Сарапшылар Қазақстанда жетекші маман тапшылығын болжап отыр
Сарапшылар Қазақстанда жетекші маман тапшылығын болжап отыр
363
оқылды

2025 жылға қарай Қазақстанда халық санының 19,8 млн-ға дейін артуы болжануда, оның ішінде жұмыс күші 9,8 млн адамды құрайтын болады. Бұл ретте, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (бұдан әрі – ЕРДО) сарапшыларының болжамы бойынша республикада қызметтің кейбір бағыттары бойынша орта және жоғары білікті басшылар мен мамандардың тапшылығы болады.

Осылайша, орта білікті операторлардың (227 мың адам), сондай-ақ қызмет көрсету және сауда-саттық саласындағы жұмысшылардың (210 мың адам) тапшылығы күтілуде. Жоғары деңгейлі мамандар арасында тапшылық ақпараттық және коммуникациялық, кәсіби, ғылыми-техникалық қызмет және білім беру технологиялық өсудің негізгі салаларына әсер етеді деп болжанып отыр.

Бизнес пен кәсіпкерліктің жоспарлы өсуіне байланысты басшыларға сұраныстың артуы күтілуде. 2025 жылға қарай басшы лауазымдарындағы мамандардың тапшылығы шамамен 93 мың адамды құрайды, оның 50 мыңға жуығы шағын және орта бизнес үлесінде болады.

Бұдан басқа, салаларды технологиялық жаңғыртуға және экономиканы цифрландыруға байланысты кәсіптік білім беруді талап етпейтін біліктілігі төмен жұмыс орындарының 31%-ға (530 мың жұмыс орнына) қысқаруы күтілуде. Осыған байланысты шамамен білікті емес жұмыс күшінің 424 мың адамғаартық болу мәселесі туындайды.

Сондай-ақ, жоғары және орта деңгейдегі мамандар (341 мың адам) мен ауыл шаруашылығындағы кадрлар (238 мың адам), фермерлер мен ауыл шаруашылығының жұмысшылары, сондай-ақ білікті емес жұмысшылар артық болады.

Әртүрлі салаларда мамандардың болжамды жетіспеушілігі мен артық болуын ескере отырып, экономиканы сапалы жұмыс күшімен қамтамасыз ету және оның өсуін сақтау үшін жұмыс күшінің барлық санаттарының дағдылары мен құзыреттерін дамыту қажет.

Жұмыс күшінің қатарын толықтыруға тиіс жастардың дағдылары мен құзыреттіліктерін дамыту үшін мансаптық бағдарлау жүйесін дамыту және жетілдіру қажет, соның нәтижесінде студенттерге болашақ мамандықтары туралы шешім қабылдау және тиісті білім беру жолын таңдау жеңіл болады.

«Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту білім беру жүйесінің оқыту курстарының мазмұнын жұмыс берушілердің талаптарымен барынша тиімді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондықтан да осы жүйені одан әрі тез дамыту қажет», – деді ЕРДОӘлеуметтік-еңбек саласының жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Жұманбаев.

Алайда, оқыту мәселесі көп жағдайда қызмет істеп жатқан жұмыс күшіне де қатысты. Жалдамалы қызметкерлердің дағдылары мен құзыреттерін дамыту үшін жұмыс берушілерді, қызметкерлердің өздерін және білім беру ұйымдарын тарта отырып, үздіксіз оқыту жүйесін дамыту және алға қарай жылжыту қажет.

«Бүгінде Қазақстанда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талдауы бойынша, жеке сектордағы жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне оқытуды белсенді түрде ұсынбайды. Мәселен, 2017 жылы жұмыс берушілердің тек 28%-ы өз қызметкерлерін оқытуды ұсынған. Жалпы, жыл сайын Қазақстандағы қызметкерлердің тек 3,4% -ы біліктілікті арттыру, қайта даярлау немесе біліктілігін арттыру курстарынан өтеді», – деді Ерасыл Жұманбаев.

Сонымен қатар республикада өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтар біліктілігінің атқаратын лауазымдарына сәйкессіздігі байқалады. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 42%-ның (882 мың адам) кәсіптік білімі жоқ. Бұл ретте олардың төрттен бір бөлігін орта және жоғары біліктілікті талап ететін жұмыс орындары құрайды.

Жоғары білімі бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 22%-ғатең. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тек 9%-ы жоғары білікті жұмыс орындарында жұмыс істейді, ал жоғары білімі бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының қалған 13%-ы орта және біліктілігі төмен жұмыс орындарында. Бұл бар дағдылар мен білімнің ұтымсыз пайдаланылғанын білдіреді.

Сонымен қатар, жұмыссыздар арасында 30%-ның ғана кәсіби білімі жоқ.

«Халықтың осы топтарының әрқайсысына жұмысқа өзіндік көзқарас қажет. Өйткені, білім деңгейіне, жұмыс тәжірибесіне және жасына байланысты олардың қажеттіліктері, мүмкіндіктері мен проблемалық бағыттары әртүрлі», – деді ЕРДО Еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Мысалы, кәсіптік білімі бар 15-34 жас аралығындағы жастарға олардың біліктіліктеріне сәйкес жұмысқа орналасуға көмек немесе сапалы жұмыспен қамтылу үшін осы дағдыларды кеңейтуге мүмкіндік қажет.

35-64 жастағы азаматтарға жұмыс күшінің құрамына қайта енуі үшін біліктілікті арттыру және қайта даярлау бағдарламалары қажет.

Ал кәсіптік білімі жоқ адамдар үшін орта немесе жоғары біліктілік алу үшін қолдау қажет.

«Еңбек ресурстарының сапасын арттыру бойынша міндеттерді іске асыру үздіксіз дайындық жүйесін құруды көздейді, оның негізгі элементі – оқу орталықтары мен білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жұмыс орнында өндірістен қол үзіп және қол үзбей жүзеге асырылуы мүмкін қысқа мерзімді курстарда ересек халықты кәсіптік оқыту және қайта оқыту болып табылады», – деп қортындылады Ерасыл Жұманбаев.

Ересек тұрғындар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жолымен даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру мүмкіндігі едәуір дәрежеде сапалы және ақылы жұмысқа қол жеткізуге және халықтың нақты табысын арттыруға ықпал етеді.