Таяуда Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен көшбасшы партияның Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген отырысы өткені мәлім. Отырыстың басты мақсаты Nur Otan сайлауалды бағдарламасының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысын талқылау болды.
Жалпы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға және экономиканы одан ары дамытуға бағытталған партияның «Қазақстан–2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асыру бағытында Үкімет пен партия бірлесе қимылдап келеді.
Бүгінде бұл маңызды құжаттардағы тапсырмалардың көп бөлігі толығымен орындалды деп айтуға болады.
Сайлауалды бағдарлама міндеттерін атқару үшін Парламент 72 заң, ал Ұлт жоспарын іске асыру үшін 68 заң қабылдады.
Nur Otan фракциясының депутаттары қазіргі кезде сайлауалды бағдарламаның және Ұлт жоспарының орындалу барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.
Атап айтар болсақ, «100 нақты қадамның» «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша едәуір жұмыс атқарылды. 2016 жылдан бері сот жүйесі қайта жаңғыртылып, 5 сатылы жүйеден 3 сатылы тәртіпке көшірілді. Судьяларды іріктеудің жаңа жүйесі аясында аудандық, облыстық және Жоғарғы сот судьялары лауазымдарына үміткерлер үшін біліктілік талаптары күшейтілді. Жоғары сот кеңесі жеке мемлекеттік орган мәртебесіне ие болды және жаңа форматта жұмысқа кірісті. Судьялардың халық алдында есеп беру тәртібін күшейту мақсатында «Қазақстанның сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңымен азаматтарға сот жюриіне судьялардың әрекеттеріне шағымдану құқығы берілді.
Елімізде Дубай тәжірибесіне негізделген Халықаралық төрелік орталығы құрылды.
Ұлт жоспарының 99-қадамына сәйкес, мемлекеттік шешімдер қабылдау ашықтығын арттыру үшін Парламент депутаттарының бастамасымен «Қоғамдық кеңестер туралы» жаңа заң жазылып, қабылданды. Қоғамдық кеңестердің құрамына қоғам қайраткерлері және белсенді азаматтар кіреді. Бұл заңның бірден-бір маңызы сол, енді халық пен билік арасында байланыс орнату арқылы мемлекеттік шешімдердің қабылдануына қоғам ықпал ете алатын болды.
Сонымен қатар фракция депутаттарының бастамашылығымен «Медиация туралы» заңға бірқатар түзетулер әзірлену үстінде. Медиация институты – екі тараптың өзара келісу және татуласу арқылы дауларды сотқа жеткізбей шешуінің ең қолайлы жолы. Осы институтты одан ары жетілдіру мақсатында депутаттар қолданыстағы заңға тиісті өзгерістер ұсынып отыр.
«100 нақты қадам» тапсырмаларының бір бағыты жеке сот орындаушылар институтын одан ары жетілдіруге қатысты. Бұл салада да халықаралық тәжірибені назарға ала отырып, фракцияның бір топ депутаты Сенаттағы әріптестермен бірге «Кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Қазір заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Ол әлеуметтік жағдайы төмен топтардың мүдделерін қорғауға және алимент төлемдерді өндіру тәжірибесін жетілдіруге бағытталған.
Nur Otan сайлауалды бағдарламасына сай, коррупцияға мүлдем төзбеушілікті орнату мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы қайтадан қаралып, жаңа редакцияда қабылданды. Заңда жемқорлыққа қарсы мониторинг, коррупциялық тәуекелдерді талдау, қоғам өзегіне түскен сол «жегіқұртқа» қарсы мәдениетті қалыптастыру сияқты алдын алу тетіктері енгізілді.
Қойылған міндет пен берілген тапсырмалардың орындалуына фракция депутаттары ары қарай бақылау жасай береді.
Отырыс барысында Елбасы фракцияның жұмысына да ерекше тоқталып өтті. Енді Nur Otan партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаттарының қызметі ары қарай жандандырылады.
Нақтылай кетсек, өңірлердегі халықпен жұмыс күшейтіледі, депутаттар ауыл-аймаққа барғанда міндетті түрде аудан мен ауылдар деңгейінде халықпен жүздеседі, қоғамдық қабылдаудар өткізіп, көкейтесті мәселелерді ортаға салып, жұртшылықпен талқылауы қажет.
Нұрлан ӘБДІРОВ,
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-
құқықтық реформа комитетінің төрағасы