2020 жылғы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енеді. Ол ең алдымен Одақ ішіндегі сүт өндірісі жақсы дамыған Ресейге және Беларусьқа тиімді. Себебі аталған техникалық регламентке Қазақстан өнімі толықтай сай емес.
Негізі аталған техрегламент осыдан алты жыл бұрын қабылданған. 2013 жылдың қазан айында Кедендік одақ елдері (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения) «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі» туралы техникалық регламент қабылдап, құжат 2014 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Дегенмен Қазақстан отандық сүт өндірушілерді қолдау мақсатында жаңа талаптарды енгізу мерзімін екі рет кейінге шегерді (алдымен 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін, кейін 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін). Енді шегінер жеріміз де, жөніміз де жоқ. Себебі техникалық регламент сүттің сапасы үшін жасалып отыр. Жоғарыда жасалған екі мәрте жеңілдік пен Үкімет қолдауының арқасында өзіміздің өндіріс сәл де болса жетіліп қалғаны рас. Мысалы, 2017 жылы Қазақстан сырттан 80 мың тонна сүт пен кілегей импорттаса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 18,3%-ға төмендеп, 65,4 мың тонна болыпты. Қалған сұранысты өз өніміміз қанағаттандырған.
Сүт сапасын қадағалау – ең алдымен қауіпсіздігіміздің кепілі. Мамандардың сөзімен айтсақ, жаңа талаптарға сай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сүт өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын шикі сүт, майы алынған шикі сүт, шикі кілегейлер құрамындағы МАФАМ (мезофильді аэробты және факультативті анаэробты микроорганизмдер көлемі) және соматикалық жасушалардың ең жоғары көрсеткіштері енгізіледі. Яғни, осы арқылы сүттің тазалығы, қышқылдығы, тығыздығы және майлылығы секілді көрсеткіштерді мұқият бақылауға мүмкіндік жасалады.
СҮТ КӨП, САПА ЖОҚ
Рас, Қазақстан сүт өндірісі көрсеткішінен кенде емес. 2019 жылы қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 4,7 млн тонна сүт өндіріліпті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3,1%-ға көп.
Статистикаға сүйенсек, сүт және сүт өнімдеріне сұраныс та артып келеді. Республикада 2017 жылы бір адамға шаққанда 237 литр сүттен айналса, былтыр 261 литрге жеткен. Десек те, сүтке сұраныс артқан сайын бағасы да өскен. Биыл пастерленген сүт – 11,5%, сары май – 10%, кілегей 3,5% қымбаттады. Айта кететін жайт, бағаның өсуіне сұраныс қана емес, мал азығы, дизель отыны және ветеринария қызметі секілді қосымша шығындардың артуы да себеп.
Алайда елімізде өндірілген 4,7 млн тонна сүттің жартысынан көбі өңдеуші зауытқа жетпейді. Өйткені сауылған сүттің 77%-ы қосалқы жеке шаруашылықтардың өнімі, қалған 30-ы ғана тауарлы-сүт фермаларына тиесілі. Ал шағын шаруашылықтар мен жеке сектордан шикізатты тасымалдау өңдеуші кәсіпорындарға қосымша шығын. Сол себепті зауыттар көбінесе импортталатын құрғақ сүтті пайдаланғанды жөн көреді. Бұл елімізде шикізат базасының өзі толық дамымағанын білдіреді. Одақтас елдер орыс пен белорустың сиыры берген сүт біздің сиырдан да шығады. Бірақ ұқсатуымыз шамалы. Сауып алған шикі сүтті сақтауда, өндіріске жеткізу ісіндегі кемшіліктен сүт сапасы төмендейді. Аяғында өнім бәсекеге сай болмай шығады. Бір сөзбен айтқанда, сауылған сүт шаруаның қолында қалып отыр. Оның үстіне, жеке үйлерде санитарлық-ветеринарлық іс-шаралар уақытылы жүргізілмейтіні де жасырын емес. Осыдан кейін ЕАЭО-тағы техникалық регламентті қабылдамауға да амалымыз жоқ.
ТЕХРЕГЛАМЕНТ ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ ТҰСАУ САЛАДЫ
Әрине, Қазақстанның кәсіпорындарына қажетті шикі сүтті Ресей мен Беларусь жеткізіп бермесі анық. Олар бізге дайын өнімін экспорттайды. Milknews сараптамалық орталығының дерегіне сай, ЕАЭО ішінде сүт өндірісінен алда тұрған Беларусь биыл сүт және сүт өнімдері экспортынан 1,5 млрд доллар пайда тапқан. Әлемдік нарықтағы үлесін жылдан-жылға кеңейтіп келе жатқан белорустар 2017 жылы 46 мемлекетке сүт өнімдерін саудаласа, былтыр 58 елге жеткізіпті. Дегенмен олардың сүт өнімдерін ең көп импорттайтындар Ресей мен Қазақстан және ҚХР екені белгілі.
Ал экономикалық одақта үні үстемірек шығатын Ресейде 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 24,2 млн тонна шикі сүт өндірілген, бұл былтырғы көрсеткіштен 1,7%-ға көп. Демек, келесі жылы ЕАЭО-тың техникалық регламенті күшіне енгенде Ресей мен Беларусь компаниялары Қазақстан нарығындағы бос орынды қуана-қуана толтыруға дайын. Бұл тұрғыда биыл Қырғызстан – 1,3 млн тонна, Армения 575 мың тонна сүт өндіргенін айта кету керек. Бір есептен, бұл армян мен қырғызға жеткілікті көрсеткіш. Себебі Арменияда халық саны 3 миллионға жетпейді, ал 6 миллион тұрғыны бар қырғыз ағайынның біраз бөлігі онсыз да нәпақасын Ресейден айырып жүргені белгілі. Яғни, ең көп ұтылатын тағы да біз.
Осындайда ЕАЭО техрегламентінің тізгіні «Ресейдің қолында тұр ма?» деген ойға қаласың. Себебі былтыр Одаққа кірмейтін елдерден қант импортына кедендік алымның өсуінен Қазақстан қанттан тапшылық көріп, өнімді тек Ресейден ғана сатып алуға мәжбүр болғанымыз бар.
СҮТ ӨНДІРІСІ МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫНА МӘЖБҮР
Жоғарыда Қазақстанның шикі сүт өндірісінің 77 %-ы жеке шаруашылықтың еншісінде екенін айттық. Елімізде екі жүз мыңнан астам шағын шаруашылық бар. Әрі ел тұрғындарының 40%-дан астамы ауылдық жерде тұрып жатыр. Техникалық регламент күшіне енген соң тексеріс шығып, нағыз қиындық сол кезде басталады. Жеке шаруашылықтар мен кішігірім өңдеу мекемелері отандық нарықтан орын таппаса, банкротқа ұшырайды. Яғни, салық төлеп, жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтар азайса, бюджет қазынасы ортаюы әбден мүмкін.
Сондай-ақ жеке секторлар мен шаруашылықтар сауған сүт өндіріске өтпеген соң көлеңкелі жолмен қара базарға саудалауға көшеді. Автокөліктің жүк салғышында, адам көп жүретін жерасты өткелдерінде пластик ыдыстарда сатылып тұрған сүтті елестете беріңіз.
Дегенмен Үкімет те қамсыз отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі сапалы шикізат көлемін арттыру үшін тауарлы-сүт фермаларын көбейтеміз деген есебін жариялады. Министрлік жоспарына сай, алдағы бес жыл ішінде 244 отбасылық және 95 өнеркәсіп үлгідегі тауарлы-сүт фермалары салынады. Одан бөлек, биыл елімізде 12 сүт қабылдау пункті ашылып, 328,5 млн теңге субсидия беріліпті.
Ашығын айту керек, мемлекет тарапынан сүт өндірісі шаруашылығына қаржылай қолдау бар. Алайда саланы аяққа тұрғызып, дамыған елдерді былай қойып, ЕАЭО-тағы әріптес елдердің сапа деңгейіне жеткізу үшін түбегейлі қарастыратын мәселелер жетерлік. Ол: сауылған сүтті сақтайтын талапқа сай орындар, агроөнеркәсіп өнімдерін өткізу ісін жеңілдету, мал азығы, ветеринар маман қызметі...