтоқсан айына таман жоспарлы кездесуімізді ұйым­дастыруға бар күшімізді сала­мыз. Қазіргі кезде көп уа­қытым жаттығу залында өтіп жатыр. Нәтижесін шаршы алаң­да көресіздер деп ойлаймын. Жеңіс­ке жетуге, сіздерді қуантуға асық­пын, – деді Soldier of Qazaq ла­қап атымен танымал талантты бо­ксшы. Кәсіпқой бокста атой салып жүрген тағы бір отандасымыз Мадияр Әшкеев те (14-0, 7КО) бізбен сұхбат барысында келесі жекпе-жегін қай күні өткізетінін айтты. Ол  рингке 17 желтоқсанда шығатынын қоса хабарлады. Мұхиттың арғы бетінде жаттығып жүрген Мадиярдан алдағы кез­де­суге дайындығы туралы да сұ­радық. – Менеджерім Эгис Климас­пен әңгіме барысында мен одан жақсы қарсыласпен жекпе-жек ұйымдастырып беруін сұрадым. Өйт­кені уақыт өтіп бара жатыр, қа­зір бар күш-жігерді салып на­ғыз қимылдап қалатын шағым. Бұ­йырса, 17 желтоқсан күні Лас-Вегас қаласында келесі ай­қасым өтеді деп жоспарлап отыр­мыз. Қарсыласымның аты-жөнін келісімшартқа қол қой­ған соң жария етеміз. Ол ме­нің салмағымның рейтингінде үз­діктердің қатарына кіретін бокс­шы болмақ. Яғни, мені үл­кен сынақ күтіп тұр. Қазір қа­зақстандық бапкермен физио­логиялық жаттығуларды онлайн түрде өткізіп жатырмын. Залда бокс бапкерім де бар. Дайындығым жақсы. Жанкүйерлерді жеңіспен қуантуға тырысамын! – деп уә­десін берді боксшы. Спорт мамандары қос бокс­шы да жеңісті серияларын жалғас­тыратынына сенімді. Алайда жекпе-жек күні жақындағанда, қарсыластардың есімі жария­ланғанда болжам жасайтын са­рап­шылар да, букмекерлік кең­селер де көбейе түсері анық. Сол кезде қарсыластардың мық­ты, әлсіз тұстары талданады. PR-менеджер, спорт журналисі Cерік Ноян Садриддиннің өзге бокс­шылардан артықшылығын, ал­дағы кездесудегі жеңіске жетуге де­ген мүмкіндігін айтып берді. – Садриддин Ахмедов – та­лант­ты боксшы. Рекорды қан­ша жақсы көрінгенмен, әзір­ге кәсіпқой рингте мықты қарсы­ластармен кездесті деп айта алмаймын. Оның рингте жасай­тын шоулары керемет. Келешекте Рой Джонс секілді үздік бокс­шыға айналса деген тілегім бар. Оның бұған толық қабілеті же­теді. Бірінші орта салмақтан өзге салмақтарға ауысуға да мүм­кіндігі жоғары.  Шаршы алаң­да өте жылдам қимылдайды, ком­бинациялық шабуылға да сәтті шығады. Сериялы соқ­қылары да қарсыласқа көбіне дөп тиеді. Бірақ чемпиондық атақ­қа қол жеткізуге оған  әлі ерте се­кілді. Болашақта мен оны Аме­рикадан көргім келеді. Жас әрі жылдам боксшы. Екі-үш жылдан кейін нағыз чемпиондық айқастарға шығатын шығар. Бол­жамым бойынша, ол кейін қазақ боксшылары арасында чем­пиондық атаққа қол жеткізген ең жас боксшы болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, Садриддиннің бокстағы болашағынан зор үміт күтемін, – дейді спорт шолу­шысы. Ол сонымен қатар Ма­дияр Әшкеевтің де бабын жоғалт­пағанын, желтоқсандағы жекпе-жекті сәтті өткізіп, келер жылы есім-сойы көпшілікке таныс бокс­шылармен жұдырықтасуы мүмкін екенін айтты. – Мадияр кәсіпқой бокстағы қазіргі қазақ боксшыларының алдыңғы шебінде жүрген тә­жірибелі боксшылардың бірі. Astana Arlans сапында да біршама жекпе-жек өткізді. Өкініштісі, жасы біразға келіп қалды. Жеке шеберлігіне келер болсақ, сал­қынқанды, соққылары діт­теген жеріне дөп тиетін қырағы бокс­шы. 32-де болса да, шаршы алаң­да ширақ қимылдайды. Го­ловкин секілді 36 жасында да ринг­те атой саларына сенемін. Менеджері әйгілі Эгис Климас оны үздіктермен кезіктірер күн жақын. Сондықтан Мадияр ке­лер жылдан бастап титулдық ай­­қастарға шығып қалатын шы­ғар, – деген Серік боксшыға баға бе­ріп қана қоймай, оның алдағы маңызды кездесулеріне де болжам жасады. Сәтін салса, мұхиттың арғы жағында еліміздің атын шы­ғарып жүрген отандық бокс­шылар Садриддин мен Мадияр жыл соңына таман тағы бір үл­кен сынақтан өтеді. Екеуі де қарсыластарын сенімді түр­де жеңіп, жылды сәтті қорытын­дылауға, көрермендерін қуан­туға ниет танытып отыр. Боксшылар­дың байрақты бәсеке қарсаңында бабы мен бағы қатар шапсын дей­міз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