Әлем чемпионын полицей атып өлтірген бе?
Әлем чемпионын полицей атып өлтірген бе?
165
оқылды

Грэпплин күресінен әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовтың әкесі тергеудің ұзаққа созылуына күдіктілердің полицияда қызмет атқарғаны себеп болуы мүмкін. Оның айтуынша, төбелесті ұйымдастырған адам бостандықта жүр.

Қылмыс 3 ай бұрын болған. 18 жастағы спортшы Есенбек Сиғуатов – грэпплингтен әлем чемпионы. Одан бөлек қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсумен айналысқан. Ұлттық құрамаға кіруге дайындалып жүрген ұлынан бір түнде айырылған ата-анасы әлі ес жия алар емес. Туған күнге кеткен ұлының денесін таңғы сағат 4-тер шамасында достары әкелген. Олардың айтуынша, ауылдастарын соққыға жыққандарға, себебін білуге барған. Сол кезде қарсыластары сөзге келместен оларға оқ жаудырған. Күдікті ретінде полиция қызметкері қамалған.

Спортшының әкесі Тоқсанбай Оразғали: «Күдіктінің біреуі қаруды жасырған. Екіншісі мылтықты атқан. Екеуі де водный полицияда жұмыс  жасағандар. Қару жасырған действующий сотрудник болып кетіп бара жатыр. «Атты» деген күдікті 2-3 күн бұрын шығып кетті деп бывший болып бара жатыр», – дейді.

Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын мәлімдеді.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша: «Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жалғасып жатыр.  Тағайындалған күрделі сараптамалар қорытындысы күтілуде.  Іс бойынша тиісті сараптама қорытындысына сай  шешім қабылданады», – дейді.