Ат үстінен түсірген аттестация
Ат үстінен  түсірген аттестация
291
оқылды

Ішкі істер министрлігінен барлық басшылардың жартысынан астамы кетті. Еліміздегі құқық қорғау органдарын реформалау ая­сында жүргізілген кезектен тыс аттестаттаудың қорытын­ды­сы осындай. ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев нақты кім­дер­дің не себепті орындарынан кеткенін мәлім етті.

Сынақтан бұл жолы тек оқа­лы жағалы басшылар ғана өт­кен: министрліктің дерегінше, ат­тестаттауға министрліктің Әкім­шілік полиция және Көші-қон қыз­меті комитеттерінде, ор­­­та­лық аппараттың депар­та­­­мент­те­­рінде, өңірлердегі ау­мақ­тық құ­рылымдарда және осы ме­мор­ганға қарасты жоғары оқу орын­дарында басшылық лауа­зым­дағы қызметкерлер ілікті.

Бұл не үшін керек болды? Ішкі іс­тер министрінің түсіндіруінше, ат­тестаттау арқылы полицияның сер­вистік моделіне көшу жағдайында бас­шылардың дайындық деңгейін жә­не құқықтық мәдениетін бағам­дау, халықпен жұмыс істей алу қа­білетін анықтау, сондай-ақ олардың құра­мын жаңарту әрі білікті емес не заманауи талаптарға жауап бер­мейтін басшылардан босату мақсат етіл­ген.

Кезектен тыс аттестациялау биыл­ғы 17 қазан мен 1 қараша ара­лығында өтті. Оны жалпы саны 188 басшы тапсыруға тиіс еді, бі­рақ бірқатары аттестациядан боса­ты­лып, тек 153-і ғана қамтылды.

– Аттестациялау мерзімі биыл­ғы сәуірден қазан айына кө­ші­ріл­ген болатын. Біз осы кезең ішін­де сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы кадрлық саясат аясында бас­­­шылық құрамды елеулі түр­де жаңарттық. Бұл ретте жұртшылықты ақпарат­тан­дыра отырып, осы жұмысты жа­рия жүргіздік. Жалпы алғанда, бі­рінші басшылардың 60%-ы ауыс­ты. Оның ішінде, ІІМ орталық ап­паратындағы 17 басшының 12-і не­месе 70%-ы, аумақтық полиция де­­­партаменттерінің 18 бастығының 9-ы немесе тең жартысы кетіп, ор­ны­на жаңа адамдар келді, – деді ми­нистр.

Осы тұста, тіпті Ішкі істер ми­нистрінің өзі де өзгергенін айта кет­кен жөн. Бұл күш құрылымын со­нау 2011 жылдан бері басқарған Қалмұханбет Қасымов 2019 жыл­дың 12 ақпанында Президент кө­мек­шісі–Қауіпсіздік кеңесінің хат­шысы болып тағайындалды.

Е.Тұрғымбаев Нұр-Сұлтан қа­­ла­сы, Ақмола, Ақтөбе, Аты­рау, Қарағанды, Павлодар, Сол­­түс­­тік Қазақстан облыстары по­­­лицейлерінің және көліктегі по­ли­­ция департаментінің басшылығы ауыс­қанын айтты.

– Бұдан бөлек, орталық ап­па­­рат­тағы басшылардың 38 орын­ба­­сарының 15-і және аумақтық по­­лиция бөлімшелеріндегі 90 орын­ба­сардың 35-і жаңарды. ЖОО-ла­ры­мызда барлық 4 басшы және олар­дың 6 орынбасары ауыс­ты­­рыл­ды. Мұның сыртында 19 бас­шы жоғары тұрған лауазымдарға ұсы­нылды және Президенттік кадрлық ре­зервке қосылды, – деді Ішкі істер ми­нистрі.

 

Алмас жерде қалмас

Басшылық қызметке дейін жо­ға­рылаған азаматтардың біразы бі­лікті, елге керекті қызметкер бол­са керек. Өзі де биыл ғана Ішкі іс­тер министрінің орынбасары бо­лып тағайындалған Алексей Ка­лайчиди олардың өз орнын тап­қанын, кейбірі жеке секторға ден қой­ғанын хабарлады.

– Бұлардың барлығы өз са­ла­ла­рында сұранысқа ие мамандар. Ендеше, жерде қалмайды. Жеке сек­торға заңгер ретінде кеткендері де бар. Оның үстіне ІІМ жүйесінде де кәсіпорындар көп. Оларға да пер­соналмен жұмыс жасай білетін, бол­маса, қауіпсіздік саласына ма­ман­данған қызметкерлер керек, – деді ол.

ІІМ өкілі әлгі басшылардың не себепті орындарын босатуға мәж­бүр болғанын түсіндірді. Өйткені ма­ман­дарды бағалау өлшемі өзгерген екен. Реформа жасауды қолға алған ведомствоның жаңа басшылығы по­лицей қызметін бағалайтын өл­шемшарт-критерийлерді қай­та қарапты. Мысалы, бұрын бас­­шылардан қылмысты ашу көр­сет­кіштерінің жоғары болуы та­лап етілетін. Енді халықтың по­­­ли­цей­лерге бағасы-көзқарасы ана­ғұр­лым маңызды деп танылуда.

– Бұған дейін басшылықтан құ­қықтық статистиканы білу та­лап етілді. Басқаша айтқанда, олар қанша қылмыс жасалғанын, оның қаншасы ашылғанын, қан­ша іс сотқа бағытталғанын нақты білуі тиіс-тұғын. Бүгінде негізгі та­лап – халықтың сенімі және ел­ден алған бағасы. Екіншіден, бас­шылар жергілікті халықтың бас­ты проблемалық мәселелерін анық­тауға және жұртшылықпен бір­лесіп, оның шешімін таба білуге қабілеті болуы қажет. Үшіншіден, жұ­мысында сервистік модельді қа­мтамасыз етуі, жергілікті тұр­ғын­дарға ашық болуы шарт. Біз құ­қық қорғау органдарының же­ке мүддесіне емес, қарапайым ха­лық­тың мүддесі үшін жұмыс жасауға тиіс­піз, – дейді А.Калайчиди.

Бұл бетбұрыс сынақ барысына да ықпал еткен. Әңгімелесу кезінде бас­шының статистика мен қандайда бір бұйрық баптарын жатқа білетіні емес, өз қызметін қаншалықты дұ­рыс түсінетіні, сеніп тапсырылған бө­лімшені қандай күйде қабылдап ал­ғаны және қандай деңгейге кө­тер­гені, елді алаңдатқан қандай проб­лемаларды байқап, түзете алға­ны бағамдалған.

– Аттестация барысында бас­шы­лық құрамның дайындығы тек­серілді. Бұрын аттестаттауда бас­шылардың нысананы қарумен дәл көздеп ата алуы, денесінің шы­мыр­лығы, физикалық дайындығы, заңнаманы толыққанды білуі тек­серілетін. Бұл жолы біз ондай сы­нақтардан бас тарттық. Оның ор­нын әңгімелесу-сұхбаттасу басты. Нә­тижесінде, қойылып отырған та­лаптарға сәйкеспейтіндер анық­талды және олар қызметінен боса­тылды, – дейді А.Калайчиди.

Ол 2012 жылы ІІМ жүйесінде жүр­гізілген аттестациялауға өзі де бел­сенді қатысқанын еске түсірді.

– Сонда аттестаттау қоры­тын­ды­сында басшылық құрамның үш­тен бірі ғана өзгерген болатын. Қа­зір бұл көрсеткіш 60 пайызға же­тіп отыр! Орынбасарлардың 39 пайы­зы ауысты. Демек, жеткілікті түрде қатаң әрі табанды жұмыс жүргізілді деп санаймын. Осы нау­қан­ның үлкен жетістігі сол, біз ре­зервистер қатарынан көптеген жаңа тұлғаларды байқадық, олар бір­ден басшылық қызметке тағайын­дала бастады, – дейді Ішкі істер ми­нист­рінің орынбасары.


Жүйеден аласталды

Қорыта айтқанда, аттестат­тау­дан кейін ІІМ-дегі 81 басшыға қыз­мет­терін ауыстыруға тура келген. 37-і мүлдем жұмыстан кеткен. Оның төртеуі «теріс себеппен» жүйе­ден аласталыпты. Қалғаны жа­сы жетуіне байланысты зейнет де­малысқа жіберіліпті.

Айтқандай, 2013 жылы Қа­зақ­­­станда полицейлердің зей­­­нет­кер­­лікке шығу жасы ұлғайтыл­ған-тын. Атап айтқанда, майо­р­­лардың органдарда қызмет етуінің шекті жасы 45-тен 48-ге, подполковниктерге – 47-ден 50-ге, полковниктерге – 53-тен 55-ке, ал жоғары басшылық құрам­дағы тұлғалар үшін 58-ден 60 жасқа дейін артты.

Журналистер баспасөз кон­фе­ренциясында төрт басшының қан­дай «теріс» себептермен қызметінен қуылғанын нақтылады.

– Бізде дүркін-дүркін ішкі қыз­меттік тергеулер жүргізіліп, со­ның нәтижесінде қандайда бір тұл­ғаны жұмысынан босату туралы ше­шім шығарылады. Соңғы жағ­дай Ақмола облысында орын ал­ды. Департамент бастығының орын­басары экономикалық қылмыс жа­сағаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалуына байланысты жұмыстан шы­ғарылды, – деді Алексей Ка­лай­чиди.

Еске сала кетсек, Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті ІІМ-нің Өзіндік қауіп­сіздік бөлімшелерімен бір­­лесіп өткізген шаралар ба­ры­­­­сында өңірді қаржылық жөн­­­сіздіктер жайлағанын әш­ке­­реледі. Осыған байланысты ақмолалық полиция департаменті жетекшісінің орынбасары Асан Сәдуов тұтқындалды. Сонымен бір­ге қаржылық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Сәу­ле Жұмалина да темір торға қамал­ма­ғанымен, жауапкершілікке тар­тылуда. Бағыныштысының қыл­мыспен қолға түсуіне орай Ақ­мола облысының полиция де­­­партаментінің бастығы Берік Біләлов қызметінен шеттетілді.


Реформа жалақыны өсіруде

Бұл сынақтан сүрінбей өткен­дер­ді, әрине жақсы жалақы күте­ді. Ішкі істер министрлігінің дере­гін­ше, биылғы 1 шілдеден бастап по­лицейлердің еңбекақысы 20-65% ара­лығында көтерілген.

– 65%-дық ең жоғары жала­қы өсімі патрульдік полиция қыз­­­­­меткерлеріне тиесілі. Жедел-тер­­геу бөлімшелерінде жалақы 55%-ға, учаскелік инспекторлар мен кә­мелетке толмағандар ісі жө­нін­дегі инспекторлар жалақысы 25%-ға ұлғайды. Өзге бөлімшелер қыз­мет­керлерінің жалақысы 20%-ға өсті, – дейді ІІМ басшысының орын­басары.

Нақтылай айтсақ, егер бұған дейін патрульдік полицей 117 мың айлық алып келсе, қазіргі кезде ол сома 150 мыңға дейін жетіпті. Бұған қоса, олар баспана үшін өтемақы ала­тын қызметкерлер тізіміне қо­сыл­ған. 50 мың теңге көлеміндегі осы төлем отбасы мүшелерінің әр­қай­сысына беріледі. Мысалы, төрт адам­нан – ата-ана мен екі баладан құрал­ған отбасы жалпы көлемі 200 мың теңге өтемақы алмақ.

«Оған 150 мың еңбекақысын қос­саңыз, бұл жас мамандарды по­лиция қызметіне тарту үшін жақ­сы ынталандыруға айналады. Тө­тенше жағдайлар комитетін, өрт сөн­дірушілерді қазір жаңа жылдан бастап жалақысы ұлғайтылатындар ті­зіміне қосып жатырмыз. Әл­де­­­қай­да күрделі әрі ауыр жұмыс ат­қа­ратын бөлімшелердің жалақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан 65%-ға көбейген еді. Айталық, қатардағы өрт сөндіруші еңбекақысы 100 мың теңге шамасында. Егер 65%-ға арт­са, 140 мың теңгеден асады» деді А.Ка­лайчиди.

Қалай болғанда, аттестаттау по­лицейлерді жұртшылыққа жа­қын­датып, елмен етене ету, сөйтіп, құ­қық қорғау органдарына деген ха­лық сенімін арттыру жолындағы ке­зекті қадам. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев ІІМ-нің биылғы кеңейтілген алқа оты­ры­сында тәртіп сақшыларына ашық болуды, БАҚ және әлеу­мет­­тік желілер мүмкіндігін пай­да­ланып, бұқарамен диалог ор­на­тып, қылмыстың жолын ке­су, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірге жұмыс жасау­ды тап­сырды. Себебі кеңес кезі­нен мұра­ға қалған осы орган қыз­мет­кер­лері мен азаматтардың өзара қа­рым-қатынасының бұрынғы стан­дарттары ескірді және қазіргі өмір шындығына сай емес.

«Полиция қызметі нақты, жа­рия әрі жүйелі болуы тиіс! Елбасы бас­таған құқық қорғау жүйесінің ре­формасы жалғасады» деді Қ.Тоқаев. Сондықтан аттестаттау да жалғасын табады және полицейлер одан 2020 жылғы 31 наурызға дейін өтпек.

Халық полицейге сенбесе, өзін қауіп­сіз сезінбейді. Ал мұнсыз қа­зақ­стандықтардың тұрмыс сапасын арт­тыру және дамыған елдер қата­рына қосылу мүмкін емес.