Түркістан облысынан мәжіліске 7 үміткер ұсынылды
Түркістан облысынан мәжіліске 7 үміткер ұсынылды
348
оқылды

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының  кезектен тыс XL конференциясында праймериз қорытындысы бойынша аудан, қалалардан ең жоғары дауыс алған 15 және облыс орталығы саналатын Түркістан қаласынан 7 үміткер, сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержанмен бірге жалпы 23 азамат шешуші дебатқа қатысты.

Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын, Nur Otan партиясының 80 мыңдай мүшесі бар. Праймеризге қатысу көрсеткіші бойынша да бұл өңір бірінші орында тұр. Сондықтан алдағы сайлауда Парламент Мәжілісіне облыстан партиялық тізімге кімдер енетінін анықтау өте жауапты әрі маңызды іс екені анық. Бүгінгі өткен пікірсайысқа түскендердің арасынан 7 үміткердің жоғары дауысқа ие болып, Мәжіліске үміткер атануы соның дәлелі десек болады. 7 үміткер Үміткерлер 4 топқа бөлініп, сынға түсті. Олар өңірдің өзекті мәселелерін қозғап, шешу жолдарын ұсынды. Конференцияға қатысқан делегаттар арнайы кабиналарда «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы электронды форматта дауыс берді. Нәтижесінде Абасов Қайнар Бегалыұлы («Хлопко-пром-Целлюлоза» ЖШС-нің бас директоры – 127 дауыс), Ержан Құдайберген Төлепұлы (ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – 120 дауыс), Ертаев Сырым Махамбетұлы («Қайып ата» ЖШС-нің директоры – 118 дауыс),  Бақытжанова Мөлдір Бақытжанқызы (Құрманғазы Қазақ ұлттық консерваториясының опера әншісі – 115 дауыс), Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы (Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі – 110 дауыс), Қожабаев Хайрулла Байділдәұлы («Кентау трансформатор зауыты» АҚ басқарма төрағасы – 107 дауыс) және Жұрымбетова Ұлжанат Серікбайқызы (Мақтаарал аудандық «Атакент» ауруханасының бас дәрігері – 100 дауыс) делегаттардың сеніміне ие болып, үздік атанды. 7 үміткер Облыс әкімі, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев жеңімпаздарға сәттілік тіледі.  Көп дауыс жинаған кандидаттар ҚР Парламенті Мәжілісінің өңірлік квотасына сәйкес партиялық тізімге енгізу үшін  Съезге ұсынылады.