Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасына оң баға берді. 2016 жылы қабылданған тұрғын үй бағдарламасын, былтыр мемлекеттік бағдарлама ретінде қайта бекіткен еді. Мұндағы басты міндет – халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру.
Осындай қолдаудың арқасында Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысында жылдан-жылға өсу байқалады. Биылдың өзінде осы бағдарлама аясында 22,2 млрд теңге бөлінді. Соның көмегімен облыс көлемінде бірнеше отбасы баспаналы болды. Оған қоса, бағдарлама есебінен қаржыландырылған
1 862 пәтерлі 43 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған.
Осыған орай, мемлекет тарапынан бағдарламаның басым бағыттары бойынша халыққа көмек көрсету тетіктерін үнемі жетілдіріп жатыр. Мәселен, ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу қарастырылған. Тіпті, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалдамалы тұрғын үй қорын құрды. Ал жеке тұрғын үй құрылысын дамытып қана қоймай, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру қарастырылған. Сонымен қатар бұрын қабылданған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру тағы бар. Осы бойынша қаржыландыру және субсидиялау тұрғын үй сатып алғысы келетін азаматтарға ғана емес, сондай-ақ тұрғын үй салушы компаниялар мен ипотекалық несие беретін екінші деңгейлі банктерге де ұсынылады.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында қазақстандықтардың жеке тұрғын үй құрылысына қызығушылығы арта түсті. Бұған жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. 2017 жылы облыс орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысын жалғыз сәулеттік стильде салу үшін пилоттық жоба іске қосылған болатын. Ол бір құрылыс салушы арқылы жергілікті құрылыс материалдары мен үй құрылысы комбинатының технологиясын қолдануды көздейді. Аталған технологияларды типтік құрылыс жобаларына қолдану тұрғын үй құрылысының құнын 1 шаршы метрі үшін 120 мың теңгеден асырмауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге бұл жоба 2018 жылы жалғасын тапқан. Республикалық бюджеттен су және электрмен жабдықтау желілері салынып жатыр. Алдын ала деректер бойынша, былтыр 160 үй пайдалануға берілген. Бұдан өзге, 179 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 20 үйдің жобалық-қаржылық құжаттары дайындалды.
Пәтермен қамтылған көпбалалы отбасылар
Бүгінде облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы әрбір ауданда түбегейлі жүзеге асырылуда. Мысалы, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 946 пәтерлі 24 тұрғын үйге республикалық бюджеттен 6 млрд теңге, ал облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Сонда оған барлығы 7,2 млрд теңге жұмсалды. Қазір Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында отыз мың шаршы метрді құрайтын 820 пәтерлі 17 үй тұрғызылмақшы. Оның ішінде, былтыр 220 пәтерлі 4 үйдің құрылысы басталған. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 108 пәтерлі 6 үй, Шиелі ауданы, Шиелі кентінде 18 пәтерлі 1 үйдің құрылысы қарқын алған. Ал жеке құрылыс салушылар есебінен де Сырдария өзенінің сол жағалауында 86 пәтерлі 2 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Биыл алғашқы 6 айдың қорытындысында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 277,3 мың шаршы метрді құрап отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоспар екі есе артық орындалған. Облыс әкімімен келісіліп, бекітілген кесте бар. Соған сәйкес 6 айда 228 мың шаршы метр, 9 айда 447 мың шаршы метр көлемді орындау жоспарға алынған-ды.
Қазір облыста тұрғын үй алуға барлық санат бойынша 27 906 азамат кезекке тіркелген. Оның 14 074-і тұрмысы төмен топқа жатады. Ал негізінен облыс орталығында 11 623, аудандарда 2 451 адам пәтер кезегінде тұр. Жалпы, аймақтағы тұрғын үйге аса мұқтаж 150 көпбалалы отбасы анықталды. Соның арасында облыстық бюджеттен жүз шақтысына демеушілер арқылы болса, елуін жеке құрылыс салушылар баспанамен қамтамасыз еткен.
Жүзеге асқан жобалар
Бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 3,6 млрд теңге бағыттау қарастырылып отыр. Оның 1,8 млрд тұрғын үй құрылысына жұмсалса, қалған 1,8 млрд дайын пәтер сатып алуға бағытталған. Бұл мақсатта тұрғын үй құрылысының жобалары бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылған. Осыған сәйкес облыс тұрғындары, әсіресе халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары кіреді. Атап айтар болсақ, көпбалалы отбасылар, І және ІІ топ мүгедектері, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Міне, осы азаматтарды барынша қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы өңірлік «Орда» жол картасы бекітілді.
Тұрған үйі апатты болып танылғандардың кейбірі қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Мұның арасында бір қабатты 27 тұрғын үй, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі арқылы 300 пәтерлі 5 тұрғын үй, «Самұрық Қазына» АҚ желісі арқылы 400 пәтерлі 5 тұрғын үй, 1 162 пәтерлі 28 тұрғын үй жеке құрылысшылар есебінен жөнделген. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамыту мақсатында 2017-2018 жылдар аралығында 52 жоба республикалық бюджеттен қаржыланды. Нәтижесінде 642 шақырым инженерлік желі пайдалануға берілді. Осындай тәсіл арқылы кезекте тұрғандар үшін ай сайынғы төлем алғашқы 5 жылда 70 мың теңге, кейінгі 10 жылда 56 мыңнан болады. Сонда жыл сайын шамамен 40 мың пәтер енгізуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2017 жылы 184 үй пайдалануға берілген.
Елімізде тұрғын үй құрылысы белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартуға, құрылыс қарқынын өсіруге ықпал етеді. Биыл 13 млн м2 астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал бұл – 100 мыңнан астам тұрғын үй. Осыған қарап-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Сыр елі үздік үштіктің қатарында деуге болады. Өйткені Қазақстан Президенті әр кездесуінде қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешуге баса назар аударатыны белгілі. Оған дәлел Мемлекет басшысының халыққа қажетті тұрғын үй жағдайын жақсартып, еліміздің кез келген елді мекенінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасауында.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы