«Өткен жылға дейін Алматыға келетін туристер көрсеткіші жоғары болды. Соңғы 5 жылда шетелдік туристер қарқыны 5 есе, ішкі туристер саны 2 есеге артқан. 2019 жылы Алматыға 1,3 млн турист келген. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл туристер саны едәуір қысқарып, өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға төмендеген. Шетелден келетін туристер саны 63%-ға азайды», – деді Алматы қаласы туризм басқарма басшысының орынбасары Марат Айнабеков.
Оның айтуынша, Алматыға, әсіресе он елден туристер жиі келеді екен. Олар – Ресей, ҚХР, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Түркия, Оңтүстік Корея, Украина және Германия елдері. Зерттеу бойынша Алматыға туристер негізінен қызметтік мақсатта келеді.Сөз арасында ол туристік нарықта негізінен Ресей, Араб және Қытай елдеріне басымдық беріп отырғандарын жеткізді. «Өткен жылы Араб мемлекеттері бізге үлкен қызығушылық танытты. Сауд Арабиясынан келетін туристер көрсеткіші 125%-ға жеткен, ал Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін туристер саны 82%-ды құрап, 7 мың адамға жетті. Осы нарықтың әлеуеті жоғары екенін байқаған соң, маркетингтік стратегиямызды осы елдерге бұрып отырмыз», – деп атап өтті ол. Алматыда жыл соңына дейін 10 туристтік бағыт абаттандырылады. Соңғы 3 жылда қалада 26 тау маршруты абаттандырылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін ұзындығы 157 шақырым болатын үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында тағы 10 маршрутты абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Соңғы екі жылда 1000-нан астам тау жолдары цифрландырылды. Сондай-ақ, жаңа инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту мақсатында Алматы тау кластерінде 100 нөмір және 50 апартаменттен тұратын «Medeu Resort» қонақ үй кешенін, «Бутаковка» шатқалында шағын хостелі мен кофеханасы бар визит-орталығын, «Шымбұлақ» ТК-де 10 модульді үйі бар глэмпингтік аймақты және 1 визит орталығын салу жоспарлануда.«Алматыда ірі компаниялардың орталықтары орналасқан, сондай-ақ инвестиция салатын қала болғандықтан, туристер көбінде осы қызметтік мақсатта келген. Оған қоса Алматы қаласының тарихы терең, «мың жылдық тарихы бар, мың бояулы қала» дейміз. Қола дәуіріндегі петроглифтерден бастап, таңбалы тас, Сақ қорғандары және Кеңестік замандағы сәулет өнерлері бар. Сондықтан этно-мәдени сала бойынша да туристер көп келеді», – дейді Айнабеков.