Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет үшін қай кезде де маңызды. Осы мақсатты көздейтін мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Олардың әрқайсысы қарапайым жұрттың табысына қарай баспаналы болуына барынша мүмкіндік жасалуда.
Ел Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеу қажетін айтты. Елбасының бастамасымен «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске қосылуы халықтың аз қамтылған бөлігі үшін тиімді жеңілдік болды. Президент Жолдауда бұл бағдарлама бойынша елімізде жыл соңына дейін кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін атаған еді.
– Биыл Қызылорда облысында халықты баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарламалар жылы болды. Себебі өткен жылы облыс әкімдігі мен банктің әріптестік меморандум негізінде қабылданған «Орда» бағдарламасы жүзеге асты. Бағдарламамен сол жағалаудағы жаңа үйлерден 246 пәтер берілді, – дейді банктің жергілікті филиал директорының орынбасары Ілияс Жұрынов.
«Орда» бағдарламасы баспанаға мұқтаждардың ішіндегі нақты санаттарға арналған. Мәселен, олардың қатарында көпбалалы немесе толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да кіреді. Балалар үйінің тәрбиеленушілері, мемлекеттік және бюджет мекемелердің қызметкерлері де осы санатта. Жасы 35-ке толмаған отбасыларға да мүмкіндік берілген. Мұның бір ғана талабы – банк есепшотында кепілдік жарна ретінде кем дегенде 500 000 теңге болуы керек. Негізі, мұнда берілетін пәтер бағасы отбасы бюджетіне қатты салмақ салмауға есептелген. Мысалы, 58 шаршы метрлі 2 бөлмелі пәтер құны – 6 960 000 теңге. Пәтерде 8 жыл бойы тұрып келген банк салымшысы осы уақыт ішінде шотына ай сайын 36 888 теңгеден ақша аударып тұруы тиіс. Ал жыл сайынғы мемлекеттік және банк сыйақысын қоса есептегенде жинақ сомасы үй бағасының 50 пайызына жетсе, несие ретінде рәсімделеді. Бұл – елді жалақысының бір бөлігін жинай отырып, баспаналы болуына жақсы мүмкіндік.
Ілияс Жұрыновтың айтуынша, бағдарламамен берілетін пәтерге байқау жарияланғанда 1 000-нан аса өтініш түскен. Соған қарап-ақ, бұл бағдарламаның табысы аз тұрғындар үшін тиімділігі анық байқалады.
Әскерилерге жасалған мүмкіндік
«Әскери баспана» бағдарламасы да әскери қызметкерлерге мол мүмкіндік беріп отыр. Былтыр басталған жоба биыл да жалғасын тапқан.
– Өткен жылы барлық әскери қызметкер осыған құжат тапсырған соң, іріктеу компьютер арқылы жүргізілді. Ал биыл кім бірінші құжат тапсырып, барлық талапқа сай келсе ғана баспанаға қол жеткізе алады, – дейді филиал директорының орынбасары І.Жұрынов.
Мұнда да негізгі талап – алғашқы жарна. Үй бағасының 15 пайызы депозитте болғаны жөн. Егер төлем қабілеті расталса, қалаған баспанасын ала алады. Көпқабатты үйден немесе жеке тұрғын үйден таңдайды ма, сатып алушының өз еркі. Ең бастысы, банк талаптарына сай келсе болғаны. Биыл осы бағдарламамен 53 әскери баспаналы болды.
Пайызы төмен баспана
Елбасы бастамасымен қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасының жеңілдігі өте көп. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен балалары кәмелет жасқа толмаған толық емес отбасылар қатыса алады. Бастысы, неке бұзылса, кемінде үш жыл өтуі керек. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да қатысуға болады. Мұндағы талап, отбасы мүшелерінің табысы 42 500 теңгеден аспауы тиіс.
– Осы бағдарламада тұрғын үй несиесі республика бойынша ең төменгі пайызбен беріледі. Небәрі екі пайыз ғана. Ал тұрғын үй несиесін 20 жылға дейін рәсімдеуге қолайлы. Алайда қатысушының банктегі есепшотында үй бағасының 10 пайызы болуы тиіс. Негізі баспана алуға 10 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған, – дейді І.Жұрынов.
Айта кетерлігі, осы бағдарламамен несие рәсімдеген кезде банк комиссиялары ұсталмайды. Қатысушылар өзі таңдаған үйді алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, қатысушының төлем қабілеті мен таңдаған үйі банк талабына сай болуы қажет. Қызылорда облысында осыған қатысуға 232 өтініш түсіп, оның 111-і мақұлданып, 21-і баспаналы болды. Ал қалғаны үй таңдау, құжат жинау жұмыстарымен айналысуда. Несиенің ай сайынғы төлемі 50 мың теңгеден аспайды.
Тіркеуде тұру міндеттелмейді
2017 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, Қызылордадағы Сырдарияның сол жағалауынан 240 пәтер пайдалануға берілді. Ол негізінен тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен банк салымшыларына тиесілі. Биыл «Нұрлы жердің» талаптарында айтарлықтай өзгеріс енді. Мәселен, бұрын қатысушылардың атында кемінде, соңғы бес жылда үй болмауы талап етілетін. Ал биыл өтініш берген күннен бастап атында жылжымайтын мүлік болмауы ескеріледі. Сонымен қатар бұған дейін тіркеуде тұрған өңірден ғана баспана алса, қазір кез келген қаладан алуына мүмкіндік бар.
– Шарты бойынша қатысушы үй бағасының 20 пайызын депозитте жинақтауы тиіс. Тұрғын үй несиесі 5 пайызбен беріледі. Қазір бағдарлама бойынша өтініш қабылданып, іріктеу аяқталды. Енді іріктеуден өткендердің төлем қабілеті расталуда, – деді филиал директорының орынбасары І.Жұрынов.
Әрине, баспанаға қол жеткізу үшін халықтың барлығы бірдей мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайтыны аян. Бұл ретте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» бағдарламасының мүмкіндігін пайдалануға болады.
– Бағдарлама бойынша алғашқы жарна ретінде үй бағасының 30 пайызын жинақтау қажет еді. Несиенің жылдық үстемесі 8,5 пайыз болған. Алайда өткен жылдан бастап алғашқы жарна 20 пайызға төмендетілді. Ал несие 7 пайызбен беріле бастады. Бұған кез келген адам қатыса алады. Төлем қабілетін растаса жеткілікті. Атында жылжымайтын мүліктің бар-жоғы маңызды емес.
Жалпы, пәтер жалдай жүріп, жеке баспана үшін қаржы жинау өте қиын. Дегенмен мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалуда. Әрбір азамат діттеген мақсатына қол жеткізе алады. Соның бірі – мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалар. Ендеше, баспаналы болу әр азаматтың өз қолында.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы