Қытайдан қарыз алған елдер
Қытайдан қарыз алған елдер
770
оқылды

Қырғызстан әлем бойынша Қытайдан ең көп қарыз алған мемлекеттердің бестігіне кір­ді. Дүниежүзілік экономика институтының зерттеуіне сенсек, қырғыз елі­нің Қытайға қарызының кө­лемі ЖІӨ-нің 30% шамасына же­тіп қалған. Бұл тұрғыда айыр қалпақты ағайынның алдына Джибути, Мальдив және Конго, Тонга мемлекеттері түседі.

Әдетте экономикада мемле­кеттің сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 60% деңгейінен аспауы керегі ай­тылады. Ал жоғарыдағы дерекке сенер болсақ, Қырғызстанның тек Қытайға қарызының өзі (ЖІӨ) 30% шамасында. Бұл пайызды санға шақсақ, Қырғызстанның Қытай Халық Республикасына қарызы – 1,7 миллиард доллар. Бір қызығы, осыдан 11 жыл бұрын (2008) қарыз кө­лемі 10 миллион доллардан ас­папты.

Иә, қырғыздың қарызына «кү­лер» ретіміз жоқ. Жалғыз Қыр­ғызстан емес, соңғы жылдары Ор­та­лық Азия мемлекеттерінің даму көр­сеткіші Қытайдан тартқан қарыз ақшаның көлемімен өл­ше­нетіндей де жағдайға жеткені жасырын емес. Бізбен бауырлас елдердің ол жаққа қарызын са­науды сәл кейінге қалдыра тұрып, алдымен Қырғызстанның алдына түскен жоғарыдағы төртеуді түген­деп көрейік. Джибути, Мальдив және Конго, Тонга. Былай қара­са­ңыз, әлемдік аренада аты шық­па­ған елеусіздеу елдердің бірі. Бі­рақ әлемдік сарапшылардың бағам­дауынша, Қытай – қарыз беріп, ин­вестиция салуда ондай критерийге аса қарай қоятын мемлекет емес. Мәселен, батыстың алпауыттары ақша салғалы отырған елдегі ашық саясат ұстанымына, адам құқығы мәселесіне һәм қаржыны қайтару процесіндегі «мөлдірлікке» мән берсе, Қытайды ол проблемалар аса қызықтыра қоймайды. Салған ақ­шасын түбі бір қайтарып ала­тынына сенім бар. Сонымен Қы­тай­дан қарыз алудан қара үзіп шық­қан Джибути – Африканың шығысындағы шағын мемлекет (23 200 км²). Халқының са­ны – 956 985 (2017). Үнді мұхи­тын­дағы бірнеше ұсақ аралдың басын құраған Мальдив Респуб­ли­ка­сының халқы 2014 жылғы са­нақ бойынша 402 071 адам деп есептеліпті. Бірақ оның 338 мыңы­­ның ғана азаматтығы тір­кел­­ген. Өзге 60 мыңнан аса адам қа­рыз­бен ілесе барған «жунголық» бо­лар деп топшылаймыз. Себебі соң­ғы 20 жылда ҚХР-дан Африка құр­лығы мен мұхит ішіндегі ұсақ мем­ле­кеттерге жүздеген мың аза­мат «жұмыс бабымен» кетті де­ген де­рек­тер бар. Үшінші мем­лекет Конго – Орталық Афри­ка­да­ғы мұ­найлы (халық саны 4 233 063) елдің бірі. Төрттікті ты­нық мұхитындағы арал-мем­екет – Тонга (халқы 103 252) қоры­тын­дылайды.

Иә, ежелгі дәуірде дүниежүзі елдері Қытай жібегіне қызық­са, бүгінде қарызға беретін қар­жы­сына мұқтаж. Әрине, қазіргі жаһандану заманында көштен қалмай, экономиканы көтеру үшін артық ақша әр елге қажет. «Іздегенге сұраған» дегендей, ҚХР бұл жерде «алып банктің» рөлін атқарып отыр деуге болады. Алайда қытай несиесінің соңында үлкен салмақ жататыны да жасырын емес. McKinsey & Company-дың бағалауынша, Африкада 10 000 қытайлық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

Негізі Африка құрлығына ба­тыс мемлекеттері қайтарымсыз, гуманитарлық көмек жөнелткені болмаса, қарыз беріп, инвестиция құя қоймайды. Өйткені онсыз да халқының жартысына жуығы ашқұрсақ отырған құрлықтың қарыз қайтару мүмкіндігі анық емес. Десе де, «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен Африка құр­лы­ғына назар аударған шығысы­мыздағы алып республика мұны «бірлесе даму жолындағы көмек» деп түсіндіргенімен, әлемдік сарап­шылар оны Қытайдың «жұмсақ күші» деген терминмен атайды.

ҚХР-дың Африкаға қызы­ғуы­ның жөні бар. 2016 жылғы са­нақ бойынша, тұтас Африка құрлығында 1,216 миллиард халық тұрып жатқаны анықталған. Яғни, үлкен нарық. Рас, қытайдың киім-кешегі қыс болмайтын құрлық тұрғындарына керек бола қоймас, бірақ тамақ, әсіресе арзан азық-түлік ол жаққа ауадай қажет. Демек, Африкаға инфрақұрылым салып, кәсіпорын көбейтіп жатқан «қытай арманы» ертеңгі күнгі өзіне тәуелді тұтыну нарығын қалыптастыру болуы мүмкін.

Айта кетерлік бір жайт, 1980 жылдары қытай-африка сауда-саттығының жалпы көлемі 1 млрд доллар болса, 2000 жылы 10 млрд долларға жетіпті. Ал БҰҰ кел­тірген мәліметке сүйенсек, 2007 жылдан 2017 жылға дейін Афри­каға Қытайдың салған тіке­лей инвестициясы он есе (43,3 млрд доллар) өскен.

Өзіміздің Орталық Азияға кел­сек, борышкер бестікке кірген Қырғызстанның Қытаймен жыл сайынғы тауар айналымы – 2 млрд доллар. Оның 1,9 млрд доллары – ҚХР-дың Қырғыз Республикасына экспортының үлесі.

Аймақ бойынша салыстырсақ, Тәжікстан Орталық Азияда қа­рыз жөнінен қырғыз елінен кейін­гі орында келеді. Тәжікстан Респуб­ликасының Қытай Халық Респуб­ликасына шамамен 1,2 млрд дол­­лар қарызы бар. Дегенмен Eurasianet ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы (NBER) жария­лаған «Қытайдың шетел­дерге не­сие беруі» есебінде ай­тылғандай, ҚХР-дың капитал экспорты ту­ралы құжаттары ашық емес. «ҚХР мем­лекеттік қарыздар туралы есеп бермейді, сондай-ақ Қытай ұсын­ған қарыздар көлемі мен сыртқы қарыздардың ағыны туралы толық стандартталған мәліметтер жоқ» дейді баяндама авторлары.

Аталған зерттеуде Қытайға ең көп қарызы бар елдердің тізімі келтірілген. Онда да Қырғызстан әлем бойынша 5-орында (ЖІӨ-нің 30%) тұр. Яғни, әлем бойынша Тәжікстан – 20, Түркіменстан – 23, Өзбекстан 40-орындарда. Бұл зерттеуде Қазақстанға қатысты нақты көрсеткіш аталмаған.

Әйтсе де, Қазақстан үшін ҚХР Ресейден кейінгі ТМД-дағы ең ірі сауда серіктесі екені анық. Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 12 млрд доллар болды. Бұл – үлкен көрсеткіш, десек те ондағы айналымның жар­тысына жуығы біздің тараптан экспортталып жатқан мұнай мен газ, металлургия, астық секілді тауар түрлері.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы уақытқа дейін елімізге құйыл­ған шетелдік инвестицияның ішін­де 20 млрд доллар – Қытай инвес­тициясы. Сондай-ақ 2019 жылғы сәуірде «Бір белдеу, бір жол» форумында елдер энергетика, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында қосымша 27,6 млрд долларға 55 жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылғаны белгілі.

Әрине, қай мемлекетте бол­сын қаржылық тәуелдік саяси тәуел­дікке әкеледі деген қорқыныштың болуы заңды. Бұл тұрғыда АҚШ мем­лекеті Қытайдан қарыз тар­туға құмар әлем елдеріне үнемі ескерту жасап келеді. Ресми Вашинг­тон­ның көлденең тартатын дерегі – Шри-Ланка тәжірибесі.

Естеріңізде болса, Шри-Ланка үкіметі Бейжің алдындағы қарызын өтеу үшін Үнді мұхитындағы жаңа­дан салынған портты 99 жылға ҚХР-ға жалға беруге мәжбүр бол­ған.

Әлемдік саясаткерлер Қытай­дың сыртқы елдерге бағытталған экономикасының дамуы қарқын алғаны сонша, енді оған кедергі болу адамзаттық апатқа әкелуі мүмкін екенін айтады. Бүгінгі күні экономикасы өскен Қытай жылына 200 млн тонна мұнайды сыртқы нарықтан сатып алуға мәжбүр. Бұл – мұнай өндіруші Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік.