Еуропа босқындардан қорқады. Неге? Өйткені халықты нәпақасынан айырады. Бір мысал. 2017 жылы Франция астанасы, туризмнің бір бас қаласы – Парижге 34 миллион турист келіп, қазынаға 20 миллиард евро құйған. Ал былтырғы 2018 жылы бұл көрсеткіш 14,06 миллиард долларға дейін құлдырады: небәрі 19,1 миллион саяхатшы ғана ат басын бұрған.
Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда пікір қалдырған туристер көшелерінде босқындар мен қайыршылар қаптаған Парижде бұрынғы перизаттылық, паңдық жоқтығына қынжылыс білдіреді. Туристік мақтанышының бейнесіне нұқсан келгенін түсінген Франция билігі босқындарды тәртіпке келтіруге, қаланың бедел-ажарын көтеруге күш салуда. Мәселен, 11 жасқа дейінгі барлық жас туристердің Париждегі қоғамдық көліктерде тегін жүруін енгізуде. Бұл – жергілікті мэрияның қала тартымдылығын арттыру бойынша кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі. Ал жергілікті парламент 2020 жылдан бастап, француз астанасында қоғамдық көлікті барлық адам үшін тегін ету сценарийін қарастыруда.
Бірақ бұл Парижден көңілі қалған миллиондаған туристі кері қайтара алмауы ықтимал. Биылғы жазда жүздеген заңсыз мигрант жергілікті Пантеонды басып алып, өздеріне бас қаладан баспана беруді талап етті. Тәртіп сақшылары Пантеоннан күштеп шығарған соң олар наразылық акциясын шаһар көшелерінде жалғастырды. Босқындардың жағдайы аянышты: мыңдаған адам Париж көшелерінде, көпір астында кемпингтік шатырларда немесе жылу құдықтарында тұрады. Бірқатары жантәсілім етеді.
Еуропаның босқындар тасқыны астында қалғаны брекзит, яғни Ұлыбританияның Еуроодақтан бөлінуі бойынша референдум кезінде зор рөл атқарды. «Сен үсті-басы кір, ниеті лас бөтен біреуді өз үйіңе жіберер ме едің? Онда неге олардың елімізде тайраңдауына жол беруіміз керек?» деп үндеді брекзитті жақтаған ұрандардың бірі.
Осындай жағдайға жетпеуі үшін ЕО мүшелері – Дания, Норвегия, Швеция, Германия да босқындар қабылдаудан бас тарта бастады.
Түркия президенті Режеп Ердоған Еуропаның ең осал тұсын біледі. Және соны өз мүддесін ілгерілету үшін пайдаланады.
Жақында ол Сирияның миллиондаған босқындарын Еуропаға жіберетіні жөнінде мәлімдеме жасады. Президенттік сарайда жария етілген оның сөзін түріктің NTV арнасы таратты. Ердоған мырза Түркияны паналаған сириялық босқындар саны 4 миллионға жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, бұлардың проблемасымен болашақта Еуропалық одақ елдері айналысуы керек.
Осының алдында, биылғы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы мінберінен сөз сөйлеген Режеп Ердоған Түркия мен Сирия шекарасы бойынша 480 шақырымдық қауіпсіздік аймағын құруды жоспарлап отырғанын жариялады. Сол буферлік аймаққа Анкара 2 миллион сириялық келімсекті орналастырмақшы болды.
Осыдан кейін 9 қазанда Түркия Сирия жеріне әскерін кіргізіп, жаңа тарихындағы ең ауқымды «Бейбітшілік қайнары» операциясын бастады. Оның барысында күрдтерді әрі ысырып, ортақ шекарада 30 шақырымдық қауіпсіздік аймағын құру көзделді. Дегенмен қазан айының соңына қарай әскери операция доғарылды. Бұл әскери ұрыс қимылдарын Еуропа қатаң сынға алған болатын. Сын түрік көшбасшысының шымбайына батты. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Батыс бұлай қатаң позиция ұстанатын болса, 3,6 миллион сириялық босқынды Түркиядан Еуропаға аттандыруға уәде еткен Р.Ердоған ЕО-ның түрік операциясына қатысты «басқыншылық» деген айқындауыш сөзді қолдануына «тыйым салды».
– Еуроодақ «Бейбітшілік қайнары» операциясына оккупация деген баға таңса, онда Түркия миллиондаған сириялық босқын Еуропаға аттануы үшін есікті ашып жібереді. Біз бұл операцияны террористерге қарсы тұру үшін бастадық, – деп нықтады Түркия президенті.
Ол кейінгі төрт жыл ішінде өз мемлекетінің жалпы саны 16 мың лаңкесті тоқтатқанын жеткізді және босқындар қаптаса, Еуропаға олар арасынан лаңкестерді өз бетінше іздеуге тура келетінін меңзеді.
Бірақ Ердоған мырзаның мәлімдемесі қоқан-лоқыдан әрі аспауы мүмкін. Себебі бұл ел босқын қабылдау үшін ақы алып отырғаны жасырын емес.
2016 жылдың наурызында Түркия мен ЕО арасында реадмиссия туралы келісім бекітілді. Құжат еуропалықтарға осы елден құжатсыз әрі заңсыз жолдармен келген сириялық келімсектерді кері жолдауға мүмкіндік берді. Оның орнына Еуроодақ Анкараға 3 миллиард евро көлемінде шұғыл көмек ұсынды. Тағы 3 миллиард евро 2018 жылдың соңына қарай аударылды.
Келісімге қол қойылғалы бері ЕО Түркиядан Грекияға еніп кеткен және саяси пана сұраған босқындардың небәрі екі пайызын ғана кері жіберген.
Дегенмен Батыс пен Еуразиялық осы мемлекет арасындағы мәміленің басты құндылығы қашқындарды қайтаруда емес, Түркияның алапат ауқымдағы босқындарды әрі жібермей, өз жерінде орналастыруында болып отыр. Миллиондаған мигрант Еуропаға көз сүзбеуі, Грекияға қашуға құлшынбауы үшін түріктер оларға қолайлы тіршілік жағдайын қамтамасыз етуі керек. Режеп Ердоған осы мақсатта өз елінің 40 миллиард доллар шығын шығарғанын айтады. Демек, еуропалықтар төлеген құннан әлденеше есе асып кетеді. Мысалы, ол босқын балаларға мектепте білім беру үшін ЕО-дан көмек тым аз түсетінін алға тартады.
Сарапшылар байламынша, түріктің ақылды, адуынды басшысы бұл «көзірін» талай қолданып, батысты уысынан шығармай ұстауға тырысатын болса керек. Айталық, Грекия даулап жүрген Кипрге жақын жерде, теңіз түбіндегі газ кен орнына бұрғы салғаны үшін Анкараға Еуроодақ санкция енгізбек болған. Сол-ақ екен, Түркия реадмиссия туралы келісімнің күшін уақытша тоқтататынын жариялады.
Батыстың шыдамы қашан таусылары белгісіз. Еурокеңес басшысы Дональд Туск түрік лидерінің бұл мәлімдемесін «шантаж» деп атап, олай қорқыту «орынсыз» деумен шектелді.
Елдос СЕНБАЙ