Қалижан Әлжанов, Ангола соғысының ардагері: Анголаның азаттығы үшін күрестік
Қалижан Әлжанов,  Ангола соғысының ардагері: Анголаның азаттығы үшін күрестік
297
оқылды

Жуырда «Ангола: Африкадағы беймәлім миссия» атты деректі фильм жарыққа шықты. Осыған байланысты азаматтық соғыс ардагерлері жайында Ангола соғысының ардагері Қалижан Әлжановпен сұхбаттастық.

– Тәуелсіздік үшін 16 жылға созылған Анголадағы азаматтық со­ғыс жайында көп айтыла бер­мей­ді. Себебі неде?

– Расында да, қоғамда Ауған соғысы туралы айтылғанымен, Анголадағы азаматтық соғыстың ақиқаты жайында ешкім тіс жар­майды. Сол уақытта не үшін, қан­дай мақсатпен барғанымыз ресми айтылмады. Африканың батысын­дағы Анголаға біз бір-ақ күнде аттандық. Соңғы кезде қо­ғам­да ин­терно­ционалдық боры­шын өте­ген­дерге қатысты көзқарас екі түр­­лі. Себебі бірі – «олар туған жер үшін соғысқан жоқ» десе, екіншісі – «елден жырақта әскери боры­шын өтесе де, адам тағдырын ажал­дан ара­шалап қалған еңбегі еле­нуі қа­жет» дегенге саяды. Жыл­дар бойы Португалияның отары бол­ған елге тәуелсіздік алу қиынға түс­ті. Тек 1975 жылы 11 қарашада еге­мен­дігін жариялауға қол жет­кізді.

– От пен оқтың арасында жүріп, әскери кадр даярлаған еңбектеріңіз неліктен осы күнге дейін құпия сақталды?

– Анголада жергілікті халық отаршылардың үстемдігіне қарсы азаттық күресін табандылықпен жүргізді. Соғыс даласындағы ең қауіптісі – тұтқынға түсіп қалмау. Түс­кен күнде де кеңес әскері еке­нін білмеуі керек болатын. Анго­лада тәуелсіздік үшін табанды күрес 1961 жылы басталған. Олар Португалия басқыншыларына қарсы тойтарыс беруге жанын салды. Сол жылы мамырда кеңес өкіметі «Анголадағы жағдай тура­лы» арнайы мәлімдеме жасады. Дүниежүзі бірлесіп, Ангола халқы­ның құқын қорғауға атсалысуға шақырды. Сол жылдан бастап Кеңес өкіметі Анголаның азаттығы үшін көмек қолын созды. Жауын­гер­лерін оқыту үшін командир, нұсқаушы, үйретушілер жіберді. Біз жергілікті халықтан әскер да­йын­­­дадық. КСРО қару-жарақ­пен де көмек берді. Бұйрық келген соң бір-ақ күнде Анголаға аттандық. Беймәлім миссия туралы бізге ол кезде айтуға болмайтын. Тәртіп солай. Әскери міндетін абыроймен атқарған қатарластарымның жан­кеш­ті еңбегі бейбіт күнде еленсе деймін.

– Анголадағы соғыс жайында түсірілген фильмде кадрдан тыс қандай мәліметті айтар едіңіз?

– Фильмнің басты идеясы – бейбіт тұрғындардың өмірі, отар ха­лықтың азаттыққа ұмтылған ел­­дің ерлігін көрсету. Азаматтық со­­­ғысқа қатысқан КСРО құрамын­да­ғы елдердің жауынгерлік ерлігін на­сихаттау. Сондықтан әрбір сар­баз фильмді көруі керек деп ойлаймын. Әрине, фильм түсіру, кітап жазумен насихат шектел­ме­ге­ні жөн. Халық интерноционал­дық борыштың мән-жайын тере­ңі­рек түсінсе дейміз. Сол кездегі Мәс­кеу­дің бұйрығымен партия биле­ті­мізді Орталық комитетке тап­сыр­дық. Бір-ақ күнде шекара асып, соғыс болып жатқан елге ке­те бардық. Жас ұрпаққа әскери-пат­риоттық тәрбие беру үшін ке­йінгі кезеңнің тарихын білу ма­ңыз­ды.


КСРО-ның басқа республика­ла­ры сияқты Қазақстанның әскери қызметшілері Ауғанстанда ғана емес, Вьетнам, Камбоджа, Ни­ка­ра­­гуа, Таяу Шығыс және Сирияда әскери борышын өтегенін халық­тың барлығы бірдей біле бермейді. Ливия, Египет, Эфиопия, Судан, Мозамбик, Замбия, Ангола, Куба­да да борышын өтегендер бар. Алыс аймақтағы соғыстарда жүз­деген кеңес сарбазы, офи­цер­ле­рі қаза болды. Анголадағы соғыста аза­маттық қақтығыстың шиеле­ніс­кен кезеңінде дөп келдік. Ол заманда басқа елге ұлттық армия құруға көмектесті. Тәжірибесімен бөлісті. Фильм түсірудегі басты мақ­сатымыз – қазіргі ұрпақ бей­біт­шіліктің қадірін біліп, баға­ла­ға­ны абзал. Тәуелсіздік алғаннан ке­йін посткеңестік кеңістік елде­рін­­де азаматтық соғыстар мен қақтығыстар болып жатыр. Сон­дық­тан біз қол жеткізген бейбіт­ші­лік­ті сақтап, жас ұрпаққа әскери борышын абыроймен атқаруды үйрету — азаматтық парызым. Болашақ сарбаздарды отаншыл­дық рухта тәрбиелеу міндет.

– Патриозмді насихаттауды кү­­шейту үшін қандай ұсыныз айта­сыз?

– Әскери салада 30 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Құрметті зей­нетке шықтым. Ендігі мақ­са­тым – жас сарбаздарды тәрбиелеу, пат­риотизмді насихаттауға атса­лы­су. Отан үшін от кешетін әскери қыз­меткерлерді шыңдау үшін Қор­ға­ныс министрлігі көптеген жо­баны іске асырып жатыр. Тә­уел­сіз елдің армиясы Отан қор­ғау­ға әрдайым дайын болуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Майра БАҚЫТ