Меморгандардың созылмалы дерттей сипат алған бюджеттік қаржыны «қорытпауы» жазылмайтын кесел көрінеді. Одан арылту үшін Қаржы министрлігі түрлі тәсілді қолданды. Нәтиже шамалы. Деректерді Үкімет отырысында Бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов қынжыла жеткізді.
Оның айтуынша, биылғы 10 айда республикалық бюджеттен 9 триллион 565 млрд теңге жұмсалған. Алайда 79 миллиард теңге игерілмей қалды. Рас, оның 11 млрд теңгесі үнемделген қаржы екен. Тиісінше, 68 миллиарды – игерілмеген қаражат.
Бас қаржыгер миллиардтарды өзге бағдарламалар аузынан жырып алып, енді қажетке жаратпай отырған министрліктер мен әкімдіктердің атын атап, түсін түстеп шықты.
– Ең көп игермеу келесілердің еншісінде: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 млрд теңге. Білім және ғылым министрлігі – 9,3 млрд теңге. Индустрия және инновациялық даму министрлігі – 7,8 млрд теңге. Мәдениет және спорт министрлігі – 6,1 млрд теңге. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 5,1 млрд теңге, – деді ол.
Ә.Смайылов игерілмеудің негізгі себептері ретінде мемлекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуын, орындалған жұмыстар актілерінің уақытылы ұсынылмауын, шарттар мен қосымша келісімдер жасасу рәсімдерінің созбалаңға салынуын атады.
Министрлерден әкімдер де қалысар емес. Жыл басынан бері жергілікті бюджеттің шығыстары 4 трлн 705 млрд теңгені құрады. Жергілікті билік 75 млрд теңгені игермей тастапты. Биыл өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге сомасында ел қазынасынан және Ұлттық қордан нысаналы трансферттер аударылды. Алайда әкімдіктер қаражаттың тек 97,3%-ын немесе 1 трлн 222 млрд теңгесін жұмсады. Бұдан да 34 млрд теңге игерілмеген. Бірақ оның 7 млрд теңгесі – бюджет қаражатын үнемдеу. Сонда нақты игерілмегені – 27 млрд теңге.
– Ең көп игерілмеу келесі өңірлерде кездеседі: Нұр-Сұлтан қаласы – 6,1 млрд теңге, Алматы қаласы – 4,9 млрд теңге, Түркістан облысында – 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысында – 2,9 млрд теңге. Өкінішке қарай, биыл бюджеттің үш рет нақтылануы да, екі рет түзетілуі де көмектеспеді. Соған қарамастан, орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті жерлерде 10 айдың қорытындысы бойынша қомақты сомаға бюджет қаражатының игерілмеуі орын алып отыр. Сол себепті өз қызметтерінде жіберген кемшіліктерінің нәтижесінде бюджет қаражатының осындай игерілмеуіне себеп болғаны үшін жоғарыда аталған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тиісті бюджеттік бағдарламалар жетекшілерін жазаға тартуды сұраймын! – деді Үкімет басшысына қайырылған бас қаржыгер Ә.Смайылов.
Премьер бұл ұсынысты қолдады.
Үкімет басшысының Бірінші орынбасары қаржы игермеген министрліктер мен әкімдіктерге айыппұл салынатынын қатаң ескертті.
– Осы жерде орталық және жергілікті органдардың назарын мынаған аударғым келеді. Жақында ғана Парламент бюджеттік заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдады. Құжат бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және тиімсіз пайдалану үшін жауапкершілікті күшейтті. Осы бұзушылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделген. Әкімшілік жазаға тек бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті меморгандардың бірінші басшылары да тартылады, – деді Әлихан Смайылов.
Осылайша, «тиімсіз» басшыларға жағымсыз сый бар: айыппұл салу 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.
Елдос СЕНБАЙ