Елбасы Батыстың белді ғалымдарын тәнті етті
Елбасы Батыстың белді ғалымдарын тәнті етті
209
оқылды
Үш ғасырдай бостандық атаулыдан айырылған, әсіресе кейінгі 70 жылда қатал тоталитарлық режимде өмір сүрген Қазақстан Елбасының көшбасшылығы арқасында 3 онжылдық ішінде демократиялық мемлекет құра алды. Бұл жайында «Хабар» арнасы түсірген «Говорит Назарбаев» деректі фильмінде айтылады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ХХІ ғасырда шетелдік беделді ғылым ордаларында оқыған лекцияларының тақырыбы ХІХ ғасыр соңындағы лекцияларынан өзгешеленеді. Мысалы, 2012 жылғы 26 шілдеде Ұлыбританияның Кембридж университетінде студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамы алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің демократиялық және экономикалық дамуының кейбір қорытындылары мен жетістіктеріне тоқталды. Елбасы әлемнің қазіргі құрылымының мәселелеріне деген өз көзқарасымен бөлісті, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі және елді дамыту перспективалары туралы әңгімеледі. Тұңғыш Президент әлемді жайлаған дағдарыстың таралу жылдамдығы мен жаһандық экономикаға ауыр салдарына тоқтала келе, G8-ден G20-ға өтуді жеделдету, осы диалогты кеңейту қажеттігін атап айтты. Дәріс кезінде ол өзінің G-Global жобасын таныстырды.
–Өткен жылы мен G20 механизміне қосымша ретінде, халықаралық экономикалық саясатты қалыптастыру және жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер іздеу үшін G-Global елдер тобын құруды ұсындым. Бүгінде G-Global – «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы құрған халықаралық виртуалды алаң. Қазір G-Global-ға әлемнің 150-ге жуық елінен 10 мың қатысушы кіреді. Бастаманы Нобель сыйлығының 14 лауреаты, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, іскерлік және ғылыми қоғамдастықтар өкілдері қолдады. Біздің алдымызда тұрған қиын мәселелердің шешімін табу сарапшылардың мейлінше көптеп қатысуын қажет етеді. Кембридж университеті бұл үдерісте ерекше роль ойнай алар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кембридж университеті осыдан 8 ғасыр бұрын, 1209 жылы ірге көтерген. Ол өзін бітірген және өзінде жұмыс істеген Нобель лауреаттарының саны (130) жөнінен алдына қара салмайды. Н.Назарбаев оның қабырғасында сөз сөйлеген посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің бірінші лидеріне айналды. Ғылым ордасы демократиялық дамуда жетістікке жеткен көшбасшылардың сөзін тыңдауға ықыласты. Жалпы, екі ел арасындағы байланыс елімізде большевиктер билігі орнағанға дейін болған. Мысалы, Риддер мен Екібастұздағы кен орындарына ағылшын кәсіпкері әрі қаржыгері Лесли Уркварт төл «Орыс-Азия корпорациясы» арқылы иелік еткені мәлім. Оған тіпті АҚШ президенті Герберт Гувер те капиталын салыпты. Тиісті контрактіні 1922 жылы Кеңес өкіметі ұзартты. Кейін В.Лениннің нұсқауы бойынша бұл келісім жойылды. Бұдан бөлек, «Спасский мыс кеніштеріне» Англия парламентінің мүшесі Артур Фелл қожа болды. Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияның премьер-министрі лауазымын он жыл бойы атқарған, «темір ханым» атанған Маргарет Тэтчермен 1991 жылы Алматыда алғаш кездескені мәлім. Осы кезде тәуелсіз Қазақстан мен Ұлыбритания қарым-қатынасы қалыптаса бастады. Кейін М.Тэтчер өз естелігінде Н.Назарбаевты «біздің заманымыздың 5 ең ұлы саясаткерінің бірі» деп атады. Бүкіл батыс өркениетінің іргелі жоғарғы білімінің академиялық ұстыны саналатын Кембридж университетінің Елбасын тыңдауға құмартуының бір себебі де осында болса керек. Университет профессоры Сидхарт Саксена сол кездесуді ұйымдастырушылардың бірі болған.
–Тұңғыш Президенттеріңіз қасаң мәлімдемелермен не саяси риторикамен емес, емен-жарқын, еркін сөйледі, ашық дискуссияға шақырды. Ол демократия дегеніміз қасаң қалып еместігін, ол әлдебір инструкциямен жүре алмайтынын, демократия – ашық пікірталас пен диалог екенін, адамдардың, көшбасшылардың және ұрпақтардың эволюциясы екенін айтты. Назарбаевтың дәрісін тыңдаған біз Қазақстанның демократияға шын берілгенін білдік. 1991 жылы басталған бұл процесс әлі күнге жалғасуда. Елбасы мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты өз идеяарын нақты жеткізді. Ол бізден реформаларға қатысты баламалы идеяларды, сырттан көзқарасқа құрылған пікір-тұжырымдарды іздеді, – дейді Сидхарт Саксена.
Бүгінде ол Кембридждік Орталық Азия форумының төрағасы ретінде Қазақстандағы демократиялық жаңғыру үдерісін қадағалап жүр. Жылдар бойғы бақылауы мен бағалауын қорытындылай келе, ол «Н.Назарбаев 2012 жылғы айтқан идеяларын жай сөз күйінде қалдырмай, ізінше толыққанды әрі жоспарлы жүзеге асырды» деген ойға келіпті.
«Реформалар ешбір елге күйретуші, апаттық салдарлар әкелмеуі тиіс. Тұңғыш Президент дәріс кезінде соған екпін түсірді. Ғалым ретінде мен бұл байламды және тәсілдемені толық қолдаймын. Реформалар мұқият байыпталған, сарабдал, жүйелі болуы қажет. Оны іске асыруға жеткілікті уақыт та бөлінуі керек. Осы уақыт өте келе, біз Назарбаевтың бірізді, институционалдық реформалар жүргізгенін байқап отырмыз. Бертінде ол президенттік өкілеттіктердің үлкен бөлігін Үкімет пен Парламентке табыстады. Содан соң өзгелерге жол ашу үшін президенттік биліктен өз еркімен бас тартты», – деп түйді профессор Сидхарт Саксена.