Бағы ашылмаған былғары зауыты
Бағы ашылмаған былғары зауыты
414
оқылды

Семейдегі 130 жылдық тарихы бар былғары өңдеу зауыты сот ше­шімімен банкрот деп танылды. Бір кездері 2 700-ден астам еңбек еткен зауыттың тағдыры биыл 24 шілдеде Шығыс Қазақстан облыстық ма­мандандырылған ауданаралық экономикалық сотында шешіле салды. Ал Семей тері-былғары комбинатының басшылығы мен жұмысшылары зауытты банкрот деп тануға  негіз жоқ деп санайды. Сол себепті  ШҚО сот алқасына ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 24 шілдедегі шешімін өзгерту туралы апелляциялық шағым берген-ді, бірақ шешім өзгеріссіз қалды. Енді миллиардтар жұмсалып жаңартылған зауыттың бар мүлкі тәркіленбек.    


Даму банкі дамыта алмаған жоба

Семей тері-былғары комбинатының ба­­ғы ашылмай жүргеніне он жылдан асып кет­­ті. Бәрі де Қазақстан даму бан­­кі­нен алын­­ған займнан басталыпты. Мә­се­ленің мән-жайын білу үшін ком­би­нат­тың мен­шік иесі әрі бас директоры Жұмағазы Ра­хым­­ғалиевті сөзге тарттық.

– Банкрот деп танылған мекеме әдетте ме­таллоломға сатылады. Ал біздің зауытты қа­лайша темір-терсек ретінде сатуға болады? Се­бебі зауыт жұмыс істеп тұр, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Біз 2008 жылы Қазақстан Даму банкінен зауытты жаң­ғырту мақсатында 3,3 млрд теңге займ ал­дық. Шарт бойынша зауытты екі жылда жаңғыртып, іске қосып, 12 жылда қарыздан құтылуымыз керек едік. Бірақ банк бірінші жылы қаржы ау­да­рып тұрғанымен, екінші жылы қар­жы­ландыруды тоқтатып қойды. Егер банк 1,4 млрд теңгені уақытында ау­дар­ғанда сатып алған қондырғыларды іске қо­сып, жұмысты бастап жіберетін едік. Қон­дырғыларды алып келіп, орнатамыз деп жатқанда ақша бермей қойды да, биз­нес тұралап қалды. Салдарынан тиісті са­­лықтарды төлей алмадық, сөйтіп, есеп­шотымыз жабылды, – дейді зауыт басшысы.

Оның айтуынша, 2010 жылы банк ком­бинатты Қазақстан инвестициялық қо­­рына проблемалы кредит ретінде өт­кіз­­ген. Соған қарамастан, комбинат әупі­рім­деп жүріп ме­кеме мен мамандарды сақтап келеді.

– Аяқкиім фабрикаларымен шартымыз бар, соларға тері жинап өткізіп, күнімізді көріп отырмыз. Бірақ табысымыз салық тө­леуге жетпейді. Семей мемлекеттік кі­ріс­тер басқармасы 65 млн теңге қарызды төлемегеніміз үшін сотқа берді. Біз кезінде айы­на бұдан да ірі көлемде салық төлеп отыр­ғанбыз. Егер зауыт толық қуатында жұ­мыс істесе, айына 120 млн теңге салық тө­лей аламыз, – дейді.

Зауыт иесі зауытты жаңғыртуға өз қал­­тасынан банк берген ақшадан он есе көп қар­жы салғанын айтады. Ал банктің әу­ре­сінен кейін өзі мен әйелінің атындағы мү­ліктің бәрі банктің кепілінде жатыр.

 

Аяқкиім фабрикаларына қауіп төнеді

Еліміздегі Жеңiл өнеркәсiп кәсiпо­рын­дары қауымдастығының президенті Любовь Худова былғары зауыты жабы­ла­тын болса, онда еліміздегі аяқкиім фаб­­­рикаларының басына бұлт үйіріледі деп санайды. Сол себепті қауымдастық қыр­күйек айында Премьер-Министр Асқар Ма­минге Семей тері-былғары зауытына қа­тысты шешілмей келе жатқан мәселеге на­зар аударуды сұрап хат жолдапты.

– Комбинат тері шикізатын өңдеу са­па­сын көтеруге және жақсартуға мүмкіндік беретін заманауи үлгідегі Италияның тех­но­­логиялық қондырғыларын орнатты. Алай­да зауытты қалпына келтіру ке­зеңін­де Қазақстан Даму банкі жобаны қар­жыландыруды бірнеше рет тоқтатты. Банк кепілге қойылған мүлікті көбейтуді тал­ап етті, кепілге мүлік қойылғанымен, қар­­жыландыруды соңына дейін жүргізбеді, – дейді Любовь Николаевна.

Оның айтуынша, 2011 жылдан бе­рі кәсіпорынның есепшотына арест қойыл­ған, салдарынан зауыт жұмысына кедергі ке­ліп, кәсіпорын шығынмен жұмыс істей бас­таған. Семей тері-былғары зауытынсыз Қа­зақстанның тері және аяқкиім өнер­кә­сібін дамыту мүмкін емес, себебі бұл –
ең ірі заманауи зауыт. Комбинаттың бү­гінгі ахуалына қазақстандық 9 аяқ­киім фабрикасының жетекшілері де алаң­дап отыр. Олар Мемлекет басшысына Се­мей тері-былғары зауытының жұмысын жан­дандыру үшін жағдай жасау туралы өтініш жа­саған.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қыркүйектегі Жол-дауында бизнесті дамытуға кедергі кел­­тіру Қазақстан экономикасына жа­салған қылмыс болып сана­ла­ты­нын атап өтті. Мемлекет басшысы ши­кізаттық мен­талитеттен шығып, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуды жүктеді. Алайда тері-былғары зауы­тын­дағы бүгінгі жағдай керісінше б­ағыт алып отыр: тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды банкротқа алып келдік, – дейді қауымдастық президенті.

 

Инвестқордың не көздегені бар?

Қазақстан Даму банкі тері-был­ғары зауытын проблемалық жоба ре­тінде Қазақстан инвестициялық қо­рына өткізіп жібергенін жо­ғарыда айт­тық. Өз кезегімізде инвес­тициялық қор­ға хабарластық. Қор ұсынған дерек біз­ді таңғалдырды. Себебі Семей тері-былғары өңдеу зауытының қор ал­дындағы қарызы 4 519 млн теңге деп көрсетіліпті. Ал кешелі бері ақ­па­рат құралдарында комбинаттың қор­ға 2,3 млрд теңге қарыз екені ай­тылып жатыр. Мә­селені анықтау үшін комбинаттың басшысына қайта ха­барластық. Ол «Қор алдындағы қа­рызымыз 2,3 млрд теңге!» дегенді қа­дап айтты.

Қор ұсынған мәліметке сүйен­сек, 2010 жылы Қазақстан Даму бан­кі жобаны проблемалық деп та­­ныған соң, Шығыс Қазақстан об­­­лыстық сотының кассациялық со­ты комбинат пен комбинат иесі Ж.Рахымғалиевтен Банк пайдасына 4 554 130 987 теңге қарызды өндіріп алу туралы шешім қабылдаған. Ал 2013 жылы Банк қарызын талап ету құ­қын қор пайдасына берді. Сөйтіп, 2014 жылдың 28 шілдесінде Семей қа­лалық соты комбинаттан қарызды өн­діріп алу құқын банктен Қорға ауыс­тырды.

«Зауыттың Семей қаласының эко­номикасы үшін маңызын, зауыттың жалғыз меншік иесінің мүддесін ес­кере келе, Қор қалыптасқан күр­де­лі жағдайды шешу шараларын қа­­­былдады. Мәселен, 2014 жылы Қор мен зауыт арасына өзара ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат бойынша өн­дірісті кеңейтіп, зауыттың Қор ал­дындағы қарызын кезең-кезеңмен тө­леу көзделді. Алайда комбинат пен Ж.Рахымғалиев Меморандум шарт­тарын орындамады» делінген Қор ұсынған мәліметте.

2015 жылы Қор комбинат пен Ж.Ра­хымғалиевке көмектесу үшін ин­вестор тартпақ болады. Сөйтіп, «ЕуразияАгрохолдингі» Ж.Ра­хым­ғалиевпен бірге зауытты іске қо­су­ға ниет білдірген. Ж.Рахымғалиев бұл ұсыныстан бас тартқан.

2017 жылы Қор, комбинат жә­не Ж.Рахымғалиев қарызды қай­та құрылымдау туралы келісім жа­­­­сайды, бұл жолы да комбинат пен Ж.Рахымғалиев өз міндет­те­­­­ме­лерін орындамапты. Қыс­қа­сы, Инвестициялық қор жағ­дай­ды реттеудің түрлі амалын қа­­­растырғанымызбен, нәтиже бол­ма­ды деп отыр. Сөйтіп жүргенде Се­мей қалалық мемлекеттік кірістер бас­қармасы зауыттың салық қарызын төлемеуіне байланысты сотқа шағым түсіреді. Сот шағымданушы тарапты қанағаттандырып, комбинатты банкрот деп таныды. Енді комбинат активінен айырылып қалмауы үшін сотқа оңалту туралы бірнеше рет өті­нішпен шығады. Алайда өтініш қа­нағаттандырылмай келеді. Себебі сот отырыстарында зауыт оңалтудың нақ­ты мүмкіндігін растайтын құжаттарды ұсына алмаған дейді Қордың бас­па­сөз қызметі. Осы және өзге де се­беп­т­ерге байланысты сот отырысы бір­неше рет кейінге шегерілді. Биыл 11 қарашада өткен ШҚО сот алқасының отырысында ШҚО ма­мандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 24 шілдедегі шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Комбинат банкрот деп танылды.

Қазақстанның инвестициялық қо­ры «комбинаттың маңызы мен был­ғары өңдеу өндірісін дамытудың қа­жеттілігін ескеріп, мүлікті өз мен­шігіне қабылдап алғаннан кейін банкроттық процедура шеңберінде ар­найы стратегиялық инвестор тартып, кәсіпорынды сауықтырып, жұмыс орындарын құрып, ком­бинатты сақ­тап қаламыз» деп отыр екен. Оңал­ту және банкроттық туралы заң­ға сәйкес, банкрот деп танылған су­бъектінің мүліктері сатылады. Сонда Қор комбинатты инвестор тартып да­мытуға қай кезде үлгермек екені тү­сініксіз.

 

200 адам жұмыссыз қала ма?

Бұл мәселеде біз түсінбейтін бір жағ­дай: сырттан қарағанда комбинат үшін тартыс жүріп жатқандай кө­ріне­ді. Комбинаттың қожайыны өз меншігін ешкімге бергісі жоқ, тек банкрот деп танымаса болды, мә­­селені шеше аламын дейді. Қа­зақ­станның инвестициялық қоры да комбинаттың жабылғанын біз де қаламаймыз, сондықтан Қа­зақ­стан Даму банкінен бізге өткен ком­бинаттың проблемасын шешуге мүд­деліміз дейді. Екі тарап осылай деп жатқанда үшінші жақтан Семей қа­лалық мемлекеттік кірістер бас­қар­масы келіп бәрін «бүлдірді» де жіберді. Бас­қарма қатесін түсінді ме, әлде сол өңірдегі елдің жағдайын ойлады ма, әй­теуір, соттан шағымын қайтарып алу­ға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ сот оны назарға алмады, сөйтіп, ком­бинатты банкрот деп таныды. Бұл жер­де Қазақстанның инвестициялық қо­рының асығы алшысынан түсіп тұр.

Ал зауытта көп жыл еңбек еткен жұ­мысшылар не дейді? Зауытта 14 жыл­дан бері шебер болып еңбек етіп ке­ле жатқан Гүлжан Назированың айтуын­ша, тері зауыты 4 жыл бойы қал­пына келтіріліп жатқанда да жұ­мысшылар жұмыссыз қалған емес.

– Мұнда есту және сөйлеу қа­бі­ле­тінен айырылғандар жұмыс істейді. Енді зауыт жабылса, олардың күні не болады? Бізді құдды бір қоқыс секілді далаға лақтыра салмақшы. Біз қайда барамыз? Бәрінің бала-шағасы бар, 200-ге жуық адам жұмыссыз қала ма? – дейді ол.

Зауыттағы Италиядан жеткізілген те­рі өңдеуші барабанның біреуі 38 млн теңге тұрады екен. Ал зауытта он­дай бірнеше барабан тұр. Зауыт тех­нологы Гүлнәр Димұхаметованың айтуынша, ол барабандар жұмыс істеп тұрмаса, тот басып түкке жарамай қа­лады.

Ал комбинат директоры Жұма­ға­зы Рахымғалиев сот банкрот деп жариялаған кәсіпорынның жаб­дық­тары мен жатақханасымен қатар, Ертіс өзені бойындағы қалдық суды та­залайтын кешен де тәркіленеді. Со­ның кесірінен бүкіл аудандағы қал­дық су Ертіске кетпек. Өйткені Се­мейдің оң жағалауын тазартатын әл­гі құрылғы бір күн тоқтап қалса та­биғи апат болады.

 

Соңғы үміт – Жоғарғы сотта

Жұмағазы Нұрбазарұлының ай­туын­ша, банкке жаңа басшы кел­ген­нен кейін-ақ зауыт басына бұлт үйіріле бас­таған. Зауыттан үлес алғысы келе­тінін емеурінмен білдіргендер ойлары жүзеге аспаған соң, кәсіпорын жұмы­сы­на кедергі келтіре бастаған, әуелі қар­жыландыруды тоқтатыпты. Бұл мә­селені шешу үшін зауыт басшысы шет­елдік инвестор табады. Семей аяқ­киім фабрикасына 30 млн дол­лар құюға дайын түрік-ағылшын фир­масымен шарт жасауға банк келісім бер­мей қояды. Түрлі сылтау айтып, ақыл­ға сыймайтын құжаттар сұрата бер­ген соң, инвестор елден безіп ке­тіпті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі комбинатқа келгенде тері-былғары зауытының елдің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуы үшін аса қажет еке­нін айтқан екен. Енді Жұмағазы Ра­хымғалиев қалай да комбинатты сақ­тап қалудың қамымен жүр.

– Президенттің тапсырмасы бойын­ша Роман Скляр біздің мә­се­лемізді қарап жиын өткізді. Сот өтінішімізді қанағаттандырса, жағдай оңалады деп үміттендік. Инвесторлар қазірдің өзінде 1 млрд 200 млн теңге салуға дайын отыр. Егер сот оң шешім шығарғанда 5 жылда барлық мәселені шешуді жоспарлап қойып едік. Әлі де үміт үзген жоқпыз. Біз Үкіметтен бір тиын сұрап отырған жоқпыз. Біз­де инвестор бар, мамандарымыз бар, тек банкрот етпесе болды. Соны ғана сұрап отырмыз. Бізді облыс бас­шы­лығы, сала министрлігі, қауым­дас­тықтар, қоғамдық бірлестіктер, тіп­ті депутаттар да қолдап, құзырлы орындарға хат жазды. Себебі ком­би­нат Семейдің үш шағынауданын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан зауытты сақтап қалу өте маңызды, – дейді комбинаттың бас директоры.

Бұл мәселенің алдағы уақытта қа­лай шешілетіні Жоғарғы соттың ше­шіміне байланысты болмақ. Ғасырдан астам тарихы бар, жарты қаланы жұмыспен қамтып отырған зауыттың болашағы бұлыңғыр тартпаса екен...


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