Тікұшақ тағдырын тыйым шешеді
Тікұшақ тағдырын тыйым шешеді
234
оқылды

Ел Үкіметі «тікұшақ моно­по­лиясын» енгізбек. Осы мақ­сатта Қазақстан, тіпті Еу­разиялық экономикалық одақтағы «ұлттық ре­­жимнен алып тастау» құқығына жү­гінуде. Қарапайым тілмен айт­қанда, алда мемлекетке шетелдік тікұшақты сатып алуға тыйым салынады.

Бірден айталық, Индустрия және инф­рақұрылымдық даму ми­­нистрлігі әзір­леген, «Ұлттық ре­жимнен алып тас­тауды бекіту ту­ралы» деп аталған Үкі­мет қау­лы­сы­ның жобасында «тыйым салу» деген бір сөз жоқ. Бі­рақ оның бап­тары соған бастайды.

Мәселен, онда бұдан былай мем­­ле­кеттік сатып алуға тек Қа­зақ­стан­ның «Индуст­риялық серти­фикаты» бар заңды тұл­­ғасы өндірген тауарлар ға­на қа­тыса ала­­тыны көрсетілген. Осы сертификат тек отандық кә­сіп­о­рын­дарға ғана бері­леді.

Үкімет қаулысы тендер жеңім­па­зы­нан тауар жеткізу кезінде тауар­дың CT-KZ нысанына сәй­кес­тігі туралы сер­тификатты мін­дет­ті түрде та­лап етуді бе­кітеді. Ал бұл сер­ти­фи­катты тағы да тек қа­­зақ­стан­дық кә­­­сіпорындар ие­ленеді.

Тиісінше, егер шетелдік, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз тікұшақтарын республикамызға өткізгісі келсе, қазақ жерінде өн­діріс орнын ашып, осы әуе кө­лігін бізде құрастыра бастауы шарт. Әзірше бұл қаулы отандық жалғыз кәсіпорынның мүддесін діттейтінге ұқсайды.

 

«Ми» монополиясы

Нарықтық экономикада бә­секелестік орта қасиетті ұғым са­налады. Алайда шенеуніктер саланың монополияланатынын жасырмайды.

Премьер-Министр Асқар Маминге арналған түсіндірме жазбада Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігі бұл ішкі нарықты қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін қажет екенін айтады.

Оның үстіне, 2019 жылғы 8 сәуірде және ізінше 2 мамырда Үкімет басшысының өзі 2019 –2020 жылдары Қазақстанда өн­­дірілген тікұшақтарды сатып алу мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырма беріпті.

Түсіндірме жазбада айтыл­ғандай, Үкімет қаулысының жо­басы салмағы 2 тоннадан асатын шетелдік ұшу аппараттарын, яғни тікұшақтарды мемлекеттік сатып алуға жіберуді 2 жыл мерзімге шектеуді көздейді.

– Қаулы жобасы ішкі нарықты қорғау, елдің қорғанысын және мемлекеттің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, отандық тауар өндіру­шілерді қолдау және өңдеу сала­сындағы кәсіпорындар өндірісінің көлемін ұлғайту мақсатында қа­был­данады. Ол салмағы 2 000 ке­ліден асатын тікұшақтардың отан­дық өндірісін дамытуды ын­таландырады, – дейді министр Бейбіт Атамқұлов.

Осы шектеуді енгізуден нендей нәтиже күтіледі?

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, 2026 жылға қарай Қазақстанның мемлекеттік және азаматтық авиациясы кәсіп­орын­дары жаппай елімізде құ­рас­­тырылған Ми-8АМТ және Ми-171Е заманауи тік­ұшақ­тармен жасақталып шығатын болады.

Осы мақсатта аталған маркалы әуе көліктерінің 17-сін сатып алу көзделіп отыр.

«Қазавиақұтқару» АҚ Дамыту бағдарламасы аясын­да, дәл осы тікұшақтармен қам­та­ма­сыз етіл­мек. Әйтпесе, бүгінде еу­­ро­палық үлгідегі EC 145 тікұшақ­­­та­­рын пай­да­л­анатыны мәлім.

 

Шектеу кімді шалқытады?

Жалпы, Қазақстанда ресейлік тікұшақтар мен олардың мо­дификациялары өндірісін өр­кен­дету жайында екі ел 2015 жыл­ғы 15 қазанда Владимир Путиннің елімізге мемлекеттік са­­пары кезінде уағдаласқан. Сонда Үкіметке осы бағытта тиісті тапсырма жүктелді.

Бірақ солтүстік держава құпия технологияларын бізге толық та­быстауға бармайды. Сондықтан әзірше тек отандық тікұшақты жасау емес, құрастыру жайында ғана сөз болуда.

Министрліктің ақпарына сай, алдымен «Ресей Федерациясынан 17 тікұшақ жиынтықтары (вер­то­­летокомплект) импорт­та­ла­ды». Содан кейін олар Қа­зақ­­­стан аумағында жиналып, құ­рас­­­ты­рылады және республи­ка­ның осы өнімге мұқтаж мемор­гандарына сатылады.

Белгілі болғанындай, аты отан­дық, тегі ресейлік Ми тікұшақ­тарының 17 бірлігі бюджетке 180 миллиард теңгеге түспек.

Соның ішінде алғашқы легіне кіретін 8 тікұшақ үшін мемлекетке 70,7 миллиард теңге төлеуге тура келеді. Бұл ретте орташа есеппен әрбір тікұшақ құны 8 миллиард 837,5 млн теңгеге жетеді.

