Министр тұрғындардың мәселесімен танысты
Министр тұрғындардың мәселесімен танысты
255
оқылды

Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, тікелей жауап беру үшін, Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келді.

Еліміздің бас экологына алдымен Ақмола облысына қарасты ауыл тұрғындары шағымын жеткізді. Жақсы ауылынан келген Мақажан Байкенов, Кәмиля Мұғалова мен Юлия Шарафутдинова елдімекен іргесінен марганец кенін өндіру жұмыстарын бастамақ болып отырған кәсіпорынның жұмысына қарсылығын білдірді. Ауыл тұрғындары ашық су көздерін пайдаланатындықтан, кен орнында пайда болған барлық жер асты және жуын-шашын сулары жиналып Белағаш өзеніне құяды деп алаңдайды. 

– Біз осы өзеннің суын пайдаланып отырмыз. Ауылымыз кен қазбақ болып отырған жерден төменде орналасқан. Ал марганецтің өте улы екені белгілі. Табиғатта маргнец жеке кездеспейтінін, онымен бірге қосымша мышьяк, сынап сияқты ауыр металлдардың міндетті түрде қатар жүретінін ескерсек, ауыл халқының алаңдаушылығы негізсіз емес. Біз бірауыздан қарсы болғанымызбен, кен өндіруші кәсіпорынның өкілдері қулыққа басып отыр, - дейді Мақажан Байкенов.

Ақсақалдың айтуынша, «ТКС-Жақсылық» ЖШС өкілдері қоғамдық тыңдау өткені және тұрғындардың келісімі алынғаны туралы хаттама толтырған. Бірақ, тексеруден соң хаттамаға қол қойған 11 адамның 9-ы Жақсы ауылының емес, Павлодар облысының тұрғындары болып шыққан.

Ақмола облысына қарасты тағы бір ауылдың тұрғындары медициналық қалдықтарды өңдейтін зауыттың жұмысына шағымданды. Қайыржан Шөкеев, Базаркүл Жүнісова мен Көпей Бейсенова Ыбырай Алтынсарин ауылында тұратын 8 мың адамның атынан арыздана келіпті. Ауыл халқы медициналық қалдықтардың өңделмей, тек өртеліп жатқанына наразы. Бұл мәселені үш жылдан бері көтеріп келе жатқан тұрғындар бұған дейін облыс әкімшілігіне де шағымданған. Бірақ, ешқандай нәтиже шықпай, бүгінде ауыл халқы қолқаны қапқан иістен әбден шаршағандарын ашына жеткізді. 

– Заң бойынша зауыттың арнайы сүзгісі болуы керек. Мұнда ешқандай сүзгі жоқ. Қойылған пештері заман талабына сай емес, кейде жерге жағады. Тонналап машинамен қалдық әкеледі, – дейді Қайыржан Шөкеев. 

Тұрғындарды тыңдаған министр бұл мәселелер бойынша екі ауылға да осы аптада арнайы комиссия жіберілетінін, барлығын тексеріп, жағдайды өз бақылауында ұстайтынын жеткізді. 

Бұдан өзге бас экологқа Алматы, Шымкент, Қарағанды қалалары мен Батыс және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары шағымдары мен ұсыныстарын жеткізді.

Мәселен, бейнебайланыс арқылы тікелей байланысқа шыққан Алматы қаласының тұрғындары Құрал Камалов пен Совет Данияров ауаны тазарту туралы ұсынысымен бөлісті. Олар автокөліктен шығатын зиянды түтінді орта есеппен 30%-ға төмендету және қала қазандықтарының мазутты жағу кезіндегі қалдықтарын 30-25 дин/см-ден 18-20 дин/см-ге дейін, сонымен қатар бензин мен дизель отынын 15-тен  18 дин/см-ге дейін азайту технологиялары арқылы жүзеге асыруға болады дейді.

Ал Батыс Қазақстан облысынан хабарласқан Айболат Шамұратұлы тұрмыстық қалдықтарды бөлу және тапсыру мәселелері бойынша министрге өтінішін білдірді. Ол қалдықтарды тек Шымкент пен Алматы қаласына тасымалдау қиын екенін, Ресей Федерациясына тасымалдауға тыйым салынғанын тілге тиек етті. 

Қарағандылық Марғұлан Хамиев «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының Қарағанды филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасының құрметті экологы бірнеше жыл бойы ГМО-ның (генетикалық түрлендірілген организм) қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсерін зерттеп келеді. Қабылдау барысында белгілі профессор Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі туралы бірқатар ұсынысы мен кеңесін ортаға салды. 

Азаматтардың өтінішін толық тыңдаған министр Мағзұм Мырзағалиев қабылдауда айтылған өтініштер мен ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын, әр мәселе бойынша тиісті орындарға тапсырма берілетінін жеткізді. Ал көкейлерінде жүрген сұрақтарына мардымды жауап алған азаматтар, алдағы уақытта түйткілді тірліктерінің түйіні шешіледі деген үмітте.