Бәсеке болмай, бәйге жоқ
Бәсеке болмай, бәйге жоқ
351
оқылды

Жуырда дүниежүзілік эко­но­микалық форум Жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік (ЖБҚ) ин­дексі бойынша рейтингті жа­рия­лады. Қазақстан өткен жыл­мен салыстырғанда, 4 сатыға жоғарылаған. Былтыр осы рей­тинг­те 59-орында бол­­са, биыл 55-сатыға көте­ріл­­ген. Бұл елі­міз­дің жаһан­дық бәсекеге қабі­лет­тілігі едә­уір жақсарды де­ген­ді біл­діре ме? Қандай көр­сет­кіш­тер бойынша ілге­ріле­дік? Рей­тинг­те көш бастап тұр­­ған мем­ле­кеттер қайсы? Cтра­­те­гия­лық бастамалар ор­та­­лығы осы сұрақтардың жауа­бын із­деп көрген еді.

Биыл рейтингте 141 елдің, яғни әлем халқының 94 пайызының жағ­дайы сарапталған. Өткен жылы қа­тысушы мемлекеттің саны 140 бо­л­ды. Бұдан басқа, аталған елдер­дің өндірістік жиынтық көлемі әлемдік ІЖӨ-нің 98 пайызын құ­рай­ды. Жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік индексінің жаңа әдісте­ме­сіне сәйкес, 103 көрсеткіш бойынша ба­ға берілген. Әйтсе де, бағамдап қара­ған жан осы рейтингте үздік 30-дыққа кіретін елдердің өзгере қоймағанын аңғарады. Олар жай ғана бір-бірімен орын алмастырған. Тек үздік отыздықтан Чехияны ысырып шығарып, оның орнына жайғасқан Италияны ерекше атап өтуге болады. Биыл алғашқы бестікке Сингапур, АҚШ, Гонконг, Нидерланды және Швейцария кіріп отыр. Қазақстан ЖБҚ рейтингінде 55-орынға тұрақтағанын айттық. Бір жылдың ішінде төрт орынға алға жылжу – тамаша көрсеткіш. Біз Түркия, Оңтүстік Африка респуб­ли­ка­сы, Бразилия, Хорватия, Сер­бия және Грекияның алдына шық­тық. ТМД елдерінде алдымызда 43-орын­ды иемденген тек қана Ресей бар.

Қалай дегенде де бұл рейтингтің орны бөлек. Осы рейтингке ел Үкі­меті аса зор мән беріп, алдыңғы қа­­тардан көрінуге барынша күш са­лып келеді. Кезінде бәсекеге қабі­лет­ті 50 елдің қатарына кіруге бас­та­ма көтерілді. Сосын 30-дыққа кіру жайлы алдымызға мақсат қой­дық. Міне, алға қойған мақсаты­мызға жету жолында осы рейтингтің тікелей қатысы бар. Биылғы көрсет­кіш­­ке қарап ел Үкіметі бекерге осы рей­тингте алдыңғы қатардан кө­рі­ну­ге бел бумағанын аңғаруға болады.

Иә, дамыған 30 мемлекеттің қата­­рына кіру туралы ой бүгін ғана айты­лып отырған жоқ. 2014 жылы мемлекет басшысы бекіткен «Қа­зақ­­станның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөнін­дегі тұжырымдама» – бұған дәлел. Тұ­жы­рымдама еліміздің ағымдағы жағ­дайын талдауды, ұзақмерзімді жаһан­дық трендтердің, сын-қатер­лер мен мүмкіндіктер сипаттамасын, елдің 2050 жылғы пайымын, стра­те­гиялық даму бағыттарын қамти­ды.

