Саяси технология: мақсатқа жетудің ұтымды жолы
Саяси технология: мақсатқа жетудің ұтымды жолы
632
оқылды

Сайлау ұғымы пайда болғалы түр­лі қызметке үміткер болған жан­дар діттегеніне қол жеткізу үшін сан алуан амал-әдіске жүгінген. Бүгінде оларды саяси технологиялар деп атай­ды. Біреу ашық күрес жүргізсе, бас­қа­лары жалған ақпар таратып, қар­сы­ласын қаралауға тырысады. Жұрт­тың естігісі келетін сөздерді ай­тып, попу­лизмге берілетін канди­дат­тар да аз емес. Күн санап жақын­дап келе жат­қан сайлау алдында кең қолданылатын саяси амал-әре­кет­терді ой сүзгісінен өткізсек.

Жалпы, саяси технологиялар тек сайлау барысында ғана қолда­нылмайды. Түрлі жобаларға ақпа­раттық-идеологиялық қолдау көр­сету, нақты азаматтың саяси имид­жін қалыптастыру, үкіметтің жүр­гізіп отырған жұмысын, рефор­ма­ларын демеу қажет болса, осы әдіс­­терге жүгінеді. Жоғарыда атал­ған жайттарда көбіне ақпараттық ресурстар қолданылады. Ал саяси технологиялар кеңінен іске асатын кез, әрине сайлау немесе рефе­рен­дум. Кандидаттар қолындағы әкім­шілік, қаржылық ресурстарға сай түрлі әдіске жүгінеді. Осыдан біраз уақыт бұрын Ресей­­де сарапшылар 5 балдық жүйе­мен саяси технологиялардың тиімділігін бағалаған. Нәтиже мы­надай: элитаның өзара келісуі – 4,2; «есіктен есікке» кампаниясы – 3,5; медиа кампания – 3; сыртқы кам­­­пания – 2,7; БАҚ-тағы тікелей жар­­нама – 2,5; әлеуметтік желілерді қол­­дану – 3,8. Бұл нәтижеде екі нәр­сені есте ұстаған жөн: біріншісі, Ресейдің саяси-ақпараттық нарығы Қазақстанға жақын, сондықтан бұл рейтинг еліміздегі жағдайға жақын келуі мүмкін. Екіншісі, аталған сауал­нама 2 жыл бұрын жүргізілген, қазір әлеуметтік желілердің рөлі ана­ғұрлым артқанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Дәстүрлі жол. Жалпы, саяси технологияларды дәстүрлі және за­манауи деп бөлген дұрыс болар. Дәстүрлі әдістер интернет кең та­ра­ғанға дейін қолданылды. Мәсе­лен, «есіктен есікке». Аты айтып тұр­­­ған­дай, мұнда канди­даттың өзі немесе оның штабының өкілдері белгілі сайлау округтерін аралап, әр есікті қағып, насихат жүргізеді. Белгісіз адамға есік ашып, онымен тілдесуді көпшілік қаламайды. Ал есікті ашқан күннің өзінде оны нақ­ты бір адамға не партияға дауыс беруге көндіру оңай емес. Сондық­тан бұл уақытты, күшті, төзімді талап ететін тәсіл. Дегенмен бұл бет-бет кездесу болғандықтан, оның тиімділігі жо­ғары. Егер кан­дидаттың өзі ара­ласа, онда жақ­тастар санын ұлғайту мүм­кіндігі тағы да артады. Билбордтар ілу – көптен бері келе жатқан жарнаманың әдісі. Мұны сайлау кезінде де кеңінен қолдануға болады. Басты мақсат – қоғамға кандидат партияның атауын не азаматтың аты-жөнін ви­зуалды түрде есінде қалдыру. Сай­лау күні адам таныс фамилияны таңдауы әбден мүмкін. Иә, бұл шығынды талап ететін шара. Бил­бордты жасатудан бұрын оны ілу құқығы қымбат тұрады. Жұрт көп жүретін көшеде ілу ақысы қымбат. Ал тұрғын үйлердің қабырғасына тұрғындардың рұқсатынсыз жа­­быс­тырсаңыз, штабқа айыппұл салыну мүмкін. Сондықтан бұл әдіс қаражат пен ұйымдастыру жұмыс­тарын талап етеді. Медиа. Бұқаралық ақпарат құ­ралдары арқылы танылу. Газетте мақала жариялау, радиода сұхбат беру, телеарнадағы дебатқа қаты­сып, электорат арасында танымал­дықты арттыру тиімді қадам есеп­теледі. БАҚ-ты көпшілік тұтын­ғандықтан, қысқа уақытта жақтас­тар санын еселеуге медиа ұтымды мүмкіндік береді. Дегенмен канди­дат не партияның өкілі өзін әккі оратор не ұшқыр ойдың иесі ретін­де көрсете білуі қажет. Олай болма­ған жағдайда медиа кері әсер беруі әбден мүмкін. Бұдан бөлек, қоғам­ның қай топтарына (жұмысшылар, қарттар, студенттер, әйелдер) қан­дай БАҚ-тың (газет, сайт, әлеумет­тік желі, телеарна, радио) ықпалы мол екенін анықтап алған жөн. Ірі ұжыммен жолығу. Бұл халқы тығыз орналасқан ауданда нәти­жесін беретін амал. Қаланың бел­гілі бір ауданында бірнеше зауыт, аурухана, мектеп, компания және басқа да кәсіпорындар орналасады. Онда жұмыс істейтін қызмет­кер­лердің басым бөлігі аталған ауданда тұруы мүмкін. Сәйкесінше, 10-15 ірі ұжыммен кездесу арқылы аудан­дағы көпшілік сайлаушылармен кездесуге болады. Оған қоса, бетпе-бет кездесу, тікелей сұрақтар қою сайлауда кандидатқа дауыс беру­шілер санын арттыруы бек мүмкін. Телефон шалу. АҚШ – саяси технологиялар кең қолданылатын ел. БАҚ дамымай тұрғанда пре­зиденттікке үміткерлер штат­тар­ды аралап, кейін кездескен азамат­тарына телеграмма жіберіп, бай­ланысын үзбеген екен. Бұл «сара­фанное радио» әсері секілді сыбыс­тың тез таралуына ықпал етеді. Аталған әдіс әлі де қолданыста. Мә­­се­­­лен, биылғы сайлауда экс-пре­зидент Барак Обама өзінің үзеңгілесі Джо Байденді қолдау үшін бірнеше адамға қоңырау шалып, сайлауға қатысуға ша­қырды. Танымал сая­саткердің бұ­лайша қатардағы кісі­лерге хабар­ласуы әлгі адамның өзіне және оның маңындағы аза­маттарға ық­пал ететіні, сол арқылы оларды өзі­не жақтас қылатыны белгілі. Кейде бұлай қоңырау ша­луды ро­бот-телефонға тапсырады (робо­колл). Робот тізім бойынша белгілі округтегі азаматтарға қоңы­рау шалып, алдын ала жазылған хабар­ламаны жеткізеді. Дегенмен бұл әдісті теріс мақсаттарға қол­дана­тындар да табылады. Мәселен, 2011 жылы Канадада белгісіз бі­реулер азаматтарға робоколл ар­қылы жалған ақпарат таратқан. «Қара PR». Алайда саяси техно­логиялардың барлығы бірдей әділ әрі таза емес. Сайлау билікке жету­дің төте жолы болғандықтан, онда түрлі құрал, айла іске қосылады. Осын­дайда «Мақсат – әдісті ақ­тайды» деген саяси афоризм ойға оралады. «Қара PR» ұғымы сайлау барысында қарсыласты тұқыртып, оның жақтаушылар санын азайту үшін белсенді түрде қолданылады. Оның жарқын үлгісінің бірі – До­нальд Трамп. Ол биыл қарсыласы Джо Байденді «ұйқыдағы Джо» деп мазақ қылды, себебі Байден сан рет сөзінен жаңылған болатын. «Қара PR-дың» құралы көп. Өсек-аяң, фейк ақпарат тарату, кандидаттың ебедейсіз, ұятты жағдайға тап бол­ған фото-видеоларын ғалам­торға жүктеу және т.