Барды бағаламай отырмыз
Барды бағаламай отырмыз
285
оқылды

Әлем лазерлі принтермен бір мезгілде мыңдаған киімді пішіп, тігу жұмыстарына ден қойып жатыр. Ал біз жеңіл өнер­кәсіпті дамыту керек деп ұран­датып келе жатқаны­мыз­ға отыз жыл болды. «Қол­да барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, шикізат өзі­мізде бола тұра игілігімізге пай­да­лана алмай отырмыз. Көрші Қырғызстан өздерінің арзан киімін бізге тық­па­лауда.

Ұлттық экономика ми­нис­тр­лігі мәліметінше, 2019 жыл­ғы 1 нау­рызда жұмыс іс­теп тұр­ған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорын­да­ры­ның жалпы саны 1 000-ға жет­ті. Ондағы негізгі үлесті (61% не­месе 608 кәсіпорын) тігін кәсіп­орындары алады. Өйткені ті­гін цехын ашуға тоқыма және был­ға­ры етік цехын құрудан әл­де­қай­­да аз инвестиция қажет. То­қы­ма бұйымдарын өндірушілер – 289 кәсіпорын, былғары өнімін өндірушілер – 103 кәсіпорын.

Айта кетейік, тігін өндірістері мен шағын цехтардың 80 пайы­зы жұмыс киімдерін тігумен айна­лысады. Яғни, бұл кәсіпорындар тап­сырыспен немесе тендер ар­­қылы арнайы киімдер тігіп қана күнін көріп отырғандар. Ал қарапайым тұтынушыны киін­діріп, өнімдерін өткізіп, табысқа кенелген елдер көп.

Кезінде жеңіл өнеркәсіп сала­сындағы ірі кәсіпорындарды таратып, талан-таражға салдық. Жабдықтары мен ғимараттарын көк тиынға саттық, сондағы уә­жіміз «Мұнай тұрғанда, біз­ге киім тігу неменеге керек» де­ген сөз. Ашығын айтайық, елі­міз­­­де өткен ғасырдың соңғы жыл­­­­да­­рына дейін тоқыма, тігін,­ аяқ­­­киім, тері өнеркәсібі салала­рын­­­да мың­нан астам іргелі кә­сіп­­­орын­дар жұмыс істеді. Ал­маты мақта-мата комбинаты, «Жетісу», Жамбыл аяқкиім кәсіп­­орындары, «Большевичка» тігін ком­бинаты, М.Мәметова атын­­дағы тігін фабрикасын, Қос­­та­най, Қарағанды шұлық комби­нат­тарының өнімдері ха­лық ара­сында танымал болатын. Жеңіл өнеркәсіп табысы ел бюд­жетінің 25 пайызын қамтамасыз етіп тұрған-тұғын. Осыларды жауып, сатып, жекешелендірдік. Бұдан біз ұтқан жоқпыз, тұтыл­дық.

Соның кесірінен 2016 жылы еліміз бойынша сатылған сырт киімнің 97 пайызы, аяқ­киім­нің 96 пайызы, мата-мақта бұйым­да­рының 60 пайы­зы шетел­дер­­ден әкелін­ді. 2017 жыл­дың бі­рінші жартыжыл­дығының қоры­тын­дысы бойынша, елімізге жалпы көлемі 144,3 миллион дол­ларды құрайтын импорттық киім-ке­шек жетті. Бір ғана Ал­маты қала­сында импорттық киім-кешек­тер жергілікті кәсіп­орындар шы­ға­ратын өнімдерден 18 есе асып түскен. Халық тұты­натын қол­ғап­тардың 93 пайызы, шұлық өнім­дерінің 73 пайызы Қытайдан әкелінеді.

Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор бұл саланы дамы­туға әлемнің көптеген елі әлде­қашан түбегейлі бетбұрыс жа­­саған. Мәселен, жеңіл өнер­кә­сіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты елдерде 12-20 пайызды құрайды. Қытай, Үндістан, Түркия тіпті, іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан табы­сының қомақты бөлігін жеңіл өнер­кәсіп тауарларының экспортынан түсіруде. Соңғы жылдары қырғыз елінің ішкі жалпы өніміндегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 пайыздан асты. Ал қазіргі таңда Қазақстандағы қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1,2 пайызды ғана құрайды.

Бізде киім ғана емес, жалпы жеңіл өнеркәсіпке арналған шикізаттың бәрі бар. Теріміз ол жатыр шіріп, мақтамыз ше­тел асуда. Сол шетке кеткен мақ­та­дан киім тіккен қытай, өзбек, қырғыз елінің кәсіпкерлері бізді киіндіріп, мәз қылады.

Біз өзімізде бола тұра, им­портқа тәуелдіміз. Зерттеулердің қорытындысына қарасаңыз, осыған куә боласыз. Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп тауарларына жыл сайынғы сұраныс 5-6 мил­лиард АҚШ доллары көле­мін­де. Осы тауарлардың 97 пайызы импорт есебінен жабы­лады. Міне, қанша қаржы елімізге емес, шетелге құйылуда.

Бізді алға жылжытпай тұр­ған фактордың бірі – баға мә­се­лесі. Еліміздегі кәсіпорындар шы­ғарған киімнен шеттен кел­­ген тауар әлдеқайда арзан. Қаржы министрлігіне қарасты Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің мәлі­метінше, елімізге Қытайдан әке­лінген шұлықтың әр жұбы – 27 теңгеден болса, жергілікті өнеркәсіп тоқыған әрбір шұлық­тың құны – 120 теңгеден, Қы­тайдан әкелінген әрбір костюм – 4,5 мың теңгеден болса, өзіміздің кәсіпорындарда тігілген дәл осын­дай костюмдердің құны − 40 мың теңгеден асып түседі. Бұл жерде бәсекелестік туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз.

Тығырықтан шығар жол бар ма? Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласын қарқынды дамытуға қа­жеті мүмкіндіктер жеткілікті. Ең бастысы, бұл салаға мемлекет тарапынан нақты бетбұрыс жа­салып, шынайы қолдау көрсетілуі керек-ақ.

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