Сайлаушылардың 72,3% Nur Otan партиясына дауыс беруге дайын
Сайлаушылардың 72,3% Nur Otan партиясына дауыс беруге дайын
253
оқылды

Еуразиялық интеграция институты 2020 жылғы 20 қазаннан 5 қараша аралығында сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді.

Зерттеумен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық 14 облыстың тұрғындары – жалпы саны 2400 респондент қамтылған. «Біздің соңғы өлшеуіміздің деректеріне сәйкес, парламенттік сайлауға сайлаушылардың 54,8%-ы баруға дайын отыр. Бұл көрсеткіш біздің күткеніміздей болды, себебі, халықты президенттік сайлау көбірек қызықтырады. Саяси белсенділік азаматтардың жасына қарай әртүрлі болып келеді. Мысалы, 61 жастан егделерде – 61,2%, 46-60 жастағыларда – 59,3%, 30-45 жастағыларда – 56,6%, 18-29 жастағыларда – 42,4%. Бұл ретте ауылдық (37,9%) жастарға қарағанда қалалық (44%) жастар белсендірек», – деді институт сарапшылары. Зерттеу қорытындысында халықты көбірек алаңдататын 5 көкейкесті мұқтаждық-мәселе анықталды. Үкімет соларды шешуге бірінші кезекте көңіл бөлгені жөн. Рейтингте бірінші орынға әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қорғау мәселелері (50,7%) шығыпты. Екінші орында – медицина сапасын арттыру (38,6%) тұр. Үшіншісі – жастарды жұмысқа орналастыру (38,1%), төртіншісі – балаларды қорғау (29,3%), бесіншісі – елдің азық-түліктік қауіпсіздігі (24,7%). Яғни, қазақстандықтарды саяси емес, әлеуметтік сипаттағы мәселелелер көбірек алаңдататыны аңғарылады. Сарапшылар сайлауалды бағдарламаларында және үгіт-насихатында халықтың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін өтеуге екпін түсіретін партиялар бұқараның көбірек қолдауына ие болады деп болжап отыр. Сауалнама кезінде азаматтардан: «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, партиялардың қайсысына өз дауысыңызды берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Сайлаушылар Сонда сұрауға қатысқан Қазақстан халқының басым көпшілігінің таңдауы көшбасшы партияға түсіпті. Нақтылай кетсек, 72,3%-ы Nur Otan-ға дауыс беруге бекінген. Ал «Ауылды» – 3,3%-ы, «Ақ жолды» – 3,2%-ы, ҚХП-ны – 2%, ЖСДП-ны – 1,6%-ы, Adal-ды – 1,4%-ы жақтады. Зерттеу «Бірлік» және ҚХКП партиялары ребрендинг жасап, атауын өзгерткенге дейін өткізілгендіктен, анкетада олардың ескі атаулары қолданылды. Респонденттердің 16 пайыздан астамы әзірге қай партияны қолдайтыны жөнінде айқындалмапты. Саяси партиялар да негізінен осы кісілердің дауыстарын иеленуге тырысады.