«Бәсекеге қабілеттіліктің 12 фак­то­­рынан 5 фактор бойынша жақ­сару, 4 факторда төмендеу, ал қал­ған 3 фактор бойынша өзгеріс жоқ. 103 индикатор бойынша 33 ин­дикаторда жақсару, 49 индикатор бо­йынша төмендеу және 21 инди­ка­тор өзгермеген. Атап айтар бол­сақ, «Еңбек нарығы» факторы бо­йын­ша 25-орынға шығып, 5 сатыға алға жылжыдық. «Бизнес қарқын­ды­­лығы» – 35-тен екі сатыға алға жыл­­жыған. Әрине, бірден төрт са­ты­ға алға жылжу мақтанарлықтай-ақ жағдай, бірақ арқаны кеңге салу­ға болмайды. Өйткені осы рей­тингте соңғы үш жылда еліміздің осал тұсы болып келген «Қаржы жүйе­сі» (104-саты), «Халық денсау­лығы» (95-саты), «Инновациялық потенциал» (95-саты) факторлары әлі де солай болып тұр. Соңғы 3-4 жылда осы факторлардан өте төмен көрсеткішке ие болып отырмыз. Бұл Үкіметтің баса назар аударатын сала­лары деп есептеймін» дейді Стра­­тегиялық бастамалар орталы­ғы­­ның жобалар жөніндегі дирек­торы Бақытжан Сәркеев. Ол рей­тинг­те «Қаржы жүйесі» неліктен төмен орын алып отырғанына да тоқталды. Сарапшының пайым­да­уынша, ол экономиканы несиелеу көлемінің (бұл ішкі жалпы өнімнің 33,5 пайызын ғана құрап отыр) тө­мен­дігімен, жұмыс істемейтін несие үлесінің жоғарылығымен және сақтандыру нарығының дамымауы­мен байланысты. Бұдан басқа, кә­сіп­­­орын жетекшілерінің сауал­на­ма­ға берген жауабына қарағанда, елі­міз­де шағын және орта кәсіп­орын­­­дардың қаржы ресурсы (рейтингте 87-орын) мен венчурлік капиталға (89-орын) қолжетімділігі шектеулі күйінде қалып отыр. Ал банктерге деген сенімділік те төмен (121-орын) деңгейде. «Денсаулық» фак­торы бойынша бізде орташа ұзақ жасау мөлшері – 62 жас. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш орташа 70 жас­тан жоғары. Инновациялық по­тен­циал, кластерлік жүйенің да­муына да көңіл көншімейді. Әрине, бұл тұжырымдарға қарап, «тым артта қалып келе жатыр екенбіз» деп ой қорытуға болмайды. Рейтин­гі­­мізді арттыруға мүмкіндіктер бар­шы­лық. Бұл рейтингтің ұтым­ды­­лығы елдің тек макроэ­ко­но­ми­калық жағдайына ғана емес, денсаулық сақ­тау, білім жүйесін де бағалайды. Бі­лім саласының өзіне терең бой­лап, олар қаншалықты нарық сұра­ны­сына сай білікті маман дайын­дап жатқанына да мән береді. Рей­тинг инновациялық потен­циал­ға, тауар нарығына, бәсекелестік деңгейіне, институт жағдайына, тағы басқа да көптеген факторларға баға береді. Егер үздік 30-дықтың қатарына кіруді алдымызға шындап мақсат етіп қойсақ, онда біздің өмір сал­­ты­мыз­дың барлық қырынан өте сапа­лы болуын қадағалауға тиіспіз. Ол үшін экономикалық рефор­малар­ға терең бойлауымыз қажет. Адамдар­дың ұзақ та бақытты өмір сүруі үшін бизнестің, инновацияның, адами капи­талдың дамуына барлық жағ­дай жасауымыз керек.

«Факторлардың ішінде «Еңбек нары­ғы» бойынша көрсеткішіміз жақсы. Бұл – жұмыс берушілерге жақсы жағдай жасап отырғанымыз­дың дәлелі. Дегенмен бұл факторды екі қырынан алып қарауға болады. Әрине, жұмыс берушілер үшін жағдай жасалғаны құптарлық, бірақ бұл фактордың ішінде «Жұмысшы­лар құқығы» деген де көрсеткіш бар. Міне, осы жұмысшылар құқығы жөні­нен біз 93-орындамыз. Жұмыс­шы­лар құқығы сақталмайтынының көр­сеткіші – осы. Көрсеткіш қоғам­да жұмыс берушінің жұмысшыларға әділетсіз қарым-қатынасының бар екенін білдіреді. Бұл, әсіресе шетел­дік­тердің қатысы бар компанияларға байл­анысты. Сондай-ақ «Бизнестің қарқындылығы» факторы бойынша көрсеткішіміз жақсы. Бұл – мемле­кеттің бизнесті қолдауының нәти­же­сі. Соңғы жылдары бұл салада аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Бізде бизнес ашуға жақсы жағдай жасал­ған, көпшілік арасында кәсіпкерлік­пен айналысуға деген құлшыныс басым. Мұның бәрі оң қыры болып саналады. Сосын «Ақпараттық-ком­муникациялық технология» факто­ры бойынша 44-орындамыз. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Біз өте жақсы көр­­сеткішке ие «Акционер­лер құқы­ғы» факторы бар. Бұл фак­тор­да жақ­сы нәтижеге қол жеткізуі­міз Doing Business бойынша кезінде акционер­лер құқы жөніндегі заңға өзгерістер енгізіп, олардың елімізде жұмыс істеуіне мейлінше барлық жағдай жасалған. Бір айта кетерлігі, мұнда акционердің қамын көбірек ойлап, оларға жағдай жасалған да, бірақ бұл жерде басқа ескерілмей қалған нәр­се­­лер көп. Ал біз бәрін де ойлауы­мыз керек. Біздің меңзеп отыр­ғанымыз жұмысшыларға және ми­нитарлық акционерлерге жағдай жа­сау жайы, – дейді Бақытжан Сәркеев.

Қазақстан өзге мемлекеттерді жеке­леген индикатор есебінен ғана емес, жалпы рейтинг бойынша да басып озып отыр. 2019 жылы төрт мем­лекетті артта қалдырғанын айт­тық. Осы рейтинг арқылы елі­міз­дің макроэкономикалық көр­сеткішін білуге болады. Рейтинг­те білім, ден­сау­лық сақтау, тауарлар нарығы, қар­жы жүйесі және инновацияларды дамы­ту саласына да баға беріледі. Сон­дықтан аталған рейтингтің дү­ние­жүзі бойынша салмағы аса зор. 1979 жылдан бері бүкіләлемдік эко­номикалық форум Жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік индексін анық­тап келеді. Қырықжылдық тарихы бар рейтингте 2015 жылы 42-орынды ием­денгенімізді ескерсек, алдағы уақытта да алға қарай жылжуымызға мүмкіндік бар деп үміттенуге әбден болады. Ол үшін осал тұстарымызды анықтап, әлі де ширай түсуге тиіспіз.