б. Әрине, мұ­ның барлығы ақпарат саласымен бай­ланысты. Бірақ әділетсіз саяси тех­­нологиялар арасында қарсы­ласпен тегі толық сай келетін мүлде басқа кісіні сайлауға қосу әдісі де бар. Мәселен, кезінде экс-сая­сат­кер Ораз Жандосов сайлауға қа­тыс­қанда Жандосов есімді басқа азамат та сол округтен саяси додаға ара­ласты. Бұл сайлаушыларды шатыс­тырып, дауыстың жартысын басқа кандидатқа бұру үшін жаса­лады. Лас саяси технологиялардың қатарына қарсыластың атынан жалған парақша, брошюра және басқа да өнімдер тарату жатады. Тек онда жазылған контент өзгереді. Яғни, кандидат қолданған түс, шрифт, стиль – бәрі көшіріледі де жұрттың ызасына тиетін ұрандар жазылады. Мәселен, «жәр­демақы­ны қысқартайық, біздің кандидатты қолда!», «зейнеткерлер де арнайы салық төлесін!». Бұл, әрине жұрт­тың ашуын келтіреді. Big Data. Интернет, әлеуметтік желінің рөлі артқан сайын саяси техно­логтар оларды кеңінен қол­дана бастады. Қоғаммен кері бай­ланыс орнатуға, танымал болуға, жұрттың көкейіндегі сұ­рақтарға жауап бе­руге және басқа да мақ­саттарға таптыр­мас арзан құрал. Мысалы, 2016 жылы Дональд Трамп Cambridge Analytica ком­паниясы арқы­лы Big Data әлеуетін пайдаланып, сай­лаудағы күресін жеңілдетті деу­ге болады. Себебі аталған ком­па­ния аза­маттардың әлеуметтік желідегі жазбалары, кімге «ұнайды» белгісін қойғанын зерттеу арқылы үлкен дерекке қол жеткізген. Осы­лайша, Cambridge Analytica амери­ка­лық­тарды 32 психотипке бөліп, Трамп­тың саяси жарнамасын бар­лы­ғына бө­лек, сол топқа бейім­деп жібер­ген. Бұл өз ке­зе­гінде Трамп­тың қолдау­шы­ла­рының артуына әкел­ген. Әри­не, мил­лиондаған АҚШ аза­мат­та­рының әлеуметтік желі­дегі бел­сенділігін бақылауға ней­рожелі немесе жа­санды интел­лект қолда­нылғаны анық. Бұл қыз­метін ком­пания 15 млн долларға баға­лапты. Бірақ әлеуметтік желіні теріс мақ­сатқа да қолдану қиын емес. Сол 2016 жылғы сайлауда Ресей АҚШ-тың президент сай­лауына араласты деп айып­талды. Мамандардың пікі­рінше, Мәскеу Facebook сынды танымал желіде түрлі жалған, жұрт­тың ашуын туғызатын немесе нәсілшілдікті оятатын тақы­рып­тарды фейк аккаунттар арқылы белсенді түрде таратқан. Бұл кан­дидат Хиллари Клинтонның сай­лауда жеңілуіне әкеп соқты де­ген болжам бар. Әрине, тізілген әдістерді тиімді қолдана алу өз алдына бөлек әң­гіме. Себебі көтере алмайтын шоқ­парды беліне байлаған кандидат әдістерді сәтсіз қолданса, өзіне зиян келтіруі мүмкін. Осы себепті әдетте сайлауда жеңіске жету үшін кандидаттың сапалы штабы, оның жұртпен байланысатын комму­никативті қабілеті, қаржысы, БАҚ-пен бекем байланысы аса маңызды. Осы факторлар сайлауда жеңіске же­телеуі мүмкін. Кез келген сайлау – шығыны мол саяси дода. Мәселен, биыл АҚШ-тағы президент және Конг­ресс сайлауына 14 млрд доллар жұмсалса, Ресейде 2018 жылғы пре­зидент сайлауына 14 млрд рубль бөлді. Ал Қазақстанда қаңтарда өте­тін Парламент және мәслихат сайлауын ұйымдастыруға 15,3 млрд теңге жоспарланып отыр. Маманның ақысы. Қазақстанда сауатты әрі тәжірибелі саяси тех­нологты табу оңай емес. Негізгі се­беп – елімізде сайлау жиі өтпейді және ашық бәсекелі күрес аса қат­ты байқалмайды. Сондықтан 4-5 жыл­да бір өтетін сайлауларда шет­ел­­дік мамандардың шақы­рылатыны жа­сырын емес. Ал көрші Ресейде 89 субъектіде түрлі сайлау өтетіндіктен, саяси технологтар сұ­­­ра­­ныста. Ақы­сы да арзан емес. Қатардағы маман күніне 300-600 доллар сұрауы мүм­кін, ал Кремль­дің жобаларына қатысқан әккі ма­мандар тәуліктік қызметін 2 500-5 000 долларға ба­ғалайды.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА