145-тен аса мемлекеттің елшісін қызықтырған Елбасы лекцияларының құпиясы неде?
145-тен аса мемлекеттің елшісін қызықтырған Елбасы лекцияларының құпиясы неде?
345
оқылды

Елбасы өзінің көптеген ең ірі жаһандық бастамаларын шетелдік беделді ЖОО-лардағы лекциясы кезінде жариялаған екен.

Бұл мақсатқа неге дәрістер таңдалды? Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеялары неге батысты дүрліктірді? Н.Назарбаевты көреген, ақылды әрі әккі саясаткер еткен не? «Хабар» арнасы «Говорит Назарбаев» деректі фильмінде осы және басқа сауалдарға жауап іздеді. Өткен ғасыр соңында қазақ елінің көшбасшысы шетелдік жастар мен профессорлар алдында дәріс оқуды – тәуелсіз Қазақстанның қадамдары мен реформаларының, сондай-ақ жаһандық идеяларының халықаралық аренадағы тұсаукесері есебінде пайдалана бастады. Ол шетелдік сапарлары аясында өзге мемлекеттер басшыларымен келіссөздері сыртында, оның ірі ғылыми ордаларында, шәкірттер мен ғылыми қауымдастық алдында сөз сөйлеу мүмкіндігін қалт жібермеді. Бұл не үшін керек еді? Өйткені дәріс оқу әдетте, ғалымдардың, сарапшылардың, бұрынғы президенттердің еншісіндегі іс саналатын. Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі (1991–1994), мемлекет қайраткері Төлеутай Сүлейменов мұның астарлы ақиқаты барын айтады. – Лекция дегеніміз – бейтарап алаң. Оның үстіне кез келген университет – ірі ойларды қапысыз түсіне алатын саналы, білімді аудитория. Елбасы осы алаңды барлық жерде мемлекеттік мүдде жолында толыққанды қажетке жаратты. Қазақстан деген не? Онда не болғалы жатыр? Ел не қалайды? Осыны Нұрсұлтан Әбішұлы ғылыми-профессорлық қауымдастық пен болашақ мамандарға түсіндіріп отырды. Ол жерде, студенттер арасында болашақ басқарушылар, элита отыр. Онда атағы зор, сөзі өтімді, келешекті болжай білетін ғалымдар, академиктер, Нобель лауреаттары отыр. Демек, бұл дәрістердің маңызы зор, олар болашаққа бағдарланған, – дейді Төлеутай Ысқақұлы. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алғашқы дәрістерінің бірін 1994 жылдың 16 ақпанында, Америкаға 2-ші сапары аясында Нью-Йорктегі тарихы терең, беделі зор Колумбия университетінде оқыды. АҚШ-тың негізін қалаған 7 тұлғаның үшеуі, кейінгі 3 президенті және өзге мемлекеттердің басшылары соны бітірген. Айтқандай, Елбасының сол сапары қорытындысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы демократиялық серіктестік туралы хартияға қол қойылды. Бұл құжат екі елдің стратегиялық әріптестігінің іргесін қалады. – Колумбия университетіндегі дәрісінде Н.Назарбаев Орталық Азия мемлекеттерінің айрықша геосаяси рөлі барын атап өтті. Оның байламынша, ғаламшардағы ең ірі континенттің ортасында орналасқан бұл мемлекеттер Еуропаның да, Азияның да халықаралық ұйымдарына, қаржылық институттарына кіруге мүмкіндігі бар, – дейді Қазақстанның Испания Корольдігіндегі және Андорра Князьдігіндегі елшісі қызметін қоса атқарушы Константин Жигалов. Еліміздің бұрынғы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов дәрістің тақырыбына «Бейбітшілік. Даму. Демократия» атты үштаған арқау болғанын еске түсірді. – Осы арқылы жас Қазақстанның лидері республиканың өркендеу жолында қандай құндылықтарға иек артатынын аңғартты. Елбасы өзінің стратегиялық жоспарларында да осыны негізге алды, – дейді ол. Лекция үлкен аншлагпен өткен. АҚШ-тың жоғарғы ғылыми элитасы жас қазақ мемлекеті туралы көп айтып, тереңірек зерттей бастады. Сол кездің өзінде Семей полигонын жапқан және яролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан бірінші лидер әрі бітімгер ретінде әлемге танылып үлгерген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Колумбия университетіндегі дәрісінде тек ядролық қарусыздану тақырыбымен шектеліп қалмады. Ол бүкіл Азияны біріктіретін бірлестік – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру идеясын, ТМД ұйымы миссиясын түсіндірді. Лекция Елбасы ізінше, қырық күн өткенде Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісінде Еуразиялық экономикалық одақ құру жобасын ұсынады. Дегенмен, өз аймағымыздағы елдер арасында Кеңес Одағымен бірге күйреген экономикалық-шаруашылық мығым байланыстарды қалпына келтіру, яғни Еуразиялық бірлестік туралы пікірін ол дәл осы Колумбия университетінде айтыпты. «Менің ойымша, Н.Назарбаев осы идеясының алдымен өзге жерде не кейінгі қатарлы бір елде емес, тура Америка Құрама Штаттарында мәлімделгенін қалады», – дейді Төлеутай Сүлейменов. ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов бұл ойды растады: «себебі, сол кездің өзінде АҚШ әлемдегі сөзсіз көшбасшы болатын». Ақыры, 1994 жылғы 29 наурызда Ресейдің ең ірі ғылым ордасының бірі – ММУ қабырғасында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын жариялады. Бұл жаңалық сенсацияға айналып, әлемге тез тарады. Кеңестің ең ірі ядролық полигонының үнін өшірген, Батысты үрейлендіретін ядролық оқтұмсықтарды жойған, жаһандық алып атом арсеналынан бас тартқан, АҚШ-пен стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойған лидердің кенет КСРО орнында жаңа одақ құруға неге ниеттенгенін Батыс түсіне алмады. Сезікпен қабылдады. Сол кезде елшіміз ретінде Мәскеуде болған Тайыр Мансұров әлемдегі барлық елдің дипмиссияларының жетекшілері сол күндері Қазақстан елшілігіне «кезекке тұрғанын» еске алады. «Мәскеуде аккредиттелген 145-тен аса мемлекеттің барлық елшісі бізбен кездескісі, мұның қандай одақ екенін нақтылағысы келді. Өйткені елшілер бұл одаққа қатысты өз елінің басшылығын ақпараттандыруы керек еді. Біз барлық сауалдарға достық пейілмен жауап бердік», – дейді Еуразиялық даму орталығының бас директоры Тайыр Мансұров Ақыры 2014 жылдың 29 мамырында елордада Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Ұйым енді елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға қызмет етуде. https://www.youtube.com/watch?v=2sTB0GvBQ2Q&ab_channel=%D0%A5%D0%B0%D0%B1%D0%B0%D1%80NEWS