Өзбекстандық ата-ана өз қызын өлтіріп, полициядан із жасырмақ болды
Өзбекстандық ата-ана өз қызын өлтіріп, полициядан із жасырмақ болды
253
оқылды

Құқық қорғау органдарын шатастырып, қылмысын жасырмақ болған ата-ана қызын жоғалтып жібермек болды. Ташкентте ата-ана өздерінің бес жасар қызын аяусыз ұрып өлтірді, деп хабарлады Sputnik Өзбекстан.

«4 қараша күні А. В. деген азамат құқық қорғау органдарына Бектемір ауданында орналасқан Compass сауда кешенінде қызы жоғалып кеткенін хабарлаған. Ташкент қаласының прокуратурасы мен ішкі істер бас басқармасы жедел тергеу тобын құрып, қызды табу үшін дереу барлық қажетті шараны қабылдады», - делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары қызды күні бойы іздеп таппаған соң, оны өлтіріп кетуі мүмкін деген болжам жасайды.

Нәтижесінде 25 қазан күні ерлі-зайыпты Сергели ауданындағы жалға алынған пәтерде ішімдік ішіп, түнгі сағат үштің шамасында баласын қасақана ұрып өлтіргені анықталды.

«Олар қылмысты жасырып, жазадан жалтару үшін мәйіттен құтылуды ұйғарған. Сол күні таңертең оны жол сөмкесіне салып, Ташкент облысының Бостандық ауданында орналасқан жалға алынған саяжайға апарып, өртеп жіберген. Ал толық жанбай қалған сүйектерді қапқа салып, Шыршық өзеніне лақтырып жіберген», – делінген хабарламада.

Ресми ақпарат бойынша, оқиға болған жерді тексеру барысында мәйіттің қалдықтары табылып, айғақ зат ретінде алынды.

Қозғалған қылмыстық іс аясында қасақана кісі өлтіруге күдікті ретінде А.В. мен М.Ф. қамауға алынды.

Тергеу шаралары жалғасып жатыр.