Бізде бәрі де жақсы. Тек...
Бізде бәрі де жақсы. Тек...
273
оқылды
Бұл жолғы әңгімеміз балалар үйі қабырғасынан әлдеқашан түлеп ұшқан, бүгінде өмір қиындықтарымен де бетпе-бет келіп, тайталаса тірлік кешіп жатқан 18-19 жас аралығындағы бозбалалар мен бойжеткендер туралы болмақ. Олар үлкен өмірге бірден бейімделіп, кірігіп кете алды ма? Мемлекет тарапынан бұл санаттағы көкөрімдерге көрсетілген көмек қандай? Жетімдіктің жер-жебірлеріне, жекен-суларына жеткендей болған өксік-өкініштерінен арылып, өмірден өз жұбаныштарын таба алды ма? Жоқ, әлде әлі де қорғансыздың күнін кешіп жүр ме? Нұр-Сұлтан қаласындағы Кәсіптік техникалық колледжін бітірушілердің бір тобымен сұқбатымыз барысында, міне, осы жайлар басты әңгіме арқауы болып өрілді. Аталмыш оқу орны оларға одан әрі өмір сүру үшін не қажеттің бәрін де берген сыңайлы. Оқу, тәрбие жұмыстарын айтпағанда, олардың белгілі бір мамандықтың қыр-сырына қанығып, жан-жақты меңгеріп шығуларына да мүмкіндік жасалған. Колледж қабырғасында оқып, үйренген кәсіптері енді олардың «дүниенің кетігін тауып, кірпіші болып қалануларына» әбден жарап тұр! Дегенмен бұл балалар үйінде тәрбиеленген жандардың айтар базынасы бар. Ол жасыратыны жоқ, баспана жайына да келіп тіреліп отыр. Бәрі болмаса да, көбісі баспана жоқтықтан, тағдыр тауқыметін тартып отырғанын айтуға болады. Соның салдарынан қазір балаларын құшақтап, жалғызбасты ана атанып отырғандары да жоқ емес. Бұдан шығатын пайым, әлі де болса, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жайын електен өткізетін арнайы орындардың жоқтығы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы @ns_jastary мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы @qazaqtili_qogamy «Интернаттан кейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасын қолға алған болатын. Қазір жұмыс барынша жүріп жатыр. Дегенмен бұл жобалардың да тек қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін, ең алдымен олардың жағдайын, қалай өмір сүріп жатқанын білу маңызды болып отыр. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласындағы Кәсіптік техникалық колледжін бітіріп кеткен түлектердің қазіргі тағдыры қалай болып жатыр деген мәселені зерттеп көрген едік. Жақсы Айзада Ахметова: – Жолдасым Арман да, мен де балалар үйінде тәрбиеленгенбіз, жоғарыда аталған колледжді де бірге оқып, бітірдік. Ол машинист- эксковаторшылық, мен аспаздық мамандықты игеріп шыққанбыз. Екеуіміздің үйленгенімізге үш жыл болды. Әзірге ортамызда бала жоқ. Жиырма екі жасқа енді толамын. Болашағымыз әлі алда деп ойлаймын. Ең бастысы, өте тату тұрамыз. Бізде бәрі де жақсы. Тек жеке пәтеріміздің болмауы қабырғамызға батып жүр. Өзге амалымыздың жоқтығынан, елорданың өзінде емес, Ақмола аумағында 55 мың теңгеге бір пәтер үйді жалға алып, тұрып жатырмыз. Мемлекеттен берілер пәтер үйдің кезегіне Арман 401-інші, ал мен 73- інші болып тіркелгенмін. Қарлыгаш: –Дамир деген жігітке тұрмысқа шыққан едім. Ол да, мен де жетіммін. Колледжде оқып жүргенімізде танысқанбыз. Арамызда екі қыз, бір бала бар. Олардың үлкені сегіз жаста. Нұр-Сұлтан қаласындағы бір жатақханада айына 90 мың теңге төлем тұрып жатырмыз. Мұнда пәтер үйлердің ең арзаны 120 мың теңге ғой! Осы, басқа да тұрмыс жағдайлары әсер етті де, Дамир екеуіміз, ақыры, ажырасып тындық. Оған да, міне, екі айдың жүзі толды. Айтпақшы, осы аядай бөлмеде өзіммен лицейде бірге оқыған Жанбота құрбым екі баласымен бірге тұрып жатыр. Өмір жолы дәл меніңкіндей. Ол да күйеуінен ажырасқан. Ажырасудың себебі тұрмыстың ауырлығынан ғой, енді. Жеке пәтер үйіміздің жоқтығының, уақтылы берілмеуінің осындай ауыр салдарлары болып жатыр. Бір үйде құрбым екеуіміз бес баламен тіршілік кешірудеміз. Жеке пәтер үй жалдайық десек, олардың қожайындары балаларымызбен қабылдамайды. Мемлекет тарапынан берілуі тиіс пәтер үйдің кезегінде 2010 жылдан бері тұрамын. 600-інші ретпен кезекке тіркелгенмін. Содан бері ілгері жылжитын кезекті көрмедім. Қазір жасым 26-да. Баспанаға қашан қол жеткізерім бір Құдайға ғана аян. Айгүл: – Біз, күйеуім Сұлтан екеуіміз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Үйленгенімзге биыл 8 жыл толады. Бұрын Талдықорған қаласында тұрғанбыз. Бізді пәтер кезегіне ешкім, ешқайда да тіркетпеген екен. Соның бәрін өзімнің реттеуіме тура келді. 2015 жылы Астана қаласы бойынша үй кезегіне тіркеліп, құжаттарын ресімдедім. Қазір № 2500-ші кезекте тұрмын. Бес жыл ішінде кезегім 100-ге гана алға жылжыды. Үйің болмай, күйің болмайтыны белгілі. Күйеуімнің жұмысы бар. Пәтер жалдап тұрады. Ал мен туысқандардың үйін паналауға мәжбүр болып отырмын. Яғни екеуіміз екі жақтамыз. Бастапқыда жатақхананы жалға алып тұрғанбыз. Оның бөлмелері сыз болды да, осылай жасауыма тура келді. Несиеге жеңіл автокөлік те алған едік. Жағдайымыз көтермей, оны қайта сатып жібердік. Ақша жинап жатақханадан бір бөлме, болмаса пәтер сатып алсақ дегенбіз. Әзірге бұл бізге арман ғана болып тұр. Орынбасар: – Біздің де басыбайлы баспанамыз жоқ. Нұр-Сұлтан қаласында тұрамыз. Шама-шарқымызға қарай пәтер жалдаумен келеміз. Үйленгенімізге 4 жыл толды. Өзімізге тұрғын үй алуда жеңілдіктер қарастырылғанын кезінде білмедік. Ондайды бізге айтып, ақыл-кеңес берген де ешкім жоқ. Осы жылғы тамыз айында ғана тиісті құжаттарын рәсімдеп, пәтер кезегіне тіркелдік. 2100 -інші ретпен. Бір қыз өсіріп отырмыз. Құдайға шүкір, екеуіміздің де жұмысымыз бар. Өте тату тұрамыз. Бұл біздің басты жетістігіміз деп ойлаймын. Күйеуім Капитан екеуіміз бір балалар үйінде тәрбиелендік. Мен 25- темін, ал ол 24 жаста. Болашағымыз әлі алда деп ойлаймын. Баспаналы болатынымызға да бек сенімдімін. Тек тиісті құзырлы органдар тарапынан бұл іске аз-кем қозғау болса екен.  Альфия Ягупова: – Күйеуім Виктор Елесеев екеуіміз тату-тәтті отбасылардың біріміз деп есептеймін. Екі ұл бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Жеке пәтеріміз де бар. Кезінде мемлекет тарапынан берілген. Елордада тұрамыз. Мұнда бәрі де жақсы. Бары-жоғы 22 жасқа енді толдым. Болашағымыздың, әсіресе, балаларымыздың болашағының жарқын боларына сенімдімін. Виктор екеуіміз де орта арнаулы оқу орнын бітіргенбіз. Автосервистік қызмет көрсету бойынша. Күйеуім жұмыс істейді, ал мен әзірге бала күтімімен отырмын. Мадина: – Біз, күйеуім Руслан екеуіміз – бақытты отбасылардың біріміз. 2001-де отау құрдық. Нұр-Сұлтан қаласында тұрамыз. 9, 7 және 4 жастарда үш баламыз бар. Мемлекет тарапынан берілген екі бөлмелі пәтер үйде тұрамыз. Күйеуім жұмыста, ал мен бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Балалардың тамағын пісіремін, бой-бастарына қараймын. Әйелдің бір бақыты балалары емес пе? Кенжеміз аяғына тұрған соң, аспаздық кәсібімді қайта жалғастырсам деймін. Күйеуіме көмектесуім керек қой! Қазір жасым 28 –де. Екі жақтап жұмыс істеп, табыс табатын кезіміз емес пе? Пәтер үйімізді дұрыстап жөндеп алсақ дейміз. Жатсам да, тұрсам да осы ой мазалайды да жүреді. Алға қойып отырған мақсатымның үлкені осы. Өзім осы астанамызда туып өскенмін. Ал күйеуім – Петропавл жақтікі. Екеуіміз де тұлдыр жетімбіз. Анасыз қалып, ол үлкен нағашы әпкесінің, мен әжемнің қолында өскенбіз. Кейін бізді балалар үйінде тағдыр тоғыстырды. Ендігі жерде өзіміз ата, ана болып отырмыз. Балаларымыз аман болсын! Солар ат жалын тартып мініп, азамат атансын! Біздің Жаратқанға жалбарынып, күнде тілейтініміз де осы тілек.  
P.S. Әлбетте, кім-кімнің де өмір жолы біркелкі емес. Ол заңды да. Бір айта кетерлігі, жастайынан тағдырдың ауыр соққысына тап болып, әке-шешесіз тұлдыр жетім өскен буын өкілдерінің де мына сіз бен біз секілді өмір сүруіне, еліміздің толыққанды азаматы атануына құқы бар. Олар солай етіп те жатыр. Олардың да өнбойынан өмір сүруге деген зор талпыныс байқалады, алдан үміт сәулесі себездеріне, болашақтарының жарқын боларына сеніммен қарайды. Бәрінен де бүгінде өздері де балалы-шағалы болып, ұрпақ жалғастығын үзбей, ата-ана атанып отырғандарын айтсаңызшы! Енді олардың өздеріне ғана емес, балаларына да қамқорлық қажет.  Рас, тұрмыстың ауырлау соғуына байланысты ажырасуға мәжбүр болғандары да бар. Өмір болған соң, қиындық болмай тұрмайды. Оның сынағына шыдамай, ажырасуға мәжбүр болғандар өздерінің де басында бар жағдайды ой елегінен өтікізіп, ақылға келер, әкесіз тірі жетім болып өсудің ұрпақтарына жеңілге тимейтінін ескерер, отбастарына қайта оралар деп те сенеміз. Сұқбаттастарымыздың барлығы да балалалар үйлерінде, колледжде бірге болып, бірін-бірі ұнатып барып шаңырақ көтергендер екен. Мұндай таңдаулардың соңы сәтті жалғасып та жатыр. Болашақта алдан кездесер қиындықтарды екеу болу еңсеруге тәуекел етудің өзі қандай ғанибет! Олардың қай-қайсысының да өмір сүруге, еңбек етуге, отбасы құндылықтарын сақтауға деген құштарлықтары, осы күнгі тұрмыстарына қанағаттанушылық сезіммен, тіпті қуанышпен қарайтындықтары байқалады. Ауыр тұрмыс жағдайын иіндеріне жүктеп жүрсе де, бізбен жайдары сөйлесті. Бізді қайран қалдырған бір нәрсе, осынау әңгімелесуіміз барысында балалар үйінен шығып, соңыра жоғарыда аталған кәсіптік-техникалық колледжді оқып, түгескен бұрымдыларымыздың өнбойынан – сөздерінен де, өздерінен де тәрбиеліліктің, мәдениеттіліктің, кішіпейілділіктің, парасаттылық бен мейірімділіктің лебі аңқылдай есумен болды. Сол сәтте санамызға өмірдің мәнін, мағынасын, қуаныш пен қызыққа толы екенін дәл соларша ұға алсақ қой, шіркін деген ой үйіріле берген. Оларда бәрі де бар. Мамандықтары да, жұмыстары да бар. Басты байлық саналатын балалары желкілдеп өсіп келеді. Олар өздерінен гөрі сол балаларының жағдайын көбірек ойлап, қым-қуыт тіршіліктерімен болып, тап біз секілді өмір сүріп те жатыр. Тек ... оларға жетпейтіні жеке тұрғын үй ғана секілді. Сосын... осы тұрғыда туындайтын аздаған қиындықтар, тұрмыстық кикілжіңдер қылаң беріп қалатыны болмаса. Оларды баспаналы ету біздің тиісті заңнамаларымызда да қарастырылған ғой! Соған сәйкес олар тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болса, қалған мәселе өз-өзінен шешілетіні айдан анық.