Түркістанда алыпсатарлар көмірдің бағасын қымбаттатып жіберді. Арзан көмір қайда бар?
Түркістанда алыпсатарлар көмірдің бағасын қымбаттатып жіберді. Арзан көмір қайда бар?
307
оқылды

Қараша айы басталысымен Түркістан облысында ауа-райы күрт өзгеріп, аптаның басы қатты салқындады. Күн қалай салқындады солай отқа жағатын ағаш пен көмірге деген сұраныс та жоғарылады.

Сол себепті, бүгінде қатты қара алтынның саудасы да қызу жүріп жатыр. Әсіресе облыс орталығы – Түркістанда тұрғындар келген көмірді вагоннан түсірмей жатып, сол сәтте-ақ таласып-тармасып әкетуде. Осы орайда, аталған мәселе бойынша бірқатар көмір базаларын аралап, ондағы жағдайды көзбен көрдік және жергілікті биліктің пікірін тыңдадық. Алыпсатарлардың да саудадағы асығы алшысынан түсіп тұр. Атап айтқанда, көмір базаларынан тоннасын 14 мың тегеден алып, сыртта 17 мыңнан сатып жатыр.

Айта кету керек, қыс қамына ерте дайындалғандар отын-суын жаздай әзірлеп, қысқа тас-түйін дайын. Ал күннің жылы кезінде қам-қарекетсіз жүргендер үшін бүгінде қарбалас енді басталған. Дегенмен, өңірдегі газбен қамтылған аудан-ауылдарда бұл мәселе анау айтқандай маңызды емес. Өйткені олар көгілдір отынның қызуымен жылы үйлерінде тіршілігін жасап жатыр.

Қазіргі таңда көгілдір отынмен толықтай қамтылмағандықтан көмірді көп пайдаланатын облыс орталығы – Түркістан қаласында  қатты отын тасымалының аздығына байланысты, жеке тұрғындар үшін көмір жетіспеушілігі байқалады.

Осы орайда, өңірдегі қыс қарбаласының жалпы жағдайын білмек мақсатта қаладағы бірқатар көмір базаларына табан тіреген болатынбыз.

 Көмір кәсібімен айналысатын бірқатар мекемелерге хабарластық. Мәселен Төле би ауданындағы ЖК «Санас» мекемесінің заңгері Бақтияр есімді азаматпен хабарласқанымызда ол былай дейді:

«Бүгінде Төле би ауданында көмірге талас атымен жоқ деп айтуға болады. Өйткені ауданға газ келгелі көмірге деген сұраныс күрт азайып кетті. Қазір көмірдің тоннасы кез-келген базада 13 700 теңгеден сатылып жатыр», деді.

Бұрынғы кеңес дәуіріндегі Түркістан қаласы мен қаланың бүкіл төңірегін  көмірмен қамтамасыз еткен елдің аузында «топбаз» атанып кеткен базада, яғни «Түркістан отын» мекемесінде біз барғанда бір вагон көмірді тұрғындар таласып-тармасып жүк көліктерге тиеп алып жатыр екен.

Түркістан қаласындағы «Түркістан отын» (бұрынғы топбаз)  мекемесі басшысының көмекшісі Алтынбеков Есенкелді деген азаматты сөзге тарттым.

«Бүгін мына көршімізге (ЖК «Колос») 4 вагон келді. Соның бір вагонын біз алып сатып жатырмыз. Олардан тоннасын 14 мыңнан алып, 15 мыңнан сатамыз. Өйткені оған баратын темір жол біздің жеріміз арқылы баратын болғандықтан, келісіп бір вагонын алдық. Ал өзіміз тікелей тұрақты сауда жасауға жағдай келмейді. Көмір өндірушілермен алдын ала сатып алуға көп қаржы керек. Ондай қомақты сома бізде болмағандықтан, көтерме сауда жасайтындармен келісімге тұрып, сатып береміз. Шымкент қаласындағы бір мекемемен келісім негізінде бірге жұмыс жасап жатырмыз. Қазір көмір аз келіп жатыр. Өткен айда келуі тиіс 30 вагонның 20 вагонын ғана алдық. Мына айда да 30 вагон жеткізілуі керек еді. Әзірге 3 вагон ғана келді. Менімше, вагон жетіспеушілігінің және барлық өңірлердегі көмірге деген маусымдық сұраныстың күрт артуының салдары кесірін тигізіп отыр», – деді.