Алайда көрсеткіштер мен мәліметтер тізбесінде Ми-8АМТ және Ми-171Е типті 1 тікұшақ жасау үшін 7,09 миллиард теңге ғана шығын кететіні көрсетілген. Жалпы, Ми маркалы дәл осы әуе көліктерін 8,26 млрд теңгеден са­тып алуға болатын көрінеді.

Ресей осы арқылы кейінгі жыл­­дары әлемдік қорғаныс тап­сырыстарынан қағыла бастаған зауыттарының өндірістік қуат­ты­лықтарын жүктемек.

Бірақ Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму ми­нис­тр­­лігі бұдан Қазақстан да ұта­ты­­нына назар аудартады. Тік­ұшақ жиынтықтары көршіде жасал­ғанымен, оны құрастыру ке­зін­де отандық кәсіпорын 3%-дан ша­малы асатын үлесіне ие болмақ.

Бұған қоса, Алматы халы­қа­­­­ра­лық әуежайы жанында ор­на­ласқан, алда дәл осы тік­ұшақтарды құрастыратын «№405 Авиажөндеу зауыты» АҚ құрастыру өндірісін дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағ­дар­­ламасын қабылдапты. Оның ая­сында екі жыл ішінде зауыт 512 млн теңге инвестиция сал­мақ. Әзірше, 2018 жылдың қоры­тын­дысында бар-жоғы 23,8 млн теңге құйған.

Жауапты ведомство тікұшақ­тарды құрастыру өндірісінің өзі «ғылымды қажетсінетін және жо­ғары технологиялық үдеріс» еке­нін және кәсіпорыннан «жо­ға­ры біліктілікті, ресурстарды, қа­ражат пен уақыт шығындарын талап ететінін» жеткізді.

Сол себепті шетелден тікұшақ алуға шектеу кем дегенде екі жылға енгізілмек. Осы арқылы «№405 Авиажөндеу зауытына» жинайтын өнімінің ішкі нарықта тұрақты сатылымы кепілдендіріледі.

«Қазақстан аумағында Ми-8АМТ және Ми-171Е тікұшақ­тарын шығаруға қабілеті жалғыз кәсіпорын ғана бар, ол – «405 АЖЗ» АҚ. Егер отандық кәсіпорында ұқсас өнім шығаратын шетелдік кәсіпорындармен бірдей жағдайға қойылса, бұл баға демпингімен байланысты белгілі бір тәуекелдер тудырады. Осылайша, елдің қор­ғаныс қабілетін және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отан­дық тауар өндірушілерді қолдау және қорғаныс өнеркәсібін да­мыту мақсатында аталған шектеу шаралары қажет» деп ашық айтады министрлік.

Меморган зауыттың бірінші сыныпты тікұшақтарды құрастыру үшін қажетті өндірістік, техно­логиялық және кадрлық ресурс­тарға және әлеуетке ие екеніне сенімді.

Жалпы, бұл кәсіпорын 1939 жылы «Авиажөндеу шеберханасы» атауымен құрылған. Бірақ со­дан бері ешқашан әуе көлігін жасамаған көрінеді. Тек оларға қызмет көрсетумен, күрделі жөн­деу жүргізумен, ары кетсе, мо­дер­низациялаумен айналысқан. Енді ресейлік шашылған тікұшақты «отверткамен» жинаумен шектеле ме, әлде болашақта нағыз отандық тікұшақтар жасауды жолға қоя ма, ол жағы белгісіз. Өйткені оның 2 жылдық бағдарламасы ая­сындағы жарты млрд теңгедей ғана инвестициясы әрине, қа­зақстандық тікұшақ ойлап табуға және жасап шығуға жетпейді.

«АРЗ 405» зауытының қол­даныстағы өндірістік қуаттылығы жылына 12 тікұшақты құрастыруға жететіні белгілі болды.

Қалай десек те, мемлекет осын­дай шектеуге баруға бел буды. Меморгандар Қазақстанның соғыс қабілетін, қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету, сондай-ақ өзге көлік түрі жетуі қиын қиян­дағы мекендер тұрғындарына шұ­ғыл медициналық көмек көрсету үшін керек тікұшақтарды бұдан былай тек жалғыз зауыттан алуға мәжбүр болмақ.

Егер мемлекет осы тыйымның игілігін тек жалғыз зауытқа басы­байлы қанжығалатпай, өзге ин­весторларға да ұсынар болса, бұл сала бірте-бірте өркен жаюы да мүмкін.

Мәселен, Airbus француз-неміс компаниясы Helicopters Н-145М әскери тікұшақтарын құрастыруды Қазақстанда жолға қоюға ынта білдірді. Батыстық кәсіпорын өз өндірісін «Еурокоптер Қа­зақ­стан инжиниринг» ЖШС ба­за­сын­да ашуды жоспарлауда. Airbus Helicopters бүкіл Орталық Азияға арналған, осы сыныптағы тік­ұшақтарға сервистік қызмет көрсету орталығын да бізде құруға ниетті.

Әзірге «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» зауыты еуропалық типтегі EC145, H130, H125 тік­ұшақтарын құрастырумен шұғыл­данады. Қазақстанда олардың шамамен 30-ы ұшып жүр. Бірақ жаңа шектеу бұл еуропалық өнім­дерге емес, негізінен Ресейдің Милеріне бағдарлануда.