Салықсыз онлайн аударым
Салықсыз онлайн аударым
266
оқылды

Азаматтардың электрон­ды тө­лем­деріне салық салу туралы мәселе ел­ді дүр­лік­тірген болатын. «Бұл жауап­ты ше­неуніктердің сауатсыз мә­­­­лімдемесі ме, әлде шыны­мен өмір­ге жолдама алғалы тұрған жаңа­лық па?» деп қа­зақстандықтар екіұ­дай күй кеш­ті. Министрліктен шық­қан бастамаға Мемлекет бас­шысы тоқтау салғаны анық­талды.

– Президент Ақмола облысын да­мы­туға арналған кеңесте қолма-қол ақ­шасыз аударымдардан салық ұстау мүм­кіндігі туралы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Соңғы күндері бұл с­ұрақ қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ыңғайлы болғандықтан кейбір банктердің тез арада аударым жасау жүйесі тұрғындар арасында танымал. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекеттік органдар бұл мәсе­ле­ні тыңғылықты зерттеу керегін атап өт­ті. Сол себепті Президент сауалды күн тәртібінен алып тастау туралы тапсырма берді, – деді Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев өзінің facebook-тегі па­рақшасында.

Жалпы, пікірталас бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың мәлімдемесінен кейін басталды. Ол 7 қа­­рашада салықтан жалтарып жүрген көлеңкедегі кәсіпкерлерді анықтау үшін қазақстандықтардың ақша аударымдарын тексеру көзделіп отырғанын жариялады. Оның айтуынша, жұрт банк арқылы бір-біріне жолдайтын аударымның бір бөлігіне салық салынуы тиіс.

– Бұл барлық төлемге қатысты емес. Сіз жақыныңызға ақша аударып тұр­­­саңыз, оған ілікпейсіз. Егер ұялы те­ле­фоныңыздың балансын толтырсаңыз, ком­муналдық төлемдерді төлесеңіз, оған да қатысы жоқ. Өйткені оларға онсыз да салық есептелген. Әр жағдай жеке қа­ралады. Ал егер адам әр көзден жиі ауда­рым­дар алып тұрса, мұндай жағдайға са­лық қызметі мониторинг жасайды, – деген еді Б.Шолпанқұлов.

Сарапшылар бұл жерде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ Қытайдан зат алғызып, оны Instagram, OLX және басқа да хабарландыру сервисі арқылы сататын жандар туралы сөз болып отырғанын ай­тады.

– Мұны анықтау қиын емес. Егер аза­мат өз туыстарына ақша жіберіп тұр­са, күн сайын қайталана бермейді. Қолданыстағы тұр­мыстық техниканы не басқа затын са­тып жіберетіндер де күн сайын ақша ал­майды. Егер жеке тұлғаға өзге жеке тұл­ғалардан ұдайы әрі жаппай аударымдар тү­сіп жатса, бұған салық қызметі қызы­ғушы­лық танытады. Бұл барлық банктерге қатысты, – деп нықтады ол.

Жаңалық, әсіресе сырқат баласы бар және оны емдеу үшін халықтан қайы­рым­дылық қаржы жинайтын отбасыларды шошытты. Көп ұзамай қоғам белсенділері, мы­салы, заңгер Жангелді Сүлейменов Қар­жы министрлігіне шағым жолдағанын және электронды төлемдерге салық енгізу­шілермен соттасуға әзір екенін жария етті. Ол бірінші вице-министрдің әр жағдайға жеке қараймыз дегеніне сенбейді.

– Асығыс қисық заң қабылдайды. Со­ның негізінде банктерге арналған бағ­дарламалық қамтылым әзірлеу туралы кесірлі техникалық тапсырма құрылады. Прог­раммистер идеяны ары қарай на­шар­латады да, ақыр соңында халық зар қақсайды. Банк бөліп-жармай, кез келген электронды төлемнен автоматты түрде бюджетке 10 не 20% салық ұстап отырады. Яғни, халық үшін барлығы 11–25%-ға қым­баттап шыға келеді, – дейді заңгер Ж.Сүлейменов.

Осы аптаның сәрсенбісінде Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Ол ұсақ кәсіпкерлерден салық жинағысы келетін шенеуніктерге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында 2020 жылдың 1 қаңтарынан шағын бизнесті 3 жылға са­лықтан босатқанын, ШОБ тексеруге мо­раторий енгізгенін еске салды.

– Азаматтар банктік карталармен мил­лиондық мәмілелерді төлемейді, кө­бісінде ондай ақша мүлдем болған да емес. Адамдар тамақ, дәрі-дәрмек, ба­­­лалар тауарларын алғанда немесе шаш алғызғанда картамен есептеседі. Әрине, осылай бизнес жүргізетіндер де бар шығар. Бірақ олар аз. Соларға бола қалған азаматтарды үрейге бөлеудің еш қажеті жоқ, – деген депутат құзырлы органдарға оның орнына миллиондап пара алушылар мен миллиардтап ақшаны оффшорға әкететіндерді іздеуге кеңес берді.

Осыдан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәселенің мәнін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Бас қаржыгер халықты алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды, өйткені жеке тұлғалар үшін алаңдауға негіз жоқ көрінеді.

– Соңғы уақытта Kaspi секілді же­дел аударым жүйелері халық пен биз­нес арасында үлкен сұранысқа ие. Ау­да­рым үшін комиссияның болмауы, пай­да­ланудың жеңілдігі мен қолайлылығы бұл қызмет түрінің танымалдығын арт­тырды. Әрине, Қаржы министрлігі қол­ма-қол ақшасыз төлемдердің өсуі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ық­пал ететінін түсінеді. Сол себепті ми­нистрлік мұндай аударымдардан қандай да бір қосымша төлемдер немесе салық жинауды жоспарламайды. Бұған қоса, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарына тексеру жүргізу де көз­делмейді, – деді Ә.Смайылов.