Жылыту маусымы басталғанына бір ғана ай болды. Сол аралықта Жамбыл облысының өзінде 200-ден аса өрт оқиғасы тіркелген. Өрттің шығуына көбіне пештің ақауы себеп болады. Мәселен, бір айдың ішінде қала аумағындағы тұрғын үй секторында 12 оқиға тіркелді. Ал жыл басынан бері қала аумағында 236 өрт болған. Осы апаттардан 7 адам қаза болып, екеуі әртүрлі күйік жарақатын алған.
Мысалы, жылыту маусымы қосылған шақта Тараз қаласында 120 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің шатыры өртенді. Бұл оқиға екінші шағынауданда орын алған. 80 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Өрт сөндірушілердің айтуынша, олар жалынмен бір сағат күрескен. Пәтерлері бүлінген адамдардың тізімі жасалып, олар жақын маңдағы әлеуметтік нысанға орналастырылды. Өртті сөндіруге 9 дана техника мен 50-ге жуық жеке құрам жұмылдырылған.
Өртің алдын алу мақсатында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі қызметкерлері, «КазТрансАймақ» ЖПФ АҚ мамандары, «Жібек жолы» белсенді жастары волонтерларының қатысуымен өрт қауіпсіздігі жайында сенбілік өткізді. Тұрғын үй секторында Мусорская, Ищина, Жилкооперация, Локомотив, Лукманова, 1, 2, 3-і Қарасу көшелерінде рейд тексеріс жүргізілді. Аулаларды аралау барысында тұрғын үй мен жер үй иелеріне жадынамалар, парақшалар таратылды.
Мұндай шараларды күз басталғалы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өткізумен келеді. Олар жеке сектордағы үйлерге барып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Дегенмен әр адамның жадында негізгі ережелері жазулы болуы тиіс. Мәселен, өрт шыққан үйде терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты одан сайын өршітетінін ұмытпау керек. Ал көпқабатты тұрғын үйде өрт шықса, лифтті қолданбаған жөн. Өйткені өрт кезінде электр тоғы өшірілетіндіктен, лифт кез келген жерде тоқтап қалуы мүмкін. Бастысы, адам қорқынышқа бой алдыртпай, сасқалақтамау керек.
Сонымен қатар иіс тиіп, газдан уланған қайғылы жағдай кең таралған. Ол да жылыту жүйесінің ақаулығынан болады. Оның арасында көмірмен жанатын пештердің жарамсыздығы мен түтін шығатын құбырлардың бітеліп қалатыны да бар. Мамандар бүгінгі күнге дейін 300 мәрте рейд ұйымдастырған. Олардың айтуынша, былтырғы осы уақытпен салыстырғанда қаза тапқандар саны 3 есеге, ал жарақат алғандар 25 пайызға кеміпті.
– Оқиғалардың басым бөлігі осы тұрғын үй секторындағы аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың үйлерінде орын алған. Осыған байланысты қазіргі кезде Қордай ауданында 500 мың теңге және Тараз қаласында 1 миллион теңге қарастырылды. Осы қаржыға автономды газ талдағыштарды алып, аз қамтылған отбасылардың үйіне орнатсақ деген жоспар бар. Бұл қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі, – дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Мақсат Әкімбаев.