Абылай Мырзахметов: Кәсіпкерлер «Nur Оtan» партиясын қолдайды
Абылай Мырзахметов: Кәсіпкерлер «Nur Оtan» партиясын қолдайды
209
оқылды
Қазіргі аумалы-төкпелі заманда бизнеске тұрақтылық керек, ал оны «Nur Оtan» партиясы ғана қамтамасыз ете алады. Бұл жайында «Nur Оtan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.
–Елбасы жетекшілік ететін партия бизнес пен қоғам арасындағы байланыстырушы көпірге айналды. Қазіргідей дағдарысты кезеңде бизнес өкілдеріне ең әуелі тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім қажет. Оны біздің «Nur Otan» партиясы ғана бере алады! Жаңа ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндамасында айтылғандай, партияның бағдарламасында шағын несиелер санын ұлғайту, салықтар санын қысқарту, салық салуда цифрлық технологияларды енгізу сияқты көптеген ұсыныстар бар. Мұның бәрі елдегі шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға, яғни, ұлттық экономиканы күшейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Елбасы жасаған реформалардың нәтижесінде елімізде іскерліктің өркендеуіне барлық жағдай жасалды. Біз нарықтық экономикаға көштік, отандық кәсіпкерліктің тұтас буыны қалыптасты, жаңа өндіріс орындары ашылып, Индустрияландыру бағдарламасы, Бизнестің жол картасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды. Осы жылдары ел экономикасына 330 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция құйылған. Елбасы бастамасымен қазақстандық бизнесті біріктірген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы құрылды. 2016 жылы «Nur Otan» партиясы мен «Атамекен» палатасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал биылғы жылы ҰКП орталық аппараты базасында бастауыш партия ұйымы құрылды. Бүгінде «Nur Otan» партиясының құрамына 30 мыңнан астам кәсіпкер кіреді. Сондықтан бизнестің проблемасын көшбасшы партия жақсы біледі және ұтымды шешуде. Елбасының қолдауы арқасында «Атамекен» «Бастау» жобасын жүзеге асыруды және микрокредиттеуді бастады. 4 жыл ішінде 150 мың азамат оқытудан өтті. Оның 80%-ы – ауыл тұрғындары және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 50%-ы ісін ашып, бюджетке салық төлеуге кірісті. Қазақстанда 1,3 миллионнан астам кәсіпкер бар. Олар еңбекпен қамтылған қазақстандықтардың 39%-ына жұмыс беріп отыр. Бұл дегеніміз – жүздеген табысты кәсіпорын, мыңдаған жұмыс орны деген сөз. Елбасы бастамашы болған 5 институционалдық реформа шағын және орта бизнестің нығаюына және рөлінің түбегейлі күшеюіне септесті. Қазіргі күрделі уақытта мемлекет кәсіпкерлерді қолдау шараларының тұтас кешенін ұсынып, қолға алуда. Қолдау шараларының тізімі тұрақты түрде кеңеюде және ол коронавирус пандемиясының теріс салдарларын жоюға мүмкіндік береді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында шағын және орта бизнесті қолдауға қосымша 200 миллиард теңге бөлінуде. Жеңілдікті ставкамен айналымдық капиталға несие беру көлемі 800 миллиард теңгеге дейін жеткізілді. Бұл – маңызды шаралар! Олар елдегі іскерлік белсенділікті сақтау үшін қажет. «Nur Otan» партиясының саяси платформасы шағын және орта бизнесті экономиканың қозғаушы күші және орта таптың ұстыны деп біледі. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 35%-ға дейін, ал осы салада еңбек етуші адамдардың саны – 4 миллионға дейін артады. Бұл ретте бағдарламада айтылғандай, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14%-ға дейін кемиді. Бұл бизнестің өсуіне жаңа серпін береді, нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді. Мен партияның Саяси кеңесінің мүшесі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы ретінде Елбасы, партиямыздың Төрағасы белгіленген барлық мақсатқа жететінімізге сендіремін! – деді Абылай Мырзахметов.