Оған көмір бағасының кейде неліктен шарықтап кететініне қатысты сұрақ қойдым. Оның айтуынша, қатты отын бағасын жоғары көтеріп, қымбат бағаға сататындар көбіне көмірді базадан сатып алып, сыртқа апарып өз бағаларына саудалайтын жүргізушілер. Себебі, олар түрлі себептерге байланысты (көбіне вагондардың жетіспеушілігі орын алған жағдайларда)  сырттан тасымалданатын көмір базаларға дер кезінде жеткізілмей, қат болған сәтті пайдаланады немесе кей жағдайда халықтың шектен тыс сұранысы артып, ұзын сонар кезек пайда болғанда жоғары үстеме бағамен сатады екен.

Айтса айтқандай, базалардың маңайында көмір тиеп алғаны бар, жүк тиелмеген босы бар, қаптаған  зил жүк көліктері тұр.

Сол жердегілерден естіп-білгеніміз, көмірдің құны тоннасын 17  мың теңгеден сатады және үйіне жеткізіп бергені үшін оған бөлек төлем алады екен.

Жалпы байқап, білгеніміздей, қалада қалай қара суық түсіп, науқан басталады, солай барлығының да көмір сату саудасы қызып сала береді екен. Тіптен, кей жағдайда, көмір сатып алуға кезекке тұратын жүк машиналар мен адамдардың саны тойға жиналған қара-құрым жұрттан да асып кетеді екен. Анығы, тұрғындар базаларға келетін көмірдің уақытын білмегендіктен және ұзын-сонар кезекте тұрғысы келмегендіктен амалсыздан базалардың маңында тұрған жүк көлігіне көмір тиеп алған пысықайлардан үстеме бағадағы көмірді сатып алуға және одан бөлек жеткізу құнын да қосып төлеуге мәжбүр болады екен. 

«Топбаздың» іргесінде орналасқан, көптеген жылдардан бері халыққа көмір сатумен айналысатын ЖК «Колос» мекемесінде де сол күні 5 вагон көмір келген екен, алайда түске дейін таусылып кетіпті. Мекеме басшылығымен кездесудің сәті түспеді. Дегенмен сол жердегілерден сұрап білгеніміз, бұл жерде көмірдің бағасы 14 мың теңгеден сатылып жатыр екен. Бірақ, әкелгенін әкелгендей талап алып жатыр.

Қазір көшелерде көмір саудасы қызып жатыр. Яғни, бұл жеке адамдардың көмірді базадан тонналап сатып алып, капқа салып сататын ұсақ сауданың түрі. Оларда бір қап көмірдің құны мың теңгеден басталады.

Мәселен, Түркістанда көмір базаларының бірінде қарауыл болып жұмыс жасайтын Бағдаулет есімді ақсақал сол төңіректе көмірді қаптап сатады екен. Оның айтуынша, әсіресе қарапайым халық үшін қаптап сатып алған өте тиімді екен. Яғни, тонналап сатып алуға шамасы келмейтіндер немесе жүк көлігімен мол етіп түсіргенге дейін уақытша пеш жағушылар үшін бұл ыңғайлы екен. Мұндай сауда қыс бойы жүргенмен, әсіресе осы кезде және көктем шығарда жұрттың көмірі таусылған сәтте жанданады екен. Оның айтуынша, базаларда көмір бастапқыда 14 мыңнан бастап сатыла бастаған. Бүгінде күн суытып кеткендіктен бағада көтерілген.  

«Менің қарауылдығым үшін алатын айлығым 25 мың теңге. Ол түкке жетпейді.  Сол себепті көмірді тонналап сатып аламында, бір қап көмірді 1100 теңгеден сатамын. Бір қапта шамамен 35 кг көмір болады.  Ақшасы жоқтар осылай қаптап сатып алады. Күніне шамамен 30-50 қап көмір сатамын. Осы адамдар қызық, күн жылыда үйлерінде тып-тыныш, бейқам жатады. Қалай суық басталады, солай көмір сатып алу естеріне түседі де көмірге деген таласты бастап жібереді. Базаларға вагонмен көмір келсе болды осы жерлерде жүк көліктері мен адамдар қаптап кетеді. Ұзын сонар кезек күткендердің саны көп болады» дейді ол.

Осыған орай, Түркістан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына хабарласқанымызда бірқатар мәліметтермен құлағдар етті.

Айталық, облыстағы бюджеттік мекемелердің, жылу беретін кәсіпорындардың және тұрғындардың тұрмыстық-шаруашылық жағдайлардағы көмір отынына жалпы қажеттігі 1 181,8 мың тонна болса, бүгінде тасымалданғаны 821,7 мың тонна, яғни, 69 пайыз. Тарқатып айтар болсақ,  бюджеттік мекемелердің көмір отынына  қажеттілігі 171,1 мың тонна  толық қамтамасыз етілген (100%). Ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың көмірге қажеттілігі 108,8 мың тонна, тасымалданғаны 46,7 мың тонна, яғни 43 пайызды құрайды. Тасымалдау жұмыстары кестеге сәйкес жалғасуда екен.

«Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 901,9 мың тонна, тасымалданғаны 603,9 мың тонна (67%).Тасымалдау күнделікті жалғасуда. Түркістан облысы бойынша аудан, қалаларда орналасқан қатты отын (көмір) тасымалданатын 24 темір жол тұйығы (тупик) бар. Негізгі көмір түрі - Шұбаркөл. 1 тонна көмірдің бағасы 13 500 - 20 000 тенге аралығында», - деген басқармадағылар тұрғындарға көмірді алыпсатарлардан  емес, арнайы базалардағы арзан бағадағы көмірді сатып алуға кеңес берді.

Айта кететін жағдай, облыстағы 10 аудан, қалалардың темір жол тұйығында тұрғындарға көмірдің сатылу бағасы 13500-17000 теңге арасында, Ал қалған 6 ауданда темір жол тұйығы жоқ болуы және жеке кәсіпкерлер өз автокөлігімен тасымалдауына байланысты (жол ақысы қосылғанда) баға 20000 теңге болуда.

Басқарма басшыларының тағы бір айтқаны, жалпы облыс бойынша тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз етілу барысына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр және бақылауға алынған.

Айта кету керек, Түркістан қаласында көмір тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің саны біршама екен.

Негізінен халық көп тұтынатын «Шұбаркөл» болса, басқада «Ботақара», «Май көбе» сынды  көмірлер бар.

 

көмір 4.jpg

Осы орайда, облыс оталығындағы жағдайдың анық-қанығын білмек болып Түркістан қаласы әкімдігіне хабарластық. Түркістан қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Н. Жарасов бірқатар мәліметтер берді. 

Түркістан қаласындағы әлеуметтік нысандар және көпқабатты үйлер бойынша 2019-2020 жылдардағы жылу беру мерзіміне дайындық  барысы туралы  ақпарат берген Нұрсұлтан  Мұраталыұлының мәліметінше, қалада 25 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталған. Жылу беру мерзімі кезінде «Жылу» МКК-ны шаһардағы «Отырар» және 1-2 мөлтек аудандарындағы 87 көпқабатты үйді, 28 бюджеттік, 60 заңды тұлға және 58 жеке тұлғаларды,  орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіпті.

Орталық жылу қазандығын  көмірмен қамтамасыз ету үшін 16000 тонна алу жоспарланып, тасымалдау бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жаты.

Қаладағы мәдениет, білім, денсаулық, спорт саласы, жұмыспен қамтуды үйлестіру сынды 91 бюджеттік мекемелерді жылумен, қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыстары толықтай аяқталған деуге болады.

Бөлім басшылығының айтуынша, қатты отын мен сұйық отынның бағасы нарықтық бағамен алынуда.

Жалпы, көмір базаларындағы мұндай ығы-жығы тіршілік әзірге жұрттың дені отын-суларын толықтай түсіріп болғанша жалғасады екен.