Боливия мемлекетін 14 жылдай басқарған Эво Моралес өз еркімен тағынан бас тартты. Латын Америкасы тарихындағы тұңғыш үндіс президенттің күтпеген жерден қызметінен кетуі таңғалдырғанмен, оның себебін аңғару қиын емес.
Эво Моралес орыс елін «бауырым» деп атайтын. Биылғы қазан айында Владимир Путинге алғысхат жолдағанда да осы сөзді қолданып, ресейлік қаһарлы қаруларды сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген.
«Моралес любил жевать коку, быть президентом и дружить с Россией» деп қамыға еске алады ресейлік беделді ақпарат құралдары. Оның үстіне, кеңес кезінен үндістер туралы киноларды көріп өскен аға буында бұл халық өкілдеріне ерекше құрмет бар.
«Расист олигархтар елді үндіс басқарып отырғанына көне алмады. Оның жалғыз айыбы – экономиканың батыстанған неолибералды экономика үлгісін жақтаудан бас тартқаны және қарапайым бұқараға қамқорлық жасағаны» деп мәлімдеді Боливияның Панамадағы елшісі Пастор Мамани. Дипломат Моралестің арқасында өз елінің өңірдегі ең экономикалық тұрақты мемлекетке айналғанын айтады.
Алайда сарапшылар «Латын Америкасы тарихындағы тұңғыш және соңғы үндіс президент» Хуан Эво Моралес Айма саяси күштердің қысымымен өз еркімен отставкаға кетті деп есептейді. Әйткенмен, бірқатар елдің өкілдері АҚШ іргесіндегі құрлықта орналасқан осы республикада шын мәнінде «мемлекеттік төңкеріс» болғанын мәлімдеп те тастады.
Бұл тарихи тұлғаның алдымен жетістіктеріне тоқталсақ. Э.Моралес 14 жылға жуық уақыт ішінде ел экономикасын көтерді, қайыршылықты түбірімен жоймағанымен, еселеп азайтты. Ол – ашқұрсақ жүрудің не екенін бала кезден біліп өскен адам. Оның отбасында негізгі тамақ жүгері болған, үлкен мерекелерде ғана лама мен қойдың етін жейтін. Болашақ президенттің балалық шақтағы жалғыз ермегі доп қуу болыпты. Нәтижесінде, ол футбол фанатына айналды. Э.Моралес жоғары білімі жоқ, оның орнына сырнайшы, наубайшы мамандығын игеріп, қара жұмыстарды істейді. 1980 жылдары аграрлық университеттегі сабақтарға қатысып жүрген, бірақ армияға шақырылуы салдарынан диплом ала алмады. Отан алдындағы борышын оркестрде өтеген.
Саясаткер мансабы сатысымен өрлеуі әскерден оралғасын басталды: сөзге шешендігі арқасында кәсіподақтық қозғалыс жетекшілерінің біріне айналды. Ол неолибералды экономикалық реформа жүргізуді ұсынған АҚШ қысымына қарсы шықты. 1995 жылы серіктестерімен бірлесіп, «Социализмге қарай қозғалыс» партиясын құрды. Партия идеологиясы кедейлерге көмектесуді мақсат еткен. Сол арқылы парламент депутаты болып сайланды.
Эво Моралес 2005 жылдың соңында өткен сайлауда дауыс берушілердің 54 пайызының қолдауымен жеңіске жетіп, президент атанды. Оның алдында Боливияда 5 жыл ішінде 5 мемлекет басшысы ауысқан. Соның бірі қазіргі қарсыласы, тарихшы Карлос Меса болатын. Ол Боливияны 2003-2005 жылдары басқарды.
Билік құрған жылдары Моралес елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемін 3 есеге арттыра алды.
Оның саясатының кемшін тұстарына да тоқтала кеткен жөн. Э.Моралес билікке популистік бағдарламамен келді. Ол халықтың кедей топтарын қорғауды басты орынға қойды, соның кесірінен орта тап және ауқаттылардың қолдауынан айырылды. Президент ретінде ол байлықты тартып алып, қоғамның «қаналған таптарына» бөліп беруге екпін салды. 2006 жылы мұнай-газ саласын национализациялады. Шетелдік мұнай компанияларына қайта рәсімделуге 180 күн мұрсат берді. Бұл инвесторлардың барлығын есеңгіретті.
Моралес аймақтардың құқықтарын, департаменттердің автономиясын шектеді. Салдарынан, Боливия сепаратизм қатеріне ұшырады: 2008 жылғы мамыр-шілде аралығында Санта-Крус, Бени, Панда, Тариха, Чукисака секілді өңірлер референдум өткізіп, автономияларын жарияламақ болған. Бұған жауап ретінде Э.Моралес президентке сенім туралы жалпыхалықтық референдум жариялады. Онда халық Боливия лидерін де қолдады, бірақ бас көтерген префектілерді де жақтайтынын анық аңғартты. Саяси дағдарыс басылды, бірақ мәселе шешімін таппай қалды.
Егер Моралес теңіздің бір пұшпағына қол жеткізгенде, қазір тақтан таймас па еді, кім білсін?! Түсіндіре кетсек. Боливия теңізге шығар жолы жоқ ел саналады. Бұл елдің экономикалық дамуын тежеп келеді. Содан 2010 жылы Боливия басшысы шөл даладан теңізге шығатын шағын жер телімін өзіне 99 жылға жалға беруге Перуді көндіреді. Алайда онда жаңа теңіз портын салу өзін-өзі еш ақтамайтыны анықталды.
Бұдан кейін Эво Моралес Гаагадағы БҰҰ халықаралық сотына жүгініп, Чилимен соттасуға кірісті. Боливиялықтар ІІ Тынық мұхит соғысының нәтижелерін әділетсіз санап, қайта қарауды, 1904 жылғы келісімнің күшін жоюды және Чилиді басқыншы деп тануды сұрады. Алайда мұнда да Моралестің жолы болған жоқ. «Боливия, теңізге қарай, алға!» ұраны іске аспады.
Боливия президентінің саясаты Америкаға қарсы бағытталған-ды. Сәйкесінше, АҚШ-тыңқарсы іс-қимылына кезікті.
2008 жылы сыртқы күштердің араласуымен өңірлер бас көтеріп, ішкі дағдарыс туындады. 2013 жылы ресейлік Шереметьеводан ұшып шыққан Боливия басшысының ұшағын Австрия мәжбүрлеп қондырды. Өйткені Франция, Португалия, Италия және Испания өз аспанын ашудан бас тартты. Осының алдында Боливия АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Эдуард Сноуденге саяси баспана беруге құлық танытқан. Сондықтан оны іздеген құзырлы құрылымдар Вена конвенциясын бұзып, президенттік ұшақты тінтіп шықты.
Осыдан кейін Э.Моралес Мәскеуге тіптен жақындай түсті. 2014 жылы Боливия Ресейдің Қырымды басып алуын айыптаған БҰҰ қарарына қарсы дауыс берді. 2019 жылы Моралес жоғары білімінің жоқтығына қарамастан, РУДН құрметті докторы атанған. «Росатом», «Газпром», «РЖД», «Ростех» және басқасы артықшылық иеленіп, ел экономикасын араласа бастады.
Биылғы 20 қазанда өткен президенттік сайлауда Э.Моралес экономикалық жетістіктерімен мақтана алған жоқ. Бүгінде елдің сыртқы қарызы мен бюджет тапшылығы әлемдегі ең жоғары саналады. Бұған қоса оның рейтингін 4 млн гектар орманды жойған өрт құртты. Ресейлік политтехнологтардың жәрдемдескеніне қарамастан, ол сайлауда бірден жеңіске жете алмай, қарсыласы Карлос Месадан небәрі 10,59 пайыз ғана артық дауыс жинады. Ал екінші турдағы жеңісіне оппозиция күдік келтірді.
Осыған орай, аудит жүргізген Америкалық мемлекеттер ұйымы (Organización de los estados americanos) Э.Моралестің жеңісіне шүбә келтірген және жаңа сайлау нәтижесін жоюға кеңес берген баяндамасын жариялады. Оның арты елдегі бейберекетсіздікке әкелді. Ақыры қысымға шыдамаған мемлекет басшысы биліктен бас тартып, боливиялық Чиморе қаласына кетуге мәжбүр болды. Бүлік кезінде күреске шыныққан жас жігіттер дереу Моралестің үйіне басып кірген. Бірақ тонайтын ештеңе таппады. Боливия экс-президенті қарапайым ғана тіршілік еткені анықталды.
Бұл оқиға Америка құрлықтарында социализмнің болашағы жоқтығын паш етті. Боливияда тәртіпсіздік ары қарай жалғасуда. Оппозиция бірауыздан қолдайтын көшбасшы табылмағандықтан, ел тізгіні уақытша сенаттың екінші вице-спикері Жанин Аньеске берілді.