Реформа көп, нәтиже аз
Реформа көп, нәтиже аз
233
оқылды

Былтыр шілде айының со­ңында қылмыстық заң­на­маны ізгілендіруге бағыт­тал­ған заң күшіне енді. Бас прокуратура жобасын жаса­­ған заң азамат­тар­дың конституциялық құ­қын қорғауды нығайтуды және құ­қық қорғау қызметін ізгі­лен­ді­руді көздейді. Осы заңнан кейін Қылмыстық кодекстің 262 бабына, Қылмыстық-про­­цестік кодекстің 45 және Қыл­мыс­тық-атқару кодексінің 9 ба­бына түзетулер енгізілді.

Бұл түзетулер еліміздің қылмыс­тық-құқықтық саясатын жазалау­шы­дан құқық қорғаушы қызметке ауыстыруға ықпал етуі тиіс. Мыса­лы, орташа ауыр және аса ауыр емес, сондай-ақ кісі өліміне соқтыр­ма­­ған 247 қылмыс түрі бойынша ба­ламалы жаза түрінде қоғамдық жұ­мысқа жегу елімізде алғаш рет енгізілді.

«Бұл өз кезегінде соттал­ған­дар­дың еңбегін қоғам игілігіне пайда­ла­нуға мүмкіндік береді. Айыппұл­дың ең төменгі мөлшері 500 айлық есептік көрсеткіштен 200 АЕК-ке (1,2 млн теңгеден 481 мыңға дейін) тө­­мендетілді. Ал оны төлеудің мер­зі­мі ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бо­йынша 6 айдан 3 жылға дейін ұл­ғай­тылды. Бұл мыңдаған азамат­тың айыппұл көлемін және өтеу мер­зімін ұзарту бойынша сотқа жү­гі­­нуіне мүмкіндік береді» дейді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Жалпы, еліміздің құқықтық даму саясаты туралы сөз қоғағанда   ұлт­тық заңнамамызды жетілдіруде жаңа мақсат көздеген ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжы­рым­дамасын айналып өтуге бол­май­ды. Себебі бұл Тұжырымдама құ­қық қорғау мен сот жүйесін дамы­туды, әлем тәжірибесінің озық үлгілерін ескеріп, құқықтық-демо­кра­тиялық қоғам құруды мақсат еткен. Айта кетейік, бұл құжатқа дейін 2002 жылдан дәл осындай тұжы­рымдама қолданыста болған. Ол құжатта ұлттық заңнаманы түбе­гейлі реформалау,   әлемдік стан­дарттарға жақындау туралы кеңі­нен айтылған. Бұл ретте алғаш­қы тұжы­рымдама өз міндетін орын­дады деуге негіз бар. Өйткені Қа­зақ­стан­дағы қылмыстық заңна­ма­ны ізгі­лендіру туралы ең алғаш сол құжатта жазылды. Сөйтіп, қыл­мыс­­тық ко­декс­тегі өлім жазасына мораторий енгі­зілді. Еңбек, бюджет, жер, эко­ло­гия, салық сияқты аса маңызды кодекстер жасалып бекі­тілді. Бұ­рын-соңды елімізде жұмыс істеме­ген Адам құқықтары жөнін­дегі өкіл институты енгізілді.

Ал біз бүгін сөз ететін 2010-2020 жыл­­дарға арналған Құқықтық сая­сат тұжырымдамасында   ұлттық құқық­тың негізгі салаларын дамыту мен құқық қорғау және сот жүйе­лерінің қызметін нығайтуға басым­дық берілген. Өткен жылдың шіл­де­сінде күшіне енген қылмыстық заңнаманы ізгілендіру туралы заң да 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырым­дамасы аясында жүзеге асты.

Аталған заң шеңберінде мен­шік­­ке қарсы, экономикалық және кейбір қылмыстар бойынша айтар­лық­тай, ірі және аса ірі залал мөл­шері 2 есеге дейін жоғарылатылды. Бұл түзетулер сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу мен алаяқ­тық үшін бас бостандығынан айы­рылған 2,5 мың тұлғаға қатысты болды.  

«Қылмыс құрамы ауыр 12 қыл­мыс бойынша баламалы жаза ре­тінде соттар бас бостандығынан шек­теуді тағайындауы мүмкін. Олар­ға әскери, экономикалық, ла­уа­зымдық және меншікке қатыс­ты қылмыстар жатады. 32 қылмыс бойынша, оның ішінде 13 эконо­ми­ка­лық қылмыс бойынша бас бос­тан­дығынан шектеу мерзімінің жо­­ғарғы шегі 2-3 жылға төмен­де­тіл­ді. Қысқа айыппұлдардың қолдану аясы кеңейді. Енді алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу бойынша айыппұл мөл­шері келтірілген залал кұнының 10-нан 20-ға дейін еселенді» дейді Марат Мұратұлы.

Сотталғандардың қоғамға қауіп­ті емес санатына және алғаш рет 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­ды­ғынан айырылғандарға бас бос­тан­дығынан шектеу түріндегі жаза­ны өтеу шарттары жеңілдетілді. Олар қауіпсіздігі төмен мекеме­лерге жіберіліп жатыр. Былтырғы дерек бойынша, қауіпсіздігі төмен меке­мелерге қатаңырақ режимдегі 400 сотталған азамат ауыстырылуы тиіс болған. Ізгілендіру 5 мыңға тар­та адамға ықпал етеді деген бол­жам бар, бірақ бұл 5 мың адам бір ме­зет­те босатылады дегенді біл­дір­мейді. Бұл үрдіс кезең-кезеңімен жүргізі­ле­ді.

Сотталғандардың арасында жаза­ның едәуір бөлігін өтеген, сон­дай-ақ залалдың орнын толтырған және жүріс-тұрысы оң азаматтарды сот сол мезетте босата бастады. Бас­қа сотталғандарға жаза мерзімін тө­мендетеді, жазадан шартты түрде мер­зімінен бұрын босату мен жаза­ның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға жақын­да­тады. Өткен жылдың екінші жар­ты жылдығынан бастап, қыл­мыс­тық тергеу органдары мен сотқа неғұрлым жеңіл шараларды қол­дану мүмкіндігін қарастыру және оларды қолданудың мүмкін еместігі бойын­ша себептерді негіздеу міндеттеледі.

Мәжбүрлі еңбектің жалпы мерзімі бір жылға 100 сағатқа дейін қысқартылған. Ал тұрақты тұрғы­лық­ты жері бар немесе оқудағы сот­талғандарға мәжбүрлі еңбек қол­да­нылмайтын болды.

Құқық саясат тұжырымдасының екінші бағыты бойынша   Ішкі істер департаменттері мен Жергілікті по­ли­ция қызметінің жанынан Ішкі іс­­тер министрлігінің облыстық по­ли­­ция департаменттері құрылды. Бұл дара басшылық пен тікелей ба­ғыныстылық принципін сақтай­ды.

Енді ішкі істер министрінің ұсы­нуы бойынша полиция депар­та­менттерінің бастықтарын қыз­метке облыс әкімдері тағайын­дайды және босатады. Бұл құқықбұзушы­лық­тың алдын алудың тиімділігін арттырады деген үміт бар.

Жасыратыны жоқ, қоғамда қыл­­мыстық заңнаманы ізгілендіруге қатысты түсініспеушілік бой көр­се­тіп тұрады. Сондықтан мына жайт­тың басын ашып айту ләзім: ауыр қылмыстар – кісі өлтіру, зор­лау, азап­тау, экстремизм мен тер­роризм және қылмыстың ұйымдастырылған түрлерін жаса­ған­дарға ізгілендіру қолданылмайды!

Бір айта кетері, еліміздегі құқық қорғау саласында реформалар жүр­гі­зілген жылдары қылмыс 7-10 пайызға төмендеген. Мысалы, 2012 жылдан бастап түрмедегілердің саны 19 мың адамға азайды, егер 2012 жылы түрмелерде 52 мыңнан астам адам болса, былтыр олардың саны 33 мыңды құрады. 2012 жыл­мен салыстырғанда 2017 жылы ауыр және аса ауыр қылмыс саны 22, зор­лау дерегі 43 (2,3 мыңнан 1,3 мың­ға) және қарақшылық 59  (1 700 мың­нан 700-ге) пайызға азай­ған. Ал түрмеде отырған адам­дар­дың ин­дек­сі бойынша Қазақстан 220 мем­лекеттің арасынан 78-ші орынға көтерілді.

 

Айдана БЕГІМ