Дамыған елдерде қоғамдық ұйымдардың маңызы зор. Мәселен, World Wildlife Fund әлем бойынша 1 300 жобаға жетекшілік етеді. Жемқорлармен күресетін Transparency International қорымен елдің бәрі санасады. Осы орайда, еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы «салмағы» қандай деген сауал туындайды.
Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар – азаматтық қоғамның бастауы. Қоғамдық ұйымдар «ішіндегісін айтып», әлеуметтік өзгеріс жасауға бейім болса, жағдай біршама түзелетін еді. Шетелде ҮЕҰ белсенді әрі үлкен күшке ие. Мәселен, Greenpeace-тің қатысуынсыз жасыл экономикаға қатысты бірде-бір заң күшіне енбейді. Oxfam әлемдегі кедейлікпен күреседі, себеп-салдарын анықтайды.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жалпы саны 23 мыңға жуық ҮЕҰ бар. Соның ішінде 3 мыңы нақты жұмыс істейді. 23 қазан күні елордада өткен жиында Алтай Көлгінов биыл шаһарда белсенді жұмыс істейтін 471 үкіметтік емес ұйым бар екенін жеткізді.
2019 жылғы шілде айында Қазақстанда 945 қайырымдылық ұйымы тіркелген екен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 20 пайызға аз. Өткен жылы елімізде 1 173 қайырымдылық ұйымы болған. Қазіргі таңда республика бойынша 231 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Республикалық деңгейге шыққаны – 15. Облыс пен қала деңгейінде – 17 ұйым, қала мен аудан деңгейінде 199 кеңес бар.
Еліміздегі «үшінші сектор» 4 бөліктен қаржыландырылады. Алғашқысы – халықаралық ұйымдар мен елшіліктердің гранты. Содан кейін Үкімет гранттары мен әлеуметтік тапсырысы. Үшіншісі – ірі компаниялар тарапынан берілетін көмек. Төртіншісіне әлеуметтік бизнес ашқан ҮЕҰ-лар жатады.
Қазақстанда «үшінші секторды» дамыту керек. Аталған саланың қанат жаюы елдің әлеуетін арттыру үшін маңызды. Мұны Назарбаев университетінің профессоры Колин Нокс растап отыр. Оның пайымдауынша, ҮЕҰ-лардың тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік сектормен бірлесе отырып, қоғамдық қызметті өркендету. Сондай-ақ профессор ҮЕҰ билікке көмекші құрал ретінде қызмет етіп, назардан тыс қалатын шағын топтың дауысын билікке жеткізетінін айтты. Оның ойынша, Қазақстан мұндай ұйымдардың тиімділігін көруі тиіс.
Еліміздегі «үшінші сектор» жұмысы төмендегідей жіктеледі. ҮЕҰ-ның 11%-ы жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдаумен айналысады. Әлеуметтік осал топты қолдау үшін 9%-ы жұмылдырылған. 7%-ы білім және ғылым, ақпарат, спорт және дене шынықтыру саласында жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ пайыздық көрсеткіштерге жіктелген басқа да бағыт бар.
2015 жылдан бері ҮЕҰ-ның деректер базасы жұмыс істейді. Аталған база деректеріне сүйенсек, қазір көпбалалы отбасына, жетім балалар мен толық емес отбасында тәрбиеленген жеткіншектерге 4 ҮЕҰ көмектеседі. Олар 16 жобаны іске асыру үшін 172 млн теңгеден астам қаражат жұмсады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дара» жеке қоры инклюзивті студиялар жобасын жасады. Жобаға 3 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Бұдан бөлек, «Жаңа туған балалардан бас тартудың алдын алу», «Ақтау қаласында психолого-педогогикалық түзету орталығын ашу», «Әр алуан, бірақ тең: Қазақстанда инклюзивті қоғам құру» сынды маңызды жобалар бар.
Азаматтардың денсаулығын сақтау, саламатты өмір салтын насихаттау бойынша екі ҮЕҰ 23 млн теңгеге 2 жоба жасады. Елдегі әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін 19 ҮЕҰ 52 жобаны іске асырыпты. Оған 18 донор 688 млн теңгеден астам қаражат бөлген. Ал мәдениет пен өнерді дамыту үшін 7 ҮЕҰ 9 жоба жасаған.
Бүгінге дейін үкіметтік емес ұйымдарды дамыту үшін біршама іс атқарылды. ҮЕҰ-ның сандық және сапалық өсуі қамтамасыз етілді. «Үшінші сектордың» қоғамдағы рөлін аттыру үшін V, VI, VII және VIII Азаматтық форум өтті. ҮЕҰ-ны қолдау аясы кеңіді. «Ашық Үкіметті» қалыптастырудың негізі қаланды.
Мемлекет 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасын жасады. Тұжырымдама бойынша азаматтық қоғамды дамытудың 4 бастамасы қосымшаларымен қоса берілген. Бастамада ҮЕҰ мен мемлекеттің өзара әрекеттесуі жайы айтылған. Бұл – «үшінші секторға» берілген айрықша міндет. Құжатта «Осы міндет шеңберінде ҮЕҰ әлеуметтік мәселелерді шешуде, мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды іске асыруда олардың маңызы мен қажетін талдау және бағалау тұрғысынан мемлекеттің негізгі серіктесі болады» делінген.
Мемлекет пен қоғамның арасындағы жаңа жүйе үшін «Волонтерлік қызмет туралы», «Қайырымдылық туралы», «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қабылданды. Осының ішінде волонтерлік қызметті ерекше атап өткен жөн. Себебі әлемдегі жетекші ҮЕҰ негізінен волонтерлер арқылы жұмыс істейді. Сөзімізге Doctors Without Borders ұйымы – дәлел. Ұйымда әлемнің 70 елінен волонтер дәрігерлер бар.
Волонтерлерді ҮЕҰ жұмысына тарту мәселесі де жиі көтеріледі. Қайырымдылық ұйымдарына волонтерлердің көмегі керек. Мысалы, «28 петель» сияқты ұйымдар волонтерлердің арқасында қанат жайып отыр. Волонтерлерді қоғамдық ұйымдарға тарту арқылы ҮЕҰ-ның ауқымын кеңейте аламыз.
Енді елімізде Үкіметтік емес секторды кәсібилендіруге, бәсекеге қабілетін арттыруға баса назар аударылады. ҮЕҰ ұсынатын қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтардың қатысуымен өзекті мәселелерді шешуге ден қойылмақ. Мемлекет ұсынған 2020-2025 жылға арналған тұжырымдама коммерциялық емес секторға деген сенім деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Айбике ЖАНАСЫЛ