Ішкі нарығымыз қандай азық-түлікпен толық қамтылған?
Ішкі нарығымыз қандай азық-түлікпен толық қамтылған?
226
оқылды

Ақордада ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымовтың төрағалығымен Сарапшылық кеңес отырысы өтті. Жиында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері қаралды.

Аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, «Агроөнеркәсіп кешенін және елдің ауылдық аймақтарын дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес, халық бір жылда тұтынатын азық-түліктің 80 пайызы ел ішінде өндірілсе, онда мемлекет өзін өніммен қамтамасыз етеді деп саналады. Былтыр ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайызға жетті.

«Бұл ретте күріш, қой еті, жұмыртқа, ұн, нан, макарон, жарма, сүт, картоппен қамтамасыз ету 100 пайыздан асып отыр. Сиыр, шошқа және жылқы етімен қамтамасыз ету тиісінше 97,9, 98,2, 98,1 пайызды құрайды. Еттің ішкі нарығы импорттық жеткізілімдерге тәуелді емес. Өсімдік майымен қамтамасыз ету – 94,8, ашымал сүт өнімдерімен – 89,8 пайызды құрап отыр. Дегенмен, жекелеген тауарларда отандық өндірістің үлесі ішкі тұтынуда әлі де төмен. Олар: құс еті – 50,2 пайыз, ірімшік пен сүзбе – 58,4 пайыз, қант – 54,4 пайыз, шұжық өнімдері – 60,1 пайыз, алма – 69,5 пайыз, балық – 62 пайыз. Елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің бұл көрсетіштері АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау бағыттарын қалыптастыруда басты критерий саналады»,– деді министр.

Үкімет 2021 жылға дейінгі агорөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Ол аграрлық секторды кешенді және жүйелі әдістермен қамтамасыз етеді.

«Бағдарлама аясында 5 жылдың ішінде қайта өңделген өнім экспортының көлемін және еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыруға қол жеткізу міндеті қойылған. Қазіргі уақытта АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен толтырудың барлық қажетті шаралары қабылданған. АӨК-те 16 бағыт бойынша субсидияның 40 түрі бар», - деді С.Омаров.